Экономика • 05 Наурыз, 2020

Минскіге мұнай өткізіп, шұжық сатып аламыз

219 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы  уақытта сарапшылар ішкі нарықта Белорустен келген ет өнімдерінен дайындалған азық-түлік өнімдерінің бағасы қазақстандық  өнімдермен салыстырғанда   арзан және дәмді екеніне назар аудара бастады.

Минскіге мұнай өткізіп, шұжық сатып аламыз

Бұған қазақстандық тұтынушылардың сол елден келген өнімдерге көбірек ден қоятыны себеп болыпты. Бүгін Алматыда бас қосқан сауда желілері басшылары, ритейлерлер ішкі нарықтағы белорус өнімдерінің өтімділігі және тартымдылығы туралы ойларымен бөлісті.

Ресми дерекке  ден қойсақ, екі елдің тәуелсіз ел ретінде алыс-беріс жасай бастағанына биыл 24 жыл. 1996 жылдан бері сауда экономикалық байланыстар туралы үкіметаралық комиссия жұмыс істейді.

Екі ел арасындағы келісімдер қоржыны 65 мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді қамтиды екен. Солардың ішіндегі ең ірісі - екі мемлекет арасындағы 2026 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық Келісімшарт.

Өткен жылдың мамыр айында Белорусь Президенті  Александр Лукашенко  ЕЭК кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Белорусьте  дайындалған  азық-түлік өнімдері салынған кәрзеңкені сыйға тартты.   Сол кезде сарапшылар Белорусь ЕАЭО-да Ресейден кейінгі азық-түлік импортері екенін журналистердің есіне салып қойған.

Сол елдегі  елшіміз Асқар Бейсембаев ұсынған деректерде 2016-2018 жылдары екі ел арасындағы сауда айналымы екі есе өскені, 419 млн АҚШ долларынан 896 млн АҚШ долларына жеткені айтылады.   

Беларуссия Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Владимир Улахович 2020 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асады деп үміттенеді: «Өткен жылы (Беларусь статистикасы бойынша) біз шамамен 1 миллиард долларға жеттік. Бір жылда біз тауар айналымы 1 миллиард долларға жетіп қана қоймай, бұл көрсеткішті едәуір еңсеруге тиіспіз », - деді ол өткен апта басында журналистермен кездескен кезде.  

Сол кездесуде Владимир Улаховичтің әңгімесінен біз ол елден қандай тауарлардың  импортталатынын біліп алдық. Сүт өнімдерінен бастап  жүк көлігіне дейін белорустардан алады екенбіз.

Қазақстан өз кезегінде Беларуссияны негізінен мұнай өнімдерімен, көмірмен, металлдармен және прокатпен қамтамасыз етеді. Қазақстанда 246 белоруссиялық компания мен Беларуссия капиталы бар компаниялар, тарату желісінде 40-қа жуық кәсіпорын және 7 құрастыру зауыты (ауылшаруашылық техникалары, жүк машиналары) бар. Жүк көліктері мен тракторлардың экспортын түсінуге болады.  Қазақстанда егістік жерлер Беларуссияға қарағанда 10 есе көп. Бірақ  Қазақстандағы сауда үйлерінің 90 пайызы Беларусь шұжықтарына, ірімшіктеріне және сүт өнімдеріне тапсырыс беруге асығып тұрады.   Ресеймен салыстырғандағы  тасымалдау шығынының қымбаттығы да  Беларусь тауарларына деген махаббатымызға түк те кедергі келтірмейді екен.

Жақында  ғана Алматыда белорусьтің азық-түлік өнімдерін сататын ірі екі сауда нүктесі ашылды. Бұған дейін Белорусь жиһазы деген атаудағы дүкендерді Қазақстанның кез келген қаласынан кездестіретінбіз.

Сол себепті Алматының ең ірі сауда үйлерінің иелері Белорусьтен келген азық-түлік өнімдерінің бағасы қолжетімді және сапалы болғандықтан қазақстандықтар жағынан сұранысқа ие екенін айтады. Ритейлер қауымдастығы ұсынған деректерде Қазақстандағы ет-сүт өнімдерінің 15 пайызы сол елден келгенін айтады. Сондай-ақ құс, балық еті, шұжық өнімдеріне деген сұраныс та өте жоғары.

Беларуссиялық өнімдерге сұраныстың себептеріне келетін болсақ, респонденттердің барлығы дерлік бірінші кезекте сапаны атап өтті, бағасының қолжетімділігі де назарға алынды. Кейбір тұтынушылар Беларусь Республикасынан тауарларға баға берген кезде  «кеңестік стандарттар» тіркесін қолданыпты.  Таратып айтқанда, ол елден келген еттен дайындалған шұжықтардың, сүт өнімдерінің  дәмінде  КСРО-ның стандарттары сақталып қалғанын айтқан. Бұл дегеніңіз  құрамында  дәмдеуіш құрамалар аз, таза табиғи өнім көп деген сөз.

Алматыда өтіп жатқан көрмеде Көрмелер мен сауда форумдарын ұйымдастыру жөніндегі компанияның Бас директоры  Елена Сарғалдақова бізбен әңгімесінде  белорустік әріптестерімен жиі кездесіп тұратынын айтты. Олар біздің елге көрме ұйымдастыруға келген сайын көрме залдарының бос тұрғанына налиды екен.  Тауар бар да, соны Қазақстанға алып келіп, саудаласуды келістіретін кәсіпкерлер аз.   

«Демек екі ел де сұраныс пен ұсыныстың қажетті тетіктерін іске қоса алмай отыр. Ол елдегі әріптестеріміз сүттен, еттен дайындалған өнімдермен тіпті көршісі Ресейдің өзін қамтамасыз ете алмай отыр екен.  Ресейге экспорт 1 жыл бұрын, өнімнің жарты бағасы алдын-ала төленген жағдайда ғана жасалады. Себебі Ресейде Белорусь тауарларына, азық-түлік өнімдеріне деген  сұраныс деңгейі өте жоғары. Тек Қазақстан ғана емес, Ресей де  Белорусь тауарларындағы сапа белгісінің КСРО стандарттарының сақталып қалғанына сүйсінеді екен» дейді Елена Сарғалдақова.

Жиын барысынан ұққанымыз,  Қазақстан Белоруське  мұнай  өткізіп, сүт пен шұжық  сатып алады.

Ал талғампаз тұтынушы «Минскінің шұжығы қазақстандықтарды неге өзіне қаратып алды?» деген сауалға әлі күнге дейін жауап іздеп жүр.