Әлем • 06 Наурыз, 2020

Делиді дүрліктірген не?

550 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үндістанның Дели қаласында хиндустар мен мұсылмандар қақтығысып, 40-тан астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын жараланды. Бірнеше күнге созылған қаралы оқиға Үндістанның жаңа тарихындағы қанды қырғынға айналды.

Делиді дүрліктірген не?

Делиді дүрліктірген жағдай кезінде әсіре ұлтшылдыққа бой алдырған хиндустар бейбіт өмір сүріп жатқан мұсылмандарды ұрып-соғып, тірідей өртеп, қор­лық көрсет­кен. Сондай-ақ басбұзар­лар мұсыл­мандарға тиесілі ғи­марат­тардың бәрін өртке ораған. Қазіргі таңда халықаралық қоғам­дас­тық тарапы аталған оқиғаны мұсылмандарға көрсетілген қысым деп бағалап отыр.

Оқиға қалай басталды? Өткен аптада ел үкіметі азаматтық туралы жаңа заң қабылдаған болатын. Соған сәйкес, Үндістанға көрші Пәкістан, Бангладеш және Ауған­станнан 2014 жылғы 31 жел­тоқ­санға дейін көшіп келген өзге дін өкіл­деріне аза­маттық алу жеңіл­детілді. Бұл тізім­ге негізінен индуистер, сикх­тар, буд­дистер, христиандар секілді бір­неше дін өкілдері кірген. Алайда мұсыл­мандарға мұндай жеңілдік қарас­тырылмаған.

Бұған, әрине Ислам дінін ұста­на­­тын­дар қарсылық білдірді. Соны­мен қатар жергілікті тұрғын­дар да Бангладештен келетін хин­дус­тар­дың азаматтық алуына на­ра­­зылық білдірді. Осы сәтті пай­­даланған хин­дустардың әсі­ре ұлт­шылдары бейбіт түрде көшеге шығып, өз пікірін білдірген мұсыл­ман­дарды ұрып-соғуды бастап кеткен.

Бұқаралық ақпарат құрал­дарын­­д­а тараған мәліметке сүйенсек, Үндістан астанасында 4 күнге созылған қырғын кезін­де мешіттерге от қойылып, мұ­сыл­­­мандар үйлерімен қосып өр­те­ліп, көшеде қолға түскені аямай жазалан­ған. Басбұзарлар көшедегі ғимараттар­ды, көлік­терді талқандап, тонаған. The Guardian басылымының мәліметіне сай, қастандық кезінде полиция қызметкерлері хинду бас­бұзар­ларына көмектесіп, тіпті мұсыл­мандарға күш көрсетуге бел шешіп кіріскен көрінеді.

Мұсылмандардың бейбіт шеруге шыққанын жоғарыда айттық. Олардың көшеге шығуы таяуда өткен жергілікті сайлауда орнынан айрылып қалған Bharatiya Janata партиясы көсемдерінің бірі Капил Мишраға ұнаған жоқ. Әсіре ұлтшылдардың пірі саналатын ол «егер көшені босатпаса, біз оларды қуып жібереміз» деп үндеу тастады.

Одан қала берді, әлеуметтік желіде мұсылмандар хиндустарға қарсы бас көтермек екен деген өсек желдей ескен көрінеді. Қан қызып тұрғанда адам шындық пен өсекті айырсын ба? Хиндустар мұсыл­мандарға «өