Қазақстан • 04 Наурыз, 2020

Ізденістер де, іркілістер де бар

158 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе аймағында шағын және орташа бизнесті дамыту ісінде кешенді шаралар белгіленген. Осы арқылы құны жоғары сапалы тауар өндіру ісі қолға алынған. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлер шығарған көпшілік қолды тауарлар көрмесін өткізу әрі оның соңын форумға ұластыру ұтымды да тиімді жолдардың бірі ретінде таңдалған. Кәсіпкерлік көкжиегін көтеруді көксейтін мұндай басқосулар жергілікті тауар өндірушілер мен ірі тұтынушылар арасындағы тікелей байланыстарды тереңдете түсуге ықпалын тигізбек.

Ізденістер де, іркілістер де бар

Осы орайда биылғы наурыз айының алғашқы он күндігінде «Ақтөбе өнімдері - 2020» атты тақырыпта өткізілген жергілікті тауар өндірушілер көрмесінің ауқымы мейлінше кең болғаны атап айтуға тұрарлық іс. Оған өңірдегі құрылыс материалдары киім-кешек және азық-түлік өнімдерін өндіретін қырықтан астам кәсіпорын қатысып өз тауарларын көпшіліктің назарына ұсынды.

Жоғарыда айтылғандай аталмыш көрменің соңы форумға жалғасып, мұнда шағын және орташа бизнестің даму перспективалары талқыланғаны да оны мазмұн жағынан байыта түскендей әсер қалдырды. Оған Ресейдің Орынбор облысындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Виктор Коршуновтың арнайы келіп қатысуы да көрме-форумның өрісін өсіре түсті деуге әбден болады. Сонымен бірге осы іргелі жиында Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғозин Ақтөбедегі оң бастамаларға қолдау білдірді.

Бұдан әрі «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Дәржанова бұған дейін атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, облыста алпыс мыңға жуық шағын және орта кәсіпорын субъектілері жұмыс жасайтынын алға тартты. Оның айтуынша өткен 2019 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша палата өкілдігінің қолдауына сәйкес 256 шағын және орташа бизнес субъектілері ашылған. Соған сай жалпы сомасы 870 миллион 364 мың теңгеге жетпіс екі жаңа жоба жүзеге асырылған. Сонымен бірге бизнес – кеңесші» жобасына сәйкес 1069 адам оқыған. Бұған қоса «Бизнес өсу» бағдарламасы бойынша жүздеген адам жаңа мамандықтарға бейімделген.

Әрине мұның бәрі жағымды жайт. Оң құбылыс екені анық. Әйтсе де өңірде жергілікті қамтудың әлеуеті мен мүмкіндігі әлі де болса толық пайдаланылмай отырғанын жасырып қалудың ешқандай жөні жоқ. Атап айтқанда бұған дейін жүргізілген бірқатар талдаулар мен зерттеулер кейбір жергілікті мемлекеттік органдардың әлі күнге дейін импортталған тауарларды сатып алып жүргенін көрсетеді. Мұндай көрініс Ақтөбе аймағында дәл сол тектес өнімді сапалы өндіретіндер бар жағдайда орын алып отырғанын ескерсек, мұндай тәжірибені қолдау қою қиын-ақ.

Бүгінгі күні жергілікті қамту үлесі орташа есеппен алғанда елу пайызға жетпей жүргені осындай немкеттілік пен енжарлықтың салдары болса керек. Сонымен бірге жергілікті қамту үлесі мәселесіне қатысты алғанда тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрылыс материалдары секілді тауар түрлері кем дегенде тоқсан пайызды құрауы керектігі де ешқандай талас туғызбайды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерді қалыптастыру мен индустриялық аймақ аумағына жер телімдерін беру жөніндегі мәселелер түбегейлі шешім тапқан жағдайда бұл олқылықтардың орны толатынына сенім мол.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар