Тұжырымдамамен сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов таныстырды, Дүниежүзілік банктің өкілі Ш. Рахарджа мен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов елімізде сауданы дамытуға қатысты мәселенің өзектілігі мен тәсілдері туралы баяндама жасады.
Сауда Қазақстанның ЖІӨ-нің 17%-ын құрайды. 2019 жылдың қорытындысы бойынша саланың өсу қарқыны 7,6%-ды құрады, ал жұмыспен қамтылған қызметкерлердің саны 1,4 млн адамға жетті. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы – $96,1 млрд, оның ішінде экспорт – $57,7 млрд және импорт $38,4 млрд құрады. Ішкі тауар айналымы 37,5 трлн теңгеден асты, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
Әзірленіп жатқан мемлекеттік бағдарламаның мақсаты — нарықты сапалы өніммен толықтыруды және экспорттық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін заманауи сауда жүйесін құру және дамыту.
Негізгі міндеттер ретінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, сауда саласында сапалы адами капиталды қалыптастыру, оңтайландырылған цифрлық сауда процесін қамтамасыз ету, көп форматты сауда-тарату инфрақұрылымын, қолайлы тұтыну ортасын құру, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің импорты мен экспортын әртараптандыру, ішкі және сыртқы нарықтарда отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау анықталды.
Алдын ала бағалау бойынша, Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жеке инвестицияларды қоса алғанда шамамен 285 млрд теңге қажет. Жоспарланған міндеттерді орындау 2025 жылға қарай сауданың орташа жылдық жалпы қосылған құнын 106,2%-ға арттыруға, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 41%-дан 75%-ға дейін арттыруға, тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын $41 млрд-қа дейін ұлғайтуға, бөлшек тауар айналымынан электронды сауда үлесін 10%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағдарламада тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, биржалық, шекара маңы және электрондық сауданы дамыту, техникалық реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау құралдарын жетілдіру шаралары қарастырылатын болады.
Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне осы жылдың 1 шілдесіне дейін Мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке енгізуді қамтамасыз етуді, орталық және жергілікті атқарушы органдарға – құжатты әзірлеуге белсене қатысуды тапсырды.
«Құжатта қолайлы тұтыну ортасын құруға, халықты сапалы және қауіпсіз тауарлармен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бағдар орнатылуы тиіс. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық мүдделерді қорғау және ілгерілету әзірленіп жатқан бағдарламаның басты мақсаттарының бірі болуы тиіс», — деді А. Мамин.