«Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының жанында 2018-2019 оқу жылынан бері студент жастардың волонтерлік белсенділігін қалыптастырып, аймақтағы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Қоғамға қызмет» инновациялық, оқу-әдістемелік орталығы жұмыс істейді. 2019 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласына жұмыс сапары барысында орталықтың қызметімен танысып, оң бағасын берген болатын.
Орталықтың қызметі волонтерлік жұмыстың негізгі салалары бойынша қоғамдық әрекеттерді жүзеге асыруға бағытталған «Қоғамға қызмет» пәнінен теориялық және тәжірибелік дәріс берумен байланысты. Қазіргі уақытта студенттік жобалар келісімшарт негізінде 20-ға жуық қала мекемелерінде жүзеге асырылып, 2018-2019 оқу жылында 1200 студент, 2019-2020 оқу жылында 1570 студент дәріс алуда. Әлеуметтік, экологиялық, мәдени, спорт саласындағы волонтерлердің 200-ден астам жобасын жүзеге асырды.
Деректерге сүйенсек, елімізде 700 мыңнан астам мүгедек жан бар. Маңғыстау облыстық әлеуметтік қорғау органдарында 27 мың мүгедек тіркелген, оның ішінде 5188-і – мүгедек бала, бұл мүгедектердің жалпы санының 20%-ы, сал ауруына шалдыққан – 290 бала, аутизммен ауыратын – 92 бала, Даун синдромымен ауыратын 65 бала бар. 132 қария қарттар үйінде, 33 бала арнайы балалар үйінде тұрады. Университеттің «Қоғамға қызмет» жобасы аясында студенттер мүгедек жандар мен қарттар үйіне, балалар үйіне тұрақты барып, өз қолғабыстарын көрсетіп келеді.
Жуырда «Қоғамға қызмет» орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында «Маңғыстау облысында Волонтерлер жылының ашылуына арналған «VOLUNTEERS MANGYSTAU-2020» атты салтанатты шара ұйымдастырды.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев, мемлекеттік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың, аймақтық БАҚ өкілдері, Yessenov University-дің (YU) басшылары, оқытушылары, студенттері, барлығы 350-ден астам адам қатысқан іс-шара аясында Маңғыстау облысы ҚХА-ның Волонтерлер қозғалысы орталығының ашылуы, ҚХА кафедрасының құрамындағы «Қоғамға қызмет» инновациялық оқу-әдістемелік орталығының қызметімен таныстырылымы өтті. «Қоғамға қызмет» пәні бойынша орындалған волонтерлік қызметтің әртүрлі бағыттарындағы студенттік жобалардың көрмесі ұйымдастырылды. Студенттер өз жұмыстарымен таныстырып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Салтанатты жиын Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының Сабыр Адайдың «Он сегіз мың ғалам және ксенофобия дерті» шығармасына негізделген әдеби қойылымымен ашылып, қатысушыларға «Қоғамға қызмет» орталығының жұмысы туралы бейнеролик көрсетілді.
Аймақтағы волонтерлер қозғалысының дамуына, «Қоғамға қызмет» жобасына қолдау көрсеткен адамдарға ізгіліктің, рухани келісімнің гуманистік мұраттарына жасаған қызметтері үшін алғыс хаттар берілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы тәрбиеленушілері студенттермен бірлесе өнер көрсетіп, соңы «Маңғыстау волонтерлері» атты мерекелік флешмобпен аяқталды.
Қоғамға қызмет ету – бұл «көмек беру» ұстанымын таңдау, әлемдегі мейірімділікті дәріптеу, әлемді даналықпен және сүйіспеншілікпен толықтыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мұқтаждықтары мен қайғысына жауап беру. Ал бұл қасиеттер біздің халқымыздың бойында, қанында бар. Ақтаудағы Yessenov University студенттерінің қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік жобасын екі жыл бұрын қолға алып, жан-жақты жүргізіп келе жатқаны қуантады. Студенттер осы екі жылдың ішінде қаншама жарымжан және жабырқау жандардың жанынан табылып, қолтығынан демеп, көңіліне қуаныш сыйлады десеңізші?! Жастардың ел-жұртына қайырымды болуы, қоршаған ортаға жылышырай-жанашырлықпен қарауы – басты қажеттілік, басты қуаныш.
– Сондықтан ауқымды, маңызды игі іске тек студенттер қауымы емес, бүкіл қоғамның мүшелері атсалысса, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қандай салада болсын игілікті істер тындыруға дайын болса, елімізде инклюзивті қоғам қалыптасатыны сөзсіз, – дейді жобаға бастамашы болған оқу орнының басшысы Берік Ахметов.
Маңғыстау облысы