Әсіресе мұндай хабарландыруларды «krisha.kz» және «olx.kz» сайтарының порталынан жиі байқайтынбыз. Krisha.kz жобасының басшысы Севиль Дарган Алматыда журналистермен кездескен кезде ақпараттық қызмет көрсету агенттіктері мен өздерінің арасындағы байланыс сату, сатып алу немесе жалға беру туралы хабарландырулармен шектелетінін, ай сайын 318 мың хабарландыру жарияланатынын тілге тиек етіп өтті.
«Оларға «ақпараттық қызмет көрсету агенттігі» деген атпен қай жерде тіркелгенін білмеймін. Олардың жұмысының заңды екенінен де хабарым жоқ. Бізге жеке тұлға ретінде хабарландыру береді. Ал жаңадан тіркелген немесе пәтері тым арзан бағалағандар бірден біздің назарымызға ілігіп, тексеріледі. Тек ақпан айында біз порталымыздан 1177 алаяқтың жеке кабинетін өшірдік», - деді Севиль Дарган .
Алаяқ риэлторлармен күрес оңай емес. «Krisha.kz» арнайы жобалар бөлімінің жетекшісі Севиль Рагимова жалға үй алушылар сайт арқылы пәтер іздегенде келесі айрықша белгілерге назар аударғаны жөн екенін ескертті. Сары түс – нарықта бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан, тексерілген компаниялардың жарнамалары, қызыл түс – шағым түскен күмәнді жарнамалар, «жаңадан тіркелген» белгісі көрсетілгендер – әлі тексерілмеген жарнамалар.
Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығында қазір 70-ке жуық агенттік тіркелген. Бұл ішкі нарықта заңды жұмыс істеп жүргендерінің жалпы саны. Ал нарықта бұл қызмет түрін көрсететін тағы қанша компанияның бар екенін ешкім білмейді. Тапқан табысын жасырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден қашып жүргендері де жетеді. Оларды салықшылардың өздері тәртіпке сала алмай отыр екен.
Кәсіби риэлторлар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы пәтерлерді жалға беру нарығын жүйесіздік жаулап алғанын жасыра алмай отыр. Өздерін «риэлторлармыз» деп таныстырған алаяқтар қазақстандықтардың құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, нәтерлерді сыртынан заңсыз жалға берумен немесе қайта сатумен айналысып жүр. Бұл мәселе Алматы кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан риелторлары қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысынды жан-жақты талқыланды.
Қауымдастық президенті Лариса Степаненко Алматыда жалға пәтер іздегендерге баспана тауып беремін деп алдап, алдын ала 15-20 мың теңге сұрап, кейін қашып кететін алаяқтар өздерін жылжымайтын мүлік бойынша мамандар немесе риэлторлар деп таныстыратынын жиналғандардың қаперіне салып өтті. «Ондай адамдарды риэлторлар деп атамау керек»,– деді Лариса Степаненко олардың заң шеңберіне сыймайтын әрекеттерінің салдары қауымдастықтың абыройына нұқсан келтіретінін жасырмайды.«Мүліктің сатылуы немесе жалға берілуі туралы хабарландыруды жариялайтын БАҚ-тар хабарландыруды жарнама берушімен, яғни риэлторлық агенттікпен келісімшарт жасағаннан кейін ғана жариялауы керек» деген бапты заңдастыру керек. Біз осындай жолмен ғана алаяқтардың санын азайта аламыз. Бұл көптеген адамдардың көлеңкелі бизнесінің жолын жабады. Мұны БАҚ туралы заңда көрсету керек» деп кесіп айтқан Лариса Степаненко клиенттердің құқықтық сауатсыздығы да жалған риэлторлардың көлеңкелі бизнесіне жол ашып беретінін айтты. «Нарықтағы бағадан 50 пайыз төмен баға ұсынатындардың қолында пәтер ұсынып отырған адамдардың аты-жөні, мекен-жайы және телефондарынан өзге мәлімет болмайды. Көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласқан клиент іздеп барған пәтердің мүлдем жалға берілмейтінін немесе басқа адамға беріліп қойғанын біледі. Не істерін білмей дағдарып қалған клиенттер амалының жоқтығынан біздің қауымдастыққа хабарласады», - дейді Лариса Степаненко.
