Руханият • 04 Наурыз, 2020

Қазақстанның барлық аймақтарына барады

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жыл­дығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Ата-бабалар рухына – лайықты боламыз!» атты республикалық патриоттық акция бас­талды.

Қазақстанның барлық аймақтарына барады

Акция Қазақстан Қарулы Күш­­тері (ҚК) Ұлттық әскери-па­­триоттық орталығында ҚК Әс­­­кери-тарихи мұра­жа­йы­­ның бас­­шылығына Рейхс­тагқа тігу­ге Рахымжан Қош­қар­­баевқа жүк­телген Жеңіс Туы­ның көшір­ме­сін тапсыру сал­­­танатынан бас­талды. Соны­мен қатар Екінші дүниежүзілік со­ғыс жылдарында Қа­зақ­стан аума­ғында құрылған ди­визия­лар мен бригадалардың 23 жа­­уынгерлік тулары Қарулы Күш­тер өкілдеріне тапсырылды.

Екі ай бойы жауынгерлік ту­лар еліміздің әр аймағында жел­­бірейді. Ол жерлерде арда­герлердің, әскери қызметші­лер­дің, «Жас Сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілерінің, жас­тар және қоғамдық бірлестік өкіл­дерінің, мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен салтанатты іс-шаралар ұйымдас­ты­рылады.

Жауынгерлік ту, әскери бө­лімнің ресми нышаны болып табылады. Ол оның абыройын, айбыны мен даңқын бейнелейді, әрбір әскери қызметшінің бойын­дағы батырлық дәстүрлері мен Отан қорғаудағы қасиетті борышын еске салады.

«Сұрапыл соғыс жылда­ры бұл жауынгерлік ту бар ауырт­па­шы­лыққа қарамастан Бер­линге салтанатты түрде жетті. Бүгін сол қан май­данда қаза бол­ған ата-баба­ларымыздың ұр­пақ­тарына, яғни әс­кери бөлім­дерге,  дивизияларға тап­сырылады. Же­­ңіс туы көш бас­таған жауын­герлік тулардың бұл жолы елордада 7 мамыр күні өтетін соғыстағы Жеңістің 75 жыл­дығына арналған әскери парадта жалғасын табады. Бұл біздің отандастарымызға, соғыс батырларына көрсетілген тарихи естелік», деді Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде.

Аталған іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қор­ғаныс министрлігінің бас­шылығы, соғыс ардагерлері Ахат Бекмәди мен Олег Линник, Қа­рулы Күштердің ардагерлері, тәр­бие са­ла­сының офицерлері, «Жас Ұлан» әс­кери мектебінің оқу­шылары, «Жас Сарбаз» қоз­ға­лысының тәр­бие­­ленушілері қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы соғыс ардагерлеріне ілтипат көрсетіп, соғыс уақы­тының ауыртпашылықтарын ба­сынан өткеріп аман қал­ған, қи­раған қалаларды қал­пына кел­тіруде батылдық та­нытқан батырларымыз бү­гін­де жас ұрпаққа ерлік пен қай­сарлықтың үлгісі екенін атап өтті.

«Ата-бабалар рухына – ла­йықты боламыз!» акциясы бүкіл елді қам­титын болады. Әскери-тарихи мұражайдың көр­месі мен сауда орталықтары және халық көп жиналатын орындарда Қорғаныс министрлігі Ор­талық ансамблі әртістерінің қо­йылымдары орналастыратын болады.

Биыл «Ата-бабалар рухына – лайықты боламыз!» ұранымен «Ел тірегі» әскерге шақыру жа­сағы мен «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының қа­та­­рына мектеп оқушыларының қо­сылу рәсімдері болады.