Медицина • 05 Наурыз, 2020

Омыртқаны түзеудің тың техникасын тапқан

2653 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Омыртқа ауруларын зерттеп, емдеп жүрген отандық ғалым Нұрбек Нәдірұлының айтуынша, елімізде сколиоз (омыртқаның қисаюы) диагнозымен тіркелген 36 мың адам бар. Олардың 31 мыңы – кәмелетке толмағандар. Ал Қазақстан медицинасы жылына 200 ғана операция жасауға қауқарлы. Себебі маман тапшы. Мәселен, Нұрбек – отандық 3 вертебрологтың бірі. Бірақ бұдан да маңыздысы, ол – балалар омыртқасының деформациясын түзеудің техникасын ойлап тауып, қолданысқа енгізген ғалым.

Омыртқаны түзеудің тың техникасын тапқан

 

Вертебролог дәрігер­лер­­дің жетіспеушілігі атал­ған сырқатты емдеу жауап­кершілігінің ауырлы­ғына, тіпті қауіптілігіне байланыс­ты. Себебі омыртқа – дің­гек, ең маңызды мүше. Оған жасалған ота дұрыс болмаса, емделуші сал болып қалуы да мүмкін. Ал осындай жауапты да қиын қызметке келген кейіпкеріміз еңбек жолын медициналық уни­верситеттің 4-курсында трав­­мотология бөлімінің мейір­­гері болып бастаған. Ол Қарағанды медициналық академиясының интернатурасын бітірген соң, Ақмола облысындағы Аршалы аудан­дық ауруханасының травмотолог-ортопед қыз­метіне орналасты. Екі жыл­дық жұмыстан кейін Трав­мотология жә­не ортопедия ғылыми-зерт­теу институтының резиден­турасына оқуға түсті. Оқуы­­мен қатар институт ауру­ханасының түнгі кезек­ші­лігінде травмотолог-ортопед міндетін атқарды. Рези­­дентурада білім алуы оған көп ізденіске бастады, өз бетінше бірнеше ғылыми баяндама дайындады. Бір ғылыми конференцияда баян­дамасымен көзге түскен Нұрбек Санкт-Петербургтің Г.Турнер атындағы Бала­лар ортопедиялық ғылы­ми-зерттеу институ­ты­ның профессоры Сер­гей Вис­сарионовтан аспи­ран­тураға шақырту алды. Ресей шетелдік студенттерге грант бөлмейтіндіктен, кейіп­керіміз күндізгі бөлім­де өз қаражатына оқып, нә­ти­жесінде, балалардағы ско­лиозды хирургиялық жолмен емдеу бойынша кандидаттық диссер­тациясын қорғады. Ас­пирантурадағы оқуымен бірге және бітіргеннен кейін де сол Санкт-Пе­тербургтегі институт ауру­ханасында трав­­матолог-ортопед, вертобролог болып 4 жыл еңбек етті. Осы жиған білімі мен білігін, тәжірибесін туған жер­дің игілігіне жұмсау үшін шетелдегі 4-5 есе жоғары жа­лақысын, қызметтік үйін, жақсы жағдайын қиып елге келді. Бүгінде «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында өз бағыты бойынша жұмыс істейді. 7 жылдан бері омырт­қаға ота жасап келеді. Дәрі­гер­дің айтуынша, жылына 100-ге жуық науқасты хи­рургиялық жолмен емдейді. Демек, осы уақытқа дейін 700-ге тарта ота жасады, тәуба, бәрі аяқтан тұрып кетіпті.

Сколиоздың түрі көп. Кейіп­керіміз ғылыми жұ­мы­­сында идио­патикалық сколиозды зерт­теді. Мұн­дай­да балалар сау болып туа­ды, бірақ бертін ке­ле омыртқасы қисаяды. Оның себебі анықталмаған. Нұр­бек ғылыми зерттеуінің нәтижесінде винтті (титан – қатты ақ металл) омырт­қа сүйегіне салып ота жасаудың жаңаша жолын тәжірибеге енгізді. Қазір өзі де осы техникамен ота жасап жүр. Негізі қи­сайған омыртқаны іл­гек арқылы түзеу тәжі­рибесі 1980 жылдары Фран­цияда қолданылған. Оның сәтсіздігі сол, сүйек қи­сай­­ғанда, ілгек қоса қи­сая­­ды екен. Әрі бұл әдіс омырт­­қадағы кифозды (бү­­­кір жерін) толық қам­туға және айналмалы тұс­тарын түзетуге жарамады. Сондықтан қазіргі медицинада винт пайдаланылады.  Кейіпкеріміз бұған дейін дәрігерлер бара бермеген қадаммен, яғни винтті мойын омыртқа тұсына да қойып, омыртқаның бар­лық бойын бекітіп ота жасау әдісін жазып шық­ты. Ре­сейде жүріп осы жаңа­лығына патент алды және әдіс­­темелік құралы басылды.

Нұрбектің еңбегі елеу­лі, себебі ол винтті сүйек­тің қай жерінен бастап қалай қоюды, қайтіп жал­ғауды, жұлын жолына тиіп кетпей ота жасауды және ең маңыздысы омыртқа жотасының бүкіл бөлігін хирургиялық жолмен тү­зеудің әдістемесін әзір­леді. 5-10 сағатқа созылатын ота­ны тамақ, ұйқы де­генді ұмытып жасау үшін дәл осылай мамандығыңды жа­ныңмен сүю керек шығар. Кейіпкеріміздің бір операцияны 11 сағат бойы жасаған кезі болыпты.

Nurbek

– Елге оралғандағы ойым – Қазақстанда вер­теброло­гия орталығын ашу болатын. Сол арманыма қол жет­кізгім келеді. Қазір 2-3 сту­дентім бар, соларды әр сала­ға, әр бағытқа баулып, тәр­бие­леп, білгенімнің бәрін үй­ретіп, өзіммен тең маман етіп қалыптастырсам деймін. Ғылым жолына түскеннен бір нәрсеге көзім анық жетті, елімізде алдыңғы толқын ағалар ғылымға келгісі келетін жастарды демеп жіберуден гөрі аяқтан тартып отырады. Бәрі демеймін, бірақ басымнан өткізгендіктен айтып отырмын. Осы олқылықтың орнын толтырсам деп жүр­мін. Алдыма келген шәкірт­тің барлығын ғылымға баулуды көздеймін. Се­бебі медицина ғылымы дамымай, медицина дамымайды, – дейді Нұрбек.

Оның ойынша, орталық құрылса, отандық медицина ел экономикасына да едеуір үлес қосар еді. Себебі кейіпкерімізді білгенін үй­ретуге шақырып жатқан Қырғызстан, Өз­бекстан, Түр­­ікменстан, Тәжік­станда омыртқаға операция жасалмайды, сондықтан атал­ған елдің науқастары хи­рур­гиялық жолмен емделу үшін Ресейге барады. Ал онда 2016 жылдың өзін­де бір отаның құны
1 миллион рубль тұратын. Теңгемен есеп­тегенде 4-5 есе көп. Міне, сол себепті кейіпкеріміздің кө­кейіндегі орталықтың жұ­мысы жолға қойылса, Қазақ­стан­нан өтіп, Ресейге барып жүрген емделушілерді елімізге тартып, медициналық туризмге серпін беруге болады.

Дәрігер-ғалым Scopus ба­за­­сындағы халықаралық басылымдарға көптеген ма­қала жазған, осыған дейін 40-тан аса ғылыми еңбегін жа­риялады.  Дегенмен осы деңгеймен шектелмей, алдағы уақытта Ұлттық биотехнология инс­ти­ту­тындағы ге­нетик­пен бір­ге медицина ғылымында себебі анық­талмаған идио­пати­калық сколиоздың пай­да болу факторларын табу­ға бағытталған жобасын бас­тамақ. Бұл үшін қоры­тын­дысы әлі кешік­тіріліп жат­қан Жас ғалым­дар­дың ғылыми жобаларына жария­ланған байқауда қолдауға ие болуы керек.

Нұрбектің жұмыс үс­те­ліндегі қабырғаға Абай­дан бас­тап, Алаш қайрат­керлерінің ғылымға ша­қыр­ған сүбелі сөз­дері жа­зылған парақшалар ілініпті. Қилы кезеңдерде қазаққа қыз­мет қыл­ған қайсар рухты бабалары өзіне жігер бе­ре­тінін жеткізді. Сөз арасында өзі­­нің ұлтжанды екенін де ашып айтты. Содан көңілге «Ұлтты әркім өзінше сүйе­ді, бірақ бәрінен биігі – ел­ге сүйіс­пеншілігіңді адал еңбек етіп көрсетуде екен-ау» деп ой түйдік.