Қоғам • 02 Наурыз, 2020

«Самұрық-Қазына» бәсекелестік ортаға басымдық береді

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

От­андық кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Samruk Business Forum» барысында кеңінен сөз болды. Бизнес өкілдерінің ортақ алаңына айналған жиында «Самұрық-Қазына» қоры мен отандық компаниялар арасында құны 34,8 млрд теңгені құрайтын келісімге қол қойылды.

«Самұрық-Қазына» бәсекелестік ортаға басымдық береді

Форумға қатысқан Премьер-Министр Асқар Мамин отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында іске асқан ілкімді жобалардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

– «Самұрық-Қазына» жүргізген тәжірибе табысты екенін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік сатып алуларға қатысушы мем­лекеттік органдар, квазимемлекеттік компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін үлгі болуы тиіс, − деді А.Мамин.

Жиында сөз алған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» басқарма төрағасы Ахметжан Есімов дамыған елдердің тәжі­р­и­бесін негізге ала отырып, сатып алу жүйесі ел экономикасының ішкі әлеуетін да­мытудың нақ­ты және тиімді тетігіне айналуы қажет екенін айтты.

− Басымдық беретін бағыттардың бірі − қордың сатып алу жүйесін жетілдіру. 2018 жылғы қордың сатып алу құрылымына арнайы талдау жүргізілді. Бұл кезеңде сатып алудың жалпы көлемі – 3,3 трлн теңге болса, оның 90 пайызы, яғни 3 трлн теңгесі бір көзден сатып алынған. Бұл өз кезегінде бәсекелестік ортаның жоқтығын көрсетеді. Сондықтан осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін 2 жылдың ішінде 4500 позициядан 198 позицияға дейін қысқарттық. Нәтижесінде 650 млрд теңгеден астам сомаға сатып алулар бәсекелестік ортаға беріліп, бұл қаражатты 13 мыңнан астам шағын бизнес өкілдері игерді. Ал қорға қарасты ком­паниялар 40 млрд теңге үнемдеді, − деді А.Есімов.

Қордың басқарма төрағасы сатып алуды қысқарту және тендерлік сатып алуларды ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын негізге алып, бұл бағытта қор тарапы жос­парлы түрде шаралар қабылдағанын айтты.

Сонымен қатар отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында да бірқатар жүйелі жұ­мыстар жүргізілген.

− Үкімет «қарапайым заттар экономика­сының» салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қор мен компаниялар тобы аталған бағдарламаны іске асыруға белсенді қатысып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық тауар өндірушілерден өнім сатып алу көлемі артты. Биыл тағам өнімдерінің үлесін − 90%-ға, (2019 жылы – 76%), жеңіл өнеркәсіп өнімдері − 85%-ға (2019 – 73%), құрылыс – 92%-ға (2019 – 82%), жиһаз – 85%-ға (2019 – 48%) жеткізу жоспарланып отыр, − деді А.Есімов. Басқарма төрағасы өз сөзінде отандық тауар өндірушілерімен оффтейк-келісім жасау жобаларын іске асыруға басым­дық беретінін айтты.

− 2018 жылы біздің компанияларда сырт­тан импортталатын тауарларға талдау жүргізілді. Соңғы үш жылда тауарлардың осындай тізімі бойынша импорт көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрады. Біз бизнес-қоғамдастыққа ұзақ мерзімді келісімшарт негізінде кепілдік беріп,  Қазақстанда осы тауарлардың өндірісін жолға қоюды ұсын­дық. 2018 жылы оффтейк-келісім бо­йын­ша алғашқы 2 жоба, былтыр 25 жоба мақұл­данды. Сондай-ақ импорт алмастыру үшін әлеуеті бар тауарлардың тізімі жарияланды. Жақын арада отандық кәсіпкерлер тарапынан өтініштер түседі деген сенімдеміз, − деді «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» бас­қарма төрағасы А.Есімов.

Форум барысында қордың портфельдік ком­паниялары мен қазақстандық кәсіпорын­дар арасында 34,8 млрд теңге сома болатын келісімге қол қойылды.