Медицина • 05 Наурыз, 2020

Коронавирус: сақтық шаралары күшейтілді

1213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Коронавирустың алдын алу шараларын одан әрі күшейту мақсатында Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қаулы жариялады. Жаңа құжатпен таныстырған Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп індетке байланысты елдегі және әлемдегі жағдайға да тоқталды.

Коронавирус: сақтық шаралары күшейтілді

Қаулыға сәйкес 1-санатқа енетін елдер 1 «А» және 1 «Б» сияқты екі топқа жіктелді. Соңғы екі апта ішінде 1 «А» тобындағы елдерге барған адамдар Қазақстанға келген соң стационарда 14 күн оқшауланады. 1 «А» тобындағы елдер – Қытай мен Иран Ислам Республикасы. Ал 1 «Б» тобындағы елдерден келгендер 14 күн үй карантинінде болуы шарт. 1 «Б» тобына Оңтүстік Корея, Гонконг, Макао, Тайвань, Жапония және  Италия жатады. Бұл шара ресми және үкіметтік делегацияларға, қызметтік және дипломатиялық паспорт иелеріне, авиакомпанияның ұшқыштары мен экипаж мүшелеріне, локомотив бригадалары мен теміржол көлігімен байланысты тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық автомобиль тасымалдарымен айналысатын жүргізушілерге қатысты емес.

Франция, Германия, Тайланд, Әзербайжан сияқты 2-санатқа енетін мемлекеттерден келген жолаушылар 14 күн медициналық қызметкердің қоңырау шалуы арқылы бақыланады. Бұған осы елдерде болған ресми және үкіметтік делегациялардың мүшелері, қызметтік және дипломатиялық паспорт иелері, әуекомпаниялардың ұшқыштары мен экипаж мүшелері, локомотив бригадалары, теміржол көлігімен байланысты адамдар, сондай-ақ 1-санаттағы екі топтағы елдерден халықаралық автомобильмен жүк тасымалдайтын жүргізушілер енеді.

3-санаттағы мемлекеттердің қатарында Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Малайзия, Ирак, Швейцария, Ұлыбритания, Бахрейн, Кувейт, Сингапур, АҚШ бар. Бұл елдерден келгендер тек сауалдама толтырып, есепке алынады.

Осыдан кейін Д.Ахметшәріп коронавирус бойынша еліміздегі және әлемдегі жалпы жағдайды баяндады. «1 ақпан мен 1 наурыз аралығында барлық елдерден 1 606 851 адам келді. Олардың 938 309-ы Еуразиялық экономикалық одақтан келгендер. 6 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қытайдан 32 456 адам келген. 20 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қытайдан келген 315 адамның 64-і – Қазақстан азаматы, 251-і – шетелдіктер. Соның ішінде 248 Қытай азаматы карантинде жатыр. Ал Ираннан  24 адам келді. 9-ы қазақстандық болса,  15-і –  ирандық. Олардың 63-і лабораториялық тексеруден өтті, вирус анықталған жоқ. 1 «Б» тобы бойынша 512 адам үй карантинінде. Олардың 393-і  Қазақстан азаматы болса, 119-ы – шетелдіктер. Атап айтқанда, 50-і – Оңтүстік Корея, 65-і – Италия, 4-і – Жапония азаматы. ЖРВИ және тұмау белгілерімен 12 адам стационарға жатқызылды. Олардың 9-ы Оңтүстік Кореядан келсе, біреуі Италиядан, ал екеуі Мальтадан келген», деді ол.    

Ресми өкілдің мәліметінше, 20 ақпан мен 3 наурыз аралығында 2-санатқаа жататын Сингапур, Таиланд, Әзербайжан елдерінен жалпы 1965 адам  мониторингқа алынған. Олар алғашқы 14 күн бойы дәрігердің бақылауында болады. Бүгінде олардың бірі қашықтық бақылауда. 15 адам лабораториялық тексеруден өтіп, 14-інде вирус анықталған жоқ. Қалған бір азаматтың қан сынамасы тексерілуде. «1 ақпаннан бастап 2-санат бойынша ЖРВИ және тұмау белгілерімен 23 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың 11-і Тайландтан, 3-і Сингапурдан, 1-і Малайзиядан, 3-і Кореядан,  3-і Гонконгтан, ал 2-і Әзербайжаннан келген. Олардың 12-сі ауруханадан шығарылды, 11 адам әлі стационарда. Осы аралықта Таиландтан – 689,  Оңтүстік Кореядан  – 527, Гонконгтан – 97, Жапониядан – 42, Иран Ислам Республикасынан – 14, Малайзиядан – 1, Әзербайжаннан – 1, Сингапурдан 9 адам келді», дейді Д.Ахметшәріп.

3-санатқа Бахрейн, Ұлыбритания, Германия, Испания, Кувейт, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және Франция кіреді.  «20 ақпан мен 4 наурыз аралығында 4 985 адам 24 күн бойы дәрігердің бақылауында болды. Лабораториялық тексерістен 2 адам өтті, біреуінің нәтижесі теріс болып, екінші анализ тексерілуде. 1 ақпаннан бастап 3 категория бойынша ЖРВИ және тұмау белгілерімен 15 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың біреуі Франциядан, 11-і Дубайдан, біреуі Малайзиядан, тағы бірі Голландиядан келген. Ал бір адам байланыста болған. Бұлардың 3-і ауруханадан шығарылды», дейді ресми өкіл.

Індеттің ошағы болған Қытайда коронавирусты жұқтырғандардың саны 80 302-ге жетіп, 2946-сы қайтыс болған. Ал емделіп шыққандардың саны – 47 260  адам. 30 096 науқас әлі күнге ауруханада емделуде.  Д.Ахметшәріптің айтуынша, көз жұмғандардың орташа жасы – 75 жас. Ең жасы 78-де, ал ең үлкені 89 жастағы қария.  «Әлем бойынша 76 елде  12 575  науқас тіркелген. Олардың 221-і қайтыс болды. Иранда – 77,  Италияда  – 79, Оңтүстік Кореяда – 34, круиздік лайнерде – 7 , Жапонияда – 6, АҚШ-та – 9, Францияда – 4, Филиппинде – 1, Тайланда – 1, Аустралияда – 1, Сан-Маринода 1 адам қайтыс болды. Тәуліктік өсім 24,1 пайызды құрайды», дейді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.