Осы орайда Мемлекет басшысының кездесуде «волонтерлік –еріккеннің ермегі емес. Бұл елдік мәні мен маңызы жоғары істің бірі. Волонтерлік бағытқа бет бұрғандар уақытты босқа өткізіп жүрмін деген ойдан аулақ болуы керек» дей келе алдағы кезде волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға кеткен уақыт еңбек өтіліне кіретіндігі жөніндегі тұжырымды алға тартты. Бұл сөз еліміздің әр түкпірінен келген волонтер жастардың мерейін бір көтеріп тастады. Әрі мұның өзі Президент бастамасымен өмірге келген барлық волонтерлік бағдарламаларды ойдағыдай жүзеге асыруға жан-жақты мүмкіндік береді. Аталған қолдау алдағы кезде бағдарлама аясындағы жеті бағыттың бәріне де ортақ екендігі атқарылатын істердің арнасын кеңейте түспек. Оның бәрі «Біз біргеміз!» атты жалпыұлттық ұранға ұласып, келешекте бедерлі ізін сала алатынына ешқандай күмән жоқ.
Президенттің еліміздегі волонтерлік істі қолдау мен ынталандыруға қатысты қозғаған екінші мәселесінің де алатын орны мен салмағы жоғары. Аталған жайт волонтерлік сипаттағы жобаларды қаржыландыру қажеттілігінен туындайды. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, мұндай тетіктерді орнықтырудың бірнеше жолдары бар. Соның ең бастысы, белгілі бір бағыт бойынша өз жобаларын жергілікті атқарушы органдар мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсынған волонтерлік топтар мен құрылымдарға арнайы гранттар беру болмақ. Оның көлемі – 300 мың мен 1 млн теңге төңірегінде белгіленетін көрінеді.
Біздің жоғары оқу орнында волонтер болуға талап-тілек білдірген студенттердің қатары жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың дені күллі әлеуметке пайдасы мен шапағатын тигізе алатын өміршең жобалар. Осы тұрғыдан келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінен жиналған волонтер жастарға алдағы уақытта атқарылатын нақты іс-қимыл жоспарын шегелеп айтып бергені біздің жаңа жобаларды қолға алуымызға серпін береді. Ақын Төлеген Айбергеновтың өлең шумағымен өрсек, бұл «жанам деген жүрекке от берудің» таптырмас жолы болып шығады.
Нарқозы Қартжан,
волонтер, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы
АҚТӨБЕ