Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Қарағанды облысының еріктілері жаңа жобалар ұсынды

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Saryarqa jastary» облыстық еріктілер штабында «Волонтер жылы» аясындағы маңызды іс-шараның бірі өтті. Бұл күні облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі еріктілер қозғалысының белсенді мүшелерімен кездесіп, алда тұрған міндеттер жайында пікір алмасып, емін-еркін жағдайда әңгіме-дүкен құрды.

Қарағанды облысының еріктілері жаңа жобалар ұсынды

Кездесу барысында сөз алған Қарағанды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев өңірдің барлық қалалары мен аудандарында еріктілерді қолдау орталықтарының  ашыла бастағанын хабарлады.

– Еріктілер қозғалысына барынша көп адамды тарту біздің міндетіміз. «Асыл мұра» жобасы аясында еріктілер тарихи және мәдени ескерткіштерді  қалпына келтіруге көмектесетін болады. Тағы бір ауқымды жоба – «Мейірім» жобасы. Аталған жоба балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қоғамдық өмірге бейімделуге, болашақ мамандықты таңдау мәселесінде көмек көрсетуді мақсат етеді. Волонтерлік ұйымдар жаз айларына дейін балалардың аулалық алаңқайларын ретке келтіру үшін «SJ» акциясын бастайды, – деді облыс жастарының жетекшісі.

Сонымен қатар, ол волонтерлік жобалардың жеті бағыт бойынша  біріктірілетінін жеткізді. Мысалы, соның бірі – «Тегін такси» жобасы. Қазірдің өзінде аталған  шараға қатысуға бірнеше таксопарк келісім берген екен. Іс түйіні былайша шешілмек: волонтерлер штаб құрып, қала бойынша жүріп-тұруы қиын адамдардан өтініштер қабылдайды. Яғни, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, жалғыз басты қарт адамдар, сондай-ақ көп балалы отбасылар такси көліктерін тегін пайдалана алады.

Кездесуге келген еріктілердің жас шамасы да әрқилы болды. Олардың арасындағы «Күміс еріктілер» тобына жататын 55 жастан асқан аға буын өкілдері өздерінің жетістіктерімен және жоспарларымен бөлісті.

Мысалы, Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бірлікбай Ордабаев  «Ерікті болу тек жастардың ғана ісі деген дұрыс емес» деген пікірін ортаға салды.

– Егде жастағы адамдар да қоғамға пайда тигізсем дейді, олар өз білімі мен тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын. Мысалы, біздің ұйым «Шаңырақ» волонтерлік орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аталған орталықтың көмегімен Мәскеуге «Күміс волонтерлер» форумына бару мүмкіндігі туды, – деді ол.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек еріктіліктің патриотизмнің жоғары көрінісі екенін ерекше атап өтті. Осы тұрғыдан келгенде ол волонтерлер қозғалысының аясын кеңейтіп, жаңа азаматтық бастамаларды ұсынуға шақырды.

– Мемлекет басшысы айтқандай, еріктілер сенбіліктермен және бір жолғы челлендждермен ғана шектелмеуі керек. Альтруизм – өмірлік қағидаттардың бірі. Сондықтан, игі істерде науқаншылық деген болмайды. Біз бәріміз бірігіп, өзіміздің өмірімізді жақсартамыз, – деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.

Кездесудің соңында еріктілерге көмек ретінде өңірлік ресурстық орталық ашылып, шеберлік сабақтары, тренингтер мен оқыту семинарларының ұйымдастырылатыны хабарланды. Мұндай ізгі де игі іс-шаралардың өз еркімен, жүрек қалауымен қоғамға қайтсем пайдамды тигізем деп жүрген жомарт жүректі жандарға мықты қолдау болатыны сөзсіз.

 

Қарағанды облысы