Экономика • 04 Наурыз, 2020

Диқанның көңілі далада

424 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оңтүстіктен басталатын көктем бүгінде диқан атаулыны егістік алқабына шығарған. «Көктемнің әр күні – жылға азық» ұстанымына берік диқан қауымы болашақ мол өнімнің негізін қалауға кірісті. Көктемгі дала жұмыстарын ақпанда-ақ бастап кеткен Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында жұмыс тіпті қызу.

Диқанның көңілі далада

Жетісай ауданында ауыл шаруа­шылығы өнімдері егіледі деп жос­парланған 78,5 гектар жердің 45,1 гектарына мақта дәні себіледі. Екінші басымдық бақша дақылдарына берілмек. Биыл жетісайлық диқандар 17 мың гектар жерге қауын мен қарбыз егуді жоспарлап отыр. Бүгіннің өзінде аудан бойынша 65 593 гектар жер айдалып, 43 961 гектар жерге пал алынған. Аудан шаруалары 1055 гектар алқапқа ақпан айынан бас­тап қырыққабат дақылын еккен. Шардара ауданының диқандары да мақтаға басымдық беріп отыр. Яғни биыл ауданда 18 мың гектарға ақ алтын дәні себілетін болады. Ал 10 710 гектарға бақша дақылдары отырғызылмақ. Қазіргі таңда аудан диқандары жер жырту, егістікті дайындау жұмыстарына кірісіп кеткен. Ал «Тұрар» ауыл шаруашылығы кооперативі ақпан айының аяғында 50 гектарға пияз егіпті. Тамшылатып суару әдісін 5 жылдан бері тиімді пайдаланып келе жатқан кооператив иелігінде 110 гектар жер бар. Соның бүгінде 3,5 гектарына ерте көктемде пісетін қырыққабат пен 12 гектарына мамыр айында дайын болатын пияз отырғызылыпты. «Пиязымыз мамыр айының ортасында пісіп қалады. Қырыққабатымыз да осы уақытта жинала бастайды. Негізгі өнімдерімізді Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалалармен қатар Ресей, Беларусь елдеріне жөнелтеміз», дейді кооператив төрағасы Юрий Ан. Былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін мол жинап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген өңір биыл ол жетістікті еселей түсетін бірқатар жобаны жүзеге асырмақ. Мысалы, Түркістан қаласы маңайында қалыптасатын азық-түлік белдеуінде жалпы құны 27 млрд теңге болатын 6 ірі инвестициялық жоба жүзе­ге асады. Бұл жобалардың алды өт­кен жылы басталған. Атап айт­қанда, «Түркістан Агро-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі 125 ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушіні біріктіріп, мың гектарға жаңбырлатып суару әдісін енгізген-ді. «Сауран» өндірістік кооперативі де жаң­бырлатып суару әдісімен мал азықтық дақылдар өндіріп, 10 мың басқа арналған мал бор­дақылау алаңын қамтамасыз етпек. Яғни «Сауранда» да мың гектарға жоғары сапалы тұ­қым, ауыспалы егіс, жоғары қарқынды техникалармен қамту және жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады.

Қазір облыстық ауыл шаруашылығы бас­­қар­масы Түркістан маңындағы азық-түлік бел­деуіндегі ғана емес, барлық аудан­дар­дағы 1-2 гектар жері бар шаруалар­ды осы­­лай іріленуге, бірігіп дамуға шақы­ру­да. Бі­рі­гуді қош көрмейтіндер болса, он­да сол алқаптан жылына екі-үш рет өнім алу жобасы ұсынылмақ. Мысалы, Түл­кі­­­бас ауданында бір жерден екі өнім ала­­­тын 154 шаруашылықтың тізімі жасал­ған. Жалпы көлемі 265,33 гектар жерге қы­­за­­нақ, қияр, жүгері, ноқат, сарым­сақ, кар­­­топ көкөністерін отырғызып, мол өнім алу көзделуде. Жылына 2-3 рет өнім алу бо­йын­ша жұмыстар былтыр да жүр­гізіл­ген. Нә­ти­же бар. «Қазірдің өзінде алғаш­қы­лары қы­р­ық­қабатты келісін 120-150 тең­­ге­ден саудалап үлгерді. Олар бірінші өнім­­дерінен гектарына 2 млн теңгеден та­­быс тауып отыр. Екінші өнімдерінен та­ғы да 2 млн, үшіншісі де солай. Яғни бір гектардан 200 мың теңге орташа табыс тауып келген болса, екі-үш рет өнім алу арқылы табысты 6 млн теңгеге де­йін жет­­­кізуге мүмкіндік бар. Өткен жылы «1 ал­­­­­қап­­тан жылына 2-3 өнім алу жобасы» бо­­­йын­ша ғалымдармен бірлесіп, бар­лық аудан­да жобаның тиімділігін агро­­құры­лым­­­дарға түсіндіру нәтижесінде 107 жо­ба іске асырылған болатын. Биыл әрбір ауыл­­­дық округте 10 жобадан жалпы 1 242 жо­ба іске асырыла бастады», дейді ауыл шар­уа­шылығы басқармасының басшысы Нұр­бек Бадырақов.

Азық-түлік белдеуіндегі келесі жоба – жоғары сапалы тұқым, ауыспалы егіс, жоғары қарқынды техникалармен қамту және жаңбырлатып суару технология­сымен алынған өнімдерді әрі қарай құс фермасына өткізу. Бұл орайда жылына етті бағыттағы 20 мың тонна құс етін өндіретін кешен салу жоспарланып отыр. Қызығушылық танытқан инвестор анықталып, жобалық-сметалық құжаттары «Аграрлық несие» корпорациясына тапсырылған. Мақұлданса, азық-түлік белдеуінде құс фермасы салынады. Бұдан басқа мың басқа арналған сауынды түйе кешенін салу, жылыжай кешенін дамыту, қарқынды бау өсіру, бақша дақылдарын егу сынды жобалар бар. Екінші бір салалық бағдарлама – мақта шаруашылығы саласын дамыту. Табиғи ерекшелігіне сәйкес Түркістан облысында ғана өсетін дақылға байланысты бірқатар өзекті мәселе де жоқ емес. Сумен, тұқыммен, агротехникамен қамту, жинау және ең өзектісі – мақта бағасы. «Осы өзекті мәселелерді шешу үшін Үкіметке шығып, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, қарапайым заттар экономикасымен мақта өңдеу зауыттарына қаржы бөлуді ұсындық. Былтыр байқағанымыз, мақта өңдеу зауыттары ортадағы трейдерлік компанияларға қызмет көрсетіп қана отырған. Сондықтан зауытты қаржыландыру арқылы таразыдан бастап зертханасына дейін толығымен қайта жарақтандырып, шаруаларға фью­черлік қаржылар тарқатып, ору жұмыс­тарына комбайнмен жәрдем беріп, Ливер­пуль биржасындағы индекс бойынша шаруадан мақтаны қабылдап алуға жағдай жасаймыз», дейді басқарма басшысы.

Су шаруашылығындағы өзекті мәсе­лелер де өз шешімін табуда. Орда­басы, Отырар, Бәйдібек аудандары мен Түркістан, Кентау, Арыс қалалары бір ғана су көзімен – Бөген су қоймасы арқы­лы қамтамасыз етіледі. Былтыр облыс­тағы су нысандарының барлығы рес­пуб­ликалық меншіктен коммуналдық меншікке өткізілген. Сөйтіп Үкіметтің қау­лысымен бес ірі су нысанында күр­делі жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде 60 шақырымын бетондау көз­дел­ген Арыс-Түркістан магистралды кана­лының 5 шақырымнан астамы бетон­далған. Кеңсай-Қосқорған су қоймасын салу, Сырдариядан машиналы канал тарту, Шошқакөл жүйесін жаңғырту, Түркістан маңайындағы бұрын жарамсыз болып қалған 134 тік дренажды ұңғы­маны қалпына келтіру арқылы облыс ор­талығының маңайындағы аудан-қалалар­дың су мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Ордабасы ауданының Тоқсансай елді мекенінде израильдік технологиямен сусыз өнім алу қанатқақты жобасы аясында 120 гектарға дақыл егілген болатын. Жоба оң нәтиже бергендіктен биыл 500 гектарға енгізілмек. Облыста мақсары, бидай егіліп жүрген сусыз жерлер көп. Сол жерлер ауыспалы егіс ретінде ұсынылуда.  Ауыл шаруашылығы саласының мамандары бақша дақылынан кейін егілген бидай, мақсарының өте жоғары өнімділігіне қол жеткізуге болатынын айтып отыр. Бұл ғы­лыми өндірісте дәлелденген. Жерді дем­ал­дыру үшін ештеңе екпегеннен гөрі ша­руа­лардың басқа да шығындарын жа­уып, табысқа кенелуіне мүмкіндік беретін бұл жоба өңірдегі тың бастамалардың бірі.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар