Абай • 02 Наурыз, 2020

Қарасазда шалқыды Абай жыры

563 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда Мұқағали Мақатаевтың туған жері – қасиетті Қарасазда Абай мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Ол «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп аталды. Мәдени шараны ұйымдастырған – Райымбек ауданы әкімдігі мен республикалық «Мұқағали» журналы.

Қарасазда шалқыды Абай жыры

Кешке Алматыдан келген ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, Жетісу жұртшылығының өкілдері қатысты. Жиналғандар ұлы ақынның мұрасына жаңаша көзқарастармен баға беруге тырысты.

Семей мен Жетісу бір-бірінен шалғайда жатса да, оларды біріктіретін рухани күш бар. Ол – қара өлең! Абай қазақтың өзін де, сөзін де түзету үшін өлшеусіз еңбек етті. «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай бірақ қайтадан тірілі ме» деген Мұқағали да кемеңгер ұстазының аманатын абыроймен орындау жолында аянған жоқ. Ағартушылық мұраттар, күрескерлік мақсаттар екі тұлғаны ұлттық кемелдікке жетеледі. Сондықтан бүгінгі күні екі өңірдің елі Абайдың мерейтойына жүрекжарды лебізін арнап, қуанғандары жарасып тұрғандай. Қарасаз – Жидебайға, Елшенбүйрек – Шыңғыстауға, Шәлкөде – Қарауылға туысқандық сәлемін жолдады. Абай тойына ән-жырдан шашу шашты. Бұл көріністер мерейтойдың көркін одан әрі аша түсті.

Қарасазға келген қонақтар ең алдымен Мұқағали ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Мемориалдық музейге бас сұқты. Бұл – өзгермейтін дағды, жазылмаған заңдылық. Ең қызығы, көпшілікке музей жәдігерлерін ғылыми қызметкерлер емес, Қарасаздағы Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектептің оқушылары таныстырды. Олар Абай мен Мұқағали өлеңдерін ағылшын, орыс, қытай тілдерінде мүдірмей оқығанда балаларға сүйінбеген жан қалмады. Әдеби кешті Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы ашты. Хантәңірі етегіндегі таулы өңірдің тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстыра келіп, Мұқағали елінің абайтануға барынша назар аударып отырғанын тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын бәріміз зейін қойып оқыдық. Онда рухани құндылықтар туралы кеңінен айтылған. Абай ғибраттарын түсіну, ұлылық нәрін санамызға сіңіру басты қажеттілік, – деді Нұрбол Сағатбекұлы.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек Абай арманын азаттық мүддесімен ұштастырған алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттеріне талдау жасай келіп, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық сырларына тоқталды. Абай тәліміне ден қойған Мағжанның хакім тұтатқан отты қалай лаулатқанын нақты мысалдармен көрсетті. Жұртты қызықты әңгімеге қанықтырды.«Жетісу» телеарнасы директорының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Серік Әбікенұлы Абайды үлгі тұтқан Ілияс Жансүгіровтің ұлы ақын жолын жалғастыруда мұрагерлік міндетін адал атқарғаны жайлы сөз етті. Абайдың жинағына Ілияс Жансүгіров терең ойлармен өрілген алғысөз жазғанын мазмұнды етіп айтып берді.

Абай ұлттық мәдениетті жан-жақты кемелдендіріп, ұлттық өнерді де биікке көтерген тұлға. Мәселен, қазақ әндерін жетілдіріп еуропалық деңгейге жеткізген. Батыстың романстарын ұлттық әуендермен толықтырды. Нәтижесінде «Татьянаның қырдағы әні» секілді көркем туындылар өмірге келді. Ол «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» болып жалғасты. Абай  өнегесі – өнердің бүгінгі өкілдері үшін де мәңгілік өлшем. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай осы жайындағы ойларын ортаға салды.

Абай және Мұқағали! Бұл үндестіктің жөні бөлек. Мұқағали оны «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деген жыр жолдары арқылы түсіндірген еді. «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлының сөзінде осылардың бәрі қамтылды.

– Абай мен Мұқағали қазақтың сөзін түзеді. Түзелген сөзді қисайтуға, ұлылардың еңбектерін еш кетіруге хақымыз жоқ. Бүгінгі басқосудан осындай ғибрат алсақ – ерлегеніміз! – деді Батық Мәжитұлы.

Мұқағалидың ұлы Жұлдыз Мақатаев Қарасазда өткен абайтану шарасына ризалығын білдірді. Соның дәлеліндей етіп ойын өзі жазған өлеңмен жеткізді.

Хакім Абай нақылмен ой қосады,

Ақын Мұқаң мұңдасып, сырласады.

Айтыңдаршы, дүйім жұрт, келер ұрпақ,

Осы екеудің орынын кім басады?! – деді Жұлдыз Мұқағалиұлы.

Кеш барысында аудан өнерпаздары бағдарламасы кең концерт көрсетті. Абай әндері шырқалды. Қазақ радиосының дикторы Аманжан Еңсебаев ұлы ақынның қара сөзін нәшіне келтіріп оқығанда, Қарасаз жұртының көзіне диктор Мұқағали елестегендей болып қалың жұрт тебіренді. «Мұқағали оқулары –2019» байқауының бас жүлдегері атанған Сара Жұмаш Абай тойына арнап жырдан шашу шашты.

Айтпақшы, Алматы облысы аудандарында Абай күндерін атап өту Қарасаздан басталды. Екі алыптың рузы ұрпақтарын қолдап тұрғандай, әдемі әсерге бөледі.