Аймақтар • 05 Наурыз, 2020

Білім беру нысандарын ерекше тәртіппен тексеру мәселесі талқыланды

824 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін  Түркістан облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде  білім беру және тәрбиелеу объектілерін ерекше тәртіппен тексеру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Білім беру нысандарын ерекше тәртіппен тексеру мәселесі талқыланды

Жиынға департамент басшысы Н.Нышанов төрағалық етті. Күн тәртібіндегі тақырыптың өзектілігіне назар аударып, түсетін арыздар бойынша жоспардан тыс тексеру барысында туындайтын мәселелерге тоқталды.

Балалар мен жасөспірімдер арасында инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Ш.Имантаева санитариялық талаптарды орындауда балабақшалар мен білім беру мекемелерінің міндеттері туралы баяндап өтті.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Ж.Жұмабек жекеменшік білім беру нысандарының құқықтары жөнінде сөз қозғаса, департамент басшысының орынбасары А.Ахметов барлық тексерудің түпкі мақсаты адам өмірі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделетінін тілге тиек етті.

Түркістан облысы адами әлеуетін дамыту басқармасының өкілдері Ж.Елемесова  мен Қ.Дүйсенбиев, Түркістан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы М.Байтүгелов өз кезегінде білім мен тәрбие беру мекемелеріндегі санитариялық талаптардың орындалуына байланысты пікірлерін ортаға салды.

«Заң – баршаға ортақ. Әйтсе де, кәсіпкерлер бірінші орынға жеке мүддесі мен пайдасын емес, азаматтардың қауіпсіздігін қоюы шарт. Сол кезде тексерудің де қажеттілігі туындамайды. Біз жұмысымызды орын алған оқыс жағдайдың себеп-салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға бағыттауымыз қажет» дей келе, департамент басшысы Нұрбек Садықбекұлы жиынды қорытындылады.