Қоғам • 04 Наурыз, 2020

Плагиат – ғылымға қиянат

577 реткөрсетілді

Соңғы уақытта «ғалым көп, бірақ ғылым жоқ» деген ой жиі айтылады. Ал Білім және ғылым министрлігінің былтыр таратқан ақпаратына сүйенсек, елімізде 22 мыңнан аса ғалым бар. Онда неге ғылымды «жоқтап» жүрміз? Мұның бір ұшы академиялық адалдыққа келіп тірелсе керек. Себебі плагиат ғылымға жасалған қиянат болып тұр. Ақиқатында отандық ғылымды плагиаттан тазарту қиын ба?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Адами фактор керек

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов біршама уақыт бұрын әлемдегі ең үздік 15 мың университет қол­дана­тын Turnitin (Turnitin Plagiarism Framework) атты антиплагиат жүйесінің елімізде іске қосыл­ғанын, нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізілгенін жеткізді. 

– Барлық курстық, диплом­дық жұмыстар, диссертациялар осы жүйеден өтеді. Екіншіден, жүйеден өтіп қана қоймай, сол жерде сақталады. Сатылатын дип­лом, басқа да проблемалар барын жасырмаймыз. Бір рет дайындалған жұмысты екінші рет қорғап шығу деген бұдан былай болмайды, – деген-ді министр. Осы тұрғыда бірнеше ғалым қазақстандық ізденушілер әдетте ресейлік жұмыстардан аударып көшіретіндіктен, Turnitin жүйесінен плагиат жұмыстың өтіп кетуі мүмкін екенін жазды. Былай қарасаң, қисынды. Себебі Turnitin – 1997 жылы негізі қаланған АҚШ-тың антиплагиат жүйесі.

Иә, ресейлік ғылыми еңбектер­ден ұрланбағанын анықтау үшін солтүстіктегі көрші­мізде бұған дейін жазылған, қорғал­ған дис­сертациялар антиплагиат жүйесінің мәліметтер қорында болуы керек. Мәселен, былтыр біраз шу болған шенеуніктің ғылыми диссертациясы отандық антиплагиаттан сәтті өтті.

Дегенмен, ресейлік жүйеден тексеру барысында жұмыстың 60 пайызға жуығы плагиат деп танылды. Яғни ғылыми жұ­мысқа талдау жүргізген ресейлік ком­пания еңбектің Ресей мемлекеттік кітап­ханасындағы мақалалар мен дис­сертация­лар жиынтығынан алынған кө­шірме екенін растады. Солай бола тұра, Мәскеудегі «Жоғары экономика мектебі» ұлт­тық зерттеу университеті 2015 жылы, Мәскеу мемлекеттік ха­лық­аралық қаты­настар институты 2016 жылы Turnitin жүйе­­сімен тексерістен өткізуді бастаған.

Демек, Turnitin бағдарламасының орыс тілінде интерфейсі бар. Бірақ бұл жүйедегі мәліметтер қорының қомақтылығына кепіл бола ала ма?

Жарайды, жүйе жемісті жұмыс істейді немесе мәліметтер қоры ресейлік ғылыми еңбектермен толықтырылды делік, бірақ мұндай бағдарламалар негізінен мәтін бойынша тексереді. «Автордың сөйлемі осыған дейін жа­зылған қандай да бір ғылыми жұмыста кездесе ме, жоқ па?» деген сұраққа жауап береді. Бірақ мазмұн жағына басымдық бермейді. Мәселен, диссертацияны жазып отырған адам француз тілінде қор­ғалған еңбекті қазақшаға өңін айналдыра аударып беруі мүмкін. Мұндайда мәтін айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Ал осындай қулықпен құтылып кетпес үшін жұрт мақтаған бағдарламадан кедер­гісіз өткендерді мазмұн жағынан тек­серетін сарапшылар кеңесі қажет. Еуропа елдерінің университеттерін айтпағанда, ресейлік белсенді ғалымдар өздері бастама көтеріп, «Диссернет» атты тәуелсіз желілік қауымдастығын құр­ды. Осыдан бес ай бұрын аталған қауымдастық бұған дейін антиплагиат бағдарламасынан өтіп, ғылыми атақ алған біраз шенеуніктің жұмысын тексеріп, нәтижесінде Ресейдегі әрбір оныншы ректордың еңбегінен плагиат тапқанын жариялады. Осыдан-ақ кез келген күшті антиплагиат бағдарламасы ғылымды «академиялық ұрлықтан» тазартуға 100 пайыз кепілдік бере алмайтынына көз жеткізуге болады. Сондықтан қалайда сауатты, объективті, тәуелсіз сарапшылардан құралған ықпалды ұйым, дәлірек айтқанда мимен орындалған ойдың жұмы­сын електен өткізуге адами фактор керек-ақ.

 Плагиаттың артында сауатсыздық жатыр

Базасында 3800 ғылыми журнал бар, әлемдегі ең ірі «Elsevier» ғылыми компаниясының Орталық Азия бойынша директоры Әлия Оспанова академиялық адалдық мәселесінде бірталай проблеманың бар екенін айтады.

– Біріншіден, плагиаттың не еке­нін, жұмыстарды қалай дұрыс дайын­дау, мақалаларды жазу ережелерін бакалав­риаттың бірінші курсынан бастау керек. Біздің ізденушілер өкінішке қарай, біреудің жұмысын көшіріп, диссертациясына қоса қоюды дұрыс деп санайды. Ең үлкен қателік осы жерден басталады.

Екінші мәселе – сілтеме беру. Оны қалай жөнді жасау керегін білу қа­жет. Қолданбалы әдебиеттер тізімін қол­мен жазуға болмайды, бұл үшін әлем­ге әйгілі Менделей (Mendeley – биб­лиографиялық ақпаратты реттейтін, бас­қаратын ака­демиялық әлеуметтік желі) сияқты тегін құралдарды қолдану керек, – дей­ді халықаралық сарапшы. Оның ойын­ша, плагиаттың артында әдейі ауырдың үстімен, жеңіл­дің астымен әрекет етуі ғана емес, сауат­сыздығы да жатыр.

Плагиат дегеніміз – тек қана біреудің еңбегін көшіре салу немесе аударып алу емес, техникалық тұрғыда сауатсыз жазыл­ған жұмыс. Өйткені техникалық талаптары сақталмаған, дұрыс жасалмаған цитата да плагиатты көрсетеді.

Шынында, халықаралық индексі жоғары журналдардағы ғалымдардың ғылыми еңбектерін терең талдай алатын маманның сөзінде жан бар. Себебі еліміздегі бакалавриат, магистрант, докторанттарды былай қойғанда, ғылымды жасап жүрген ғалымдардың өзі ғылыми мақала жазудың техникалық талаптарын толық меңгермегеннен сүрініп жатады.

 Түйткілдің тамыры – тәрбиеде

Бұл түйткілдің тамыры тым тереңде. Бала кездегі көрініс, оқушылық өмірдің оқиғаларын санамызда қайта жаңғыртып көрейікші. Есіңізде ме? Бейнелеу өнері пәнінен берілген қиын суреттерді сала алмасақ, үйдегі үлкендерден көмек сұрайтынбыз. Көмек деп өзімізді ақтап алғы­мыз келеді, ақиқатында бұл да біреу­дің еңбегін ұрлау. Үлкендер де бетімізден қақпай, суретті салып береді, болмаса қара қағазбен немесе терезеде қойып бас­тыруды ұсынатын. Әлдекімнің көз майын тауысып салған суретін бастырып алудың аяғы болашақта академиялық адалдықтан ада адам болып қалыптасуға алып келетініне мән бермейміз. Мұндай көрініс өткеннің еншісінде қалды десек, қателесеміз. Осы күні әлеуметтік желі­лерді қарап отырсаңыз, оқушылардың үй тапсырмасын ата-аналары орындап отырады. Иә, білім саласындағы жүйе­нің, жыл сайын жаңартылатын бағ­дарламаның балаға оңай тимесі түсінікті. Бірақ бұл бүгінгі ұрпақты өзіміз өткен жолмен тәрбиелеп, сол сүрлеуге салып жатқанымызды ақтап ала алмайды. Өйт­кені қазіргі көп ата-ана – кешегі парталасынан немесе көршісінен көшіріп алуды қалыпты қабылдағандар. Түптеп келгенде плагиаттың түп-тамыры үй тапсырмасын өзгеге орындату мен сыныптасыңнан көшіріп алудан басталатыны адам санасына бала кезден сіңбейінше, түйткілдің түйінін түбегейлі тарқату қиын. Осы тақырыпты талқыласқан замандас ғалым Аустриядағы оқуы кезінде басынан өткізгенін айтып, ой түюге итермелеп еді. Отандық ғалым шетелдегі жиған білімін дәлелдейтін қорытынды емтиханда көрші партада отырған курстасының парағына жай ғана толтыру форматын көру үшін мойын бұрып қарапты. Сонда шетелдік ізденуші бұл әрекетінің жабайылық екенін айтқан екен. Ал қазақстандық ғалым: «Бұл бізде әдетке айналып кеткен ғой әрі мұндайды қалыпты қабылдаймыз. Ең жаманы да – осы», дейді. Дөп сөз.

 

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 22 адамнан Covid-19 анықталды

Коронавирус • Бүгін, 10:05

Ғасыр зұлматы

Қоғам • Бүгін, 09:30

Із қалдырған ірі тұлға

Қоғам • Бүгін, 07:06

Қосаевтар әулетінің қасіреті

Руханият • Бүгін, 06:56

Құрдым (төрттаған)

Әдебиет • Бүгін, 06:20

Ұқсас жаңалықтар