Жалпы, қала маңына шоғырланған адам қарасының көбеюі аумақтағы әлеуметтік жағдайдың қордалануына әкелетіні анық. Оның қатарында баспана кезегі, жол салу, ауыз сумен қамту, көгілдір отынға қол жеткізу сияқты мәселе өткір тұр. Ал Талдықорған қаласы бойынша барлығы 12 саяжай, 7787 жер теліміне жарты лашық болса да баспана тұрғызып, күнелтіп жатқан 18996 тұрғын бар екен.
– Өткен жылы қала маңындағы Өтенай, «Учхоз», Сарыарқа, «Агропромышленник», Шайқорған, Үйтас саяжайларындағы тұрғындардың талабы бойынша бірқатар шаруа атқарылды. Нәтижесінде, осы мекендерде 423,6 млн теңгеге 40 шақырым ауызсу құбыры, 1,7 шақырым электр желісі, 1,4 шақырым жылу желісі және әскери қалашықтағы 1090 пәтерлі 24 үйдің жылу желілері мен тоғыстары толығымен жасалды. Сол сияқты, «Жастар-2» ауылында да 22,5 шақырым электр желісінің құрылысы басталған болатын, ол жақында толық аяқталады. Яғни қала іргесіндегі елді мекендердің өркениетке қол жеткізу үшін қала билігі кәсіби қажыр-қайратын да, қомақты бюджет қаржысын да жұмсап отыр. Осы мақсатқа жалпы 229,5 млн теңге қарастырылған, қазірге дейін 98,4 млн теңге игерілді, – дейді Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.
Ал қаладағы көп пәтерлі үйлердің саны жеті жүзден асады екен. Осы тұрғын жай аумағында 280 аула мен алаң бар. Қаланың даму жоспарына сәйкес бұл аулалар күрделі жөндеуден өтіп, балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық демалыс орындарына айналуы тиіс. Жаңғырту жұмыстары 2012 жылы басталып, 2019 жылға дейін қаладағы 100 аула жөнделіп, қолданысқа берілген. Ал өткен жылдың соңында тағы 48 үйдің ауласы жаңартылуы тиіс болатын. Қаланың Қабанбай батыр, Біржан сал, Н.Назарбаев, І.Жансүгіров көшелеріндегі тұрғын үйлердің ойын алаңдарын жөндеуге 213,5 млн теңге, ал Қабылиса жырау, Шевченко, Кивилев және М.Төлебаев көшелері мен «Самал», «Мүшелтой», «Қаратал», «Жетісу» шағын аудандарындағы аулаларды жаңғыртуға 827,2 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалыпты.
Әрине қазір қаланың тұрғын саны мен аумағы ғана өсіп отырған жоқ. Талдықорғанның өндіріс пен ауыл шаруашылығы бағытындағы дамуы да қалыпты арнада екен. Әсіресе өндіріс орындарының іргесі кеңейіп келеді. Бұл салаға бағытталған инвестиция көлемі де жыл сайын артады. Болжам бойынша, облыс орталығындағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру үшін 2019-2023 жыл аралығында 28,7 млрд теңге инвестиция жұмсалуы тиіс. Былтыр бұл бағытта игерілген қаржы 2 млрд теңгені құрапты. Нәтижесінде жаңадан 3 өндіріс орны іске қосылып, 2 кәсіпорынның қуаты артқан. Ал тұрақты жұмыс орнын ашу көрсеткіші қырық жетіге дейін жетіпті. Биыл да өндірісті өркендетуге 6,6 млрд теңге жұмсалмақ. Инвестициялық жобалардың арасында бірнеше ірі өндіріс орны бар. Мәселен, «Жетісу Мажико» агрокешеніне қарасты құрама жем дайындайтын зауыт құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жобаның құны 5,8 млрд теңге шамасында. Алғашқы кезеңде 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 355 жұмыс орнын ашады. Ал керамикалық гранит тақталарын шығаратын «Алмаз керамикс» зауытының жұмысы сәуір айында басталмақ. Инвестициялық жарғылық қоры 13,9 млрд теңгені құрайтын жоба 2023 жылы толықтай аяқталады. Алғашқы кезеңнің өзінде 100 адамды жұмысқа қабылдайтын кәсіпорыннан түбінде 338 жұмысшы нәпақа табады. Сондай-ақ «Талдықорған» индустриалды аумағында іске қосылатын «Лунюань Жетісу» ет өңдеу зауыты мен «Green Technology Partners» серіктестігінің құрғақ жем зауытына да жалпы құны 9 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Биыл «JLC Сүт» зауытының қосалқы цехының құрылысы басталады, оған қала аумағынан 6 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс іске қосылғанда жаңадан 290 жұмыс орны ашылуы тиіс.
Бүгінде Талдықорған тұрғындары күн сайын 80 тонна тұрмыстық қалдық шығарады. Қазір қаланы қоқыстан тазартумен 12 мекеме айналысып отыр. Ал қала ішінде қоқыс жинауға арналған 10 435 контейнер, 2685 қоқыс жәшігі, 270 жерасты қоқыс сақтау контейнерлері және қауіпті қалдықтар жинауға арналған 46 қоқыс қалтамасы бар екен. Тасымалданған қоқыс қала сыртындағы полигонға жеткізіледі. 970 мың тонна қалдық жинауға арналған алаңның аумағы 25 гектарды алып жатыр. Сондай-ақ талдықорғандық тұрғындар мекемелерге қоқыс тасымалдағаны үшін күн сайын адам басына 134 теңгеден ақы төлеуде. Алайда бұл тариф тұрғындар мен тасымалдаушылардың өзара келісімі негізінде қалыптасқандықтан, заңды тұрғыда бекітілмей отыр. Қала әкімдігінің мамандары алдағы уақытта қоқыс шығаруға төленетін құн көтерілуі мүмкін екенін айтады.
Жалпы, Талдықорған тұрғын үй құрылысы жөнінен аймақта көш бастап тұрғанына ерекше тоқталуымыз керек. Қазір қала бойынша баспана құрылысы қызу жүріп жатыр. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар тіпті қарқын алады. Атап айтқанда, қаланың жаңадан бой көтерген 8-шағын ауданында 782 пәтерге арналған 24 көпқабатты үйдің құрылысы басталады, оның жетеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Бұл тұрғын үйге мұқтаж біршама адамның мәселесін шешпек. Тағы бір атап айтарлығы, тұрғын үй аумағында әлеуметтік нысандар құрылысы да қатар жүріп жатыр. Жаңа ауданнан 1200 орындық мектеп құрылысы басталмақ. Тұрғын үй салуға инвесторлар да ынта білдіріп отыр екен. Биыл қаланың «Шығыс» шағын ауданында 726 пәтерлік 22 үйдің құрылысы осы жеке адамдардың қаржысына салынады.
– Өткен жылы Талдықорғанның іргесіндегі коттедж қалашығында 155 үй салынып, олар ең алдымен көп балалы отбасыларға берілді. Биыл 403 коттедж пайдалануға беріледі. Мұнда көп балалы отбасылар тұрады, балалар көп, сондықтан 900 орындық мектеп пен 280 орындық балабақша саламыз. Сондай-ақ қосымша балалардың 2 ойын алаңы мен футбол алаңын орнатуды, бүкіл аумақты толық абаттандыруды қолға алдық. Яғни коттедж қалашығының тұрғындары келешекте әдемі саябақ аймағында өмір сүретін болады, – дейді Талдықорғандағы құрылыс жұмысының барысы туралы айтқанда облыс әкімі Амандық Баталов.
Айтпақшы, биыл Талдықорған тұрғындарына жаңа қоғамдық көліктер қызмет көрсетуді бастайды. Облыс әкімінің шешіміне сәйкес, жеке тасымалдаушыларды субсидиялау тетігі арқылы қала автобустары толықтай жаңартылады. Және қала маршруттарында электронды билет пен қолма қол ақшасыз төлем жүйесі енгізіліп, қоғамдық көлік қатынасы толықтай цифрлы бағдарламаға көшіріледі.
Алматы облысы