«Риэлторлық бизнесте ортақ жүйе керек, ортақ база керек» дегенді сарапшылар көптен айтып жүр. Қазіргідей, ақпаратты технология заманында мұның ешқандай қиындығы жоқ. Нарықтың бұл сегменті мемлекет тарапынан реттелмегендіктен, Қазақстан риэлторлары қауымдастығының рөлі шамалы. Ішкі нарықта заңсыз жұмыс істеп жүргендерінің өздері қауымдастықтың талабын жүре тыңдайтын көрінеді. Лариса Степаненко атап өткендей, риэлторлық қызмет жылжымайтын мүлік нарығымен тікелей байланысты, барлық саламен ұштасады. Демек, бұл – еліміздің тұрғын үй саясатынан бастап, екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық саясатына дейін тығыз қарым-қатынаста қарастырылатын кешенді мәселе болғандықтан Риэлтор қызметінің ұлттық стандартының жобасын әзірлеуге кіріспек.
Бұл бастаманы Қазақстан риэлторлар қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП қолға алғанын осы жиында білдік. Лариса Степаненко риэлтор қызметіне байланысты Еуразиялық одақ елдеріне ортақ стандарт әзірленгенін еске түсіріп өтті. Тіпті ЕАЭО-ның Қазақстаннан өзге төрт елінде бекітіліп, риэлторлар жаңа талап бойынша жұмыс істеп жатыр. Осы мәселелерді айтқан қауымдастық басшылары қазақстандық үлгісін дайындауға кірісіп кеткені туралы айтты. Бұл құжат, олардың түсіндіруінше, риэлторлардың қызметін реттеп қана қоймай, бұл салада жұмыс жасаймын дегендерге жолдама да береді.
Сарапшылардың сөзінше, ұлттық стандарт бекітілсе, кім көрінген риэлтор болып қызмет атқара алмайды. Қазақстан риэлторлар қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП-ның оң бағасына ие болып отырған жоба агенттіктер мен клиенттер арасындағы шарттарды барлық риэлторларға міндеттейді. Құжатта екі тараптың міндеті мен жауапкершілігі барынша айқын көрсетілген. Олар болашақ пәтер иелері үшін баспана тауып, жалға алу шартын жасауға көмектесуі керек, тек содан кейін өз қызметі үшін төлем алуы тиіс. Енді екі тарап Қазақстанда риэлторлықпен айналысып жүрген агенттіктердің бәрін egov.kz порталына енгізуді жоспарлап отыр.
«Атамекен» ҰКП Алматы филиалы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетов сырт көз қаталдау деп баға берген шешімнің қабылдануына делдалдардың лицензия алмай-ақ, салық төлемей-ақ жұмыс істеп жүргені себеп болғанын, риэлторлық агенттіктердің лицензиясы міндетті түрде болуы деген ортақ шешімге келуіне осы фактор себеп болғанын айтты. Сонымен қатар олар риэлторлықпен бұрын істі болған адамдардың айналысуын шектеу туралы өзгеріс енгізуге ниеттеніп, «бұрын істі болмаған азаматтар ғана айналыса алатындай талапты бекітуге бекініп отыр.
Сарапшылар кезінде Қазақстанда осы мамандыққа оқыту және кәсіпті сертификаттау туралы ұсыныс білдірді. Шет елдерде риэлторлық қызмет мемлекетке қыруар салық түсімін түсіретін кәсіп ретін белгілі.
Қауымдастық өкілдері әзірленіп жатқан ұлттық стандартқа риэлтор мамандығы туралы да талап енгізбек. Олар риэлтор қандай кәсіп екені, қызмет көрсету үшін қандай білім алу керек екені нақтыланбаған. Басқаша айтқанда біз оның кім екенін білмейміз. «Шетелде бұл – жеке мамандық. Ұлттық стандарт бекітілгесін оны Ұлттық экономика министрлігіне тиісті нормативтік актін әзірлеу үшін жолдаймыз. Бұл заңмен немесе үкіметтің қаулысымен шешілетін мәселе. Егер, тиісті министрліктер біздің ұсынысымызды құп көрсе, жұмыс тобы құрылып, онда барлық мүдделі тараптар нормативтік құжаттарды әзірлеуге шақырылады », - деді Айтуар Кошмамбетов.