Саясат • 03 Наурыз, 2020

Барлық ұсыныс ескеріледі

147 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы жетілдіру бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Барлық ұсыныс ескеріледі

Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Іс-шара барысында митинг туралы жаңа заң жобасы кеңінен талқыланып, қоғам белсенділері өз ойын ортаға салды.

Дөңгелек үстелдегі негізгі баяндаманы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жасады. Заң жобасына енгізілетін өзгерістерді талқылау еліміздің бірқатар өңірінде өткенін еске салған министр орынбасары қоғам белсенділері мен заңгерлер айтқан пікірдің ескерілгеніне тоқталды.

«Заң жобасын қоғамдық тыңдау барысында және оны «Ашық дерек» порта­лына орналастырылғалы бері осыған қатысты 261 пікір келіп түсті. Олардың басым бөлігі митингіні өткізуді хабарлама түрінде жүргізуге, арнайы орындарға, бейбіт шерулер кезінде журналистердің құқығына, бейбіт жиынға рұқсат етпеу тәсілдеріне бағытталған», деді Д.Есин.

 Вице-министрдің айтуынша, бейбіт жиындар өткізу үшін хабарлама берілсе жеткілікті. Алда-жалда жергілікті атқарушы органнан жауап келмесе, оған келісім берілді деп есептелінбек. Сондай-ақ мұндай іс-шараларды өткізуге арнайы орын бөлінеді.

Д.Есин арнайы орынға ерекше тоқталды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев митинг өткізуге арналған мекен қаланың сыртында болмауына екпін берген еді. Министр орынбасарының сөзіне қарағанда, заң жобасын әзірлеу барысында бұл мәселеге де мән берілген.

«Арнайы орындарды белгілеп, оларды қолдану тәртібін нақтылау барысында бейбіт жиынның мақсатына қол жеткізуге жағдай жасалуы тиіс. Ұйымдастыруға қолайлы, қоғамдық көлік баратын, инфрақұрылымы ұйымдастырушылар мен қатысушылар қолда­нуына ыңғайлы болуы қарастырылады», деді Д.Есин.

Яғни, митинг өткізілетін орын қаланың ішінде, көпшілік көретіндей жерде белгіленеді. Бұл – бейбіт жиынды да өткізуге, қала тір­шілігіне кедергі келтірмеуге мүмкіндік бермек.

Қоғамдық тыңдау барысында белсенділер көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Оларды мұқият тыңдаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев сауалдарға рет-реті­мен жауап берді.

Мәселен, дөңгелек үстел қатысушылары заң жобасында көрсетілген бейбіт митингіге қатысушылар саны туралы тармаққа келіс­пейтінін жеткізген. Министрдің сөзіне қара­ғанда, алдағы уақытта жауапты мекеме аталған мәселені қайта қарамақ.

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сұхбатында бейбіт жиындарға қатысушылардың санын 250 адам деп шектеуді енгізу жөнсіз екенін айтты. Біз осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – біз үшін тапсырма іспетті», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Д.Абаев заң жобасына қатысты айтылған сын-ескертпелердің бәрі мұқият зерделенетінін, алайда оған уақыт қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Пар­ламенттік талқылауда да депутаттар заң жобасына өзгерістер енгізетінін жеткізді.

«Кей әріптестеріміз өздері жазған, айт­қан ұсыныстардың кейбірі заң жобасына енгі­зілмегенін айтып наразылық білдірді. Бірақ бұл – бір-екі күндік немесе бес минуттық шаруа емес. Мемлекеттік органдармен белгілі бір ке­лісімдер, процедуралар жасалады. Бұл – айтар­лықтай ұзаққа созылатын процесс. Сіздер айтқан ұсыныстардың бәрі ескеріледі. Заң жобасы айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Біз заңгерлер мен мемлекеттік органдардың ғана емес, ойын білдіргісі келетін, соның ішінде митинг арқылы білдіргісі келетін Қазақстан азаматтарының мүдделерін ұмыт­пауымыз керек», деді министр.

Заң жобасын талқылау барысында саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров мұндай қоғамдық тың­даулар азаматтар мен биліктің қарым-қатынасының жаңа моделін жасайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ заң жобасына ай­тылған сынға қатысты өз пікірін жеткізді.

«Сын еліміздің қоғамдық өмірінің бір бөлігіне айналуы керек екенін түсінуіміз керек. Біз оған үйреніп, оны қабылдауымыз қажет. Сын бұрын да болған, қазір де бар және бола да береді. Менің ойымша, бүгінгі таңда заң жобасын талқылаудың өзі азаматтар мен билік қарым-қатынасының жаңа моделін жасайды», деді Е.Саиров.

Саясаттанушы Е.Саиров Президент Қ.Тоқаевтың заң жобасы жөніндегі пікірін туиттер парақшасына жазғанын, бұл – құқықтық құжаттың маңызын көрсететінін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы кеше ғана туиттер парақшасында заң жобасы бойынша өз пікірін білдірді. Бұл өте маңызды. Заң жобасын азаматтар ғана емес, Мемлекет басшысы да талқылайтынын көріп отырмыз. Бұл заң біздің көз алдымызда өзгеріп, жаңа сипатқа алып келе жатыр деп санаймын. Талқылауға қатысатындарға «Митингіге 251 адам келсе не болады?» деген сұрақ қоямын. Мұндай сұрақтарға нақты жауап берілуі тиіс. Заң бо­йынша қатысушылар саны артып кетсе, митинг тоқтатылуы міндетті. Бұл мәселені әлі де жан-жақты жетілдіріп, қатысушылар санын қайта қарастыру қажет», деді Е.Саиров.

Ал «Қарағанды облысының кәсіп­одақ­тары» облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Жанна Уәлиева 18 жасқа толма­ғандардың митингілерге қатысуына қар­сы екенін жеткізді. Оның айтуынша, қаты­су­шы­лар жасын төмендету әкімшілік не қылмыстық жазаға тартылған балалар саны артып кетуіне әкелуі мүмкін.

«Заңда «қатысушы» деген ұғым бар. Қатысушы – 18 жасқа толған адам. Неге қаты­су­шының жасы төмендеуі тиіс? Бұған сақтық­пен қараған жөн. Біз балалардың қатысуына қарсымыз. Олар ҰБТ-ға дайындалудың орнына, митингілерге барып, өз пікірлерін айта ма? Ұйымдастырушылар балаларды басқа мақсатта қолдануы мүмкін.

Егер біз балаларға 14 жастан бастап бейбіт шеруге қатысуға рұқсат етсек, осы жастағы балалар норманы бұзғаны үшін жауапқа тартылатынын түсінгеніміз абзал. Сонда бізде 14 жастағы сотталушылар көбейіп, олар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?» деді Ж.Уәлиева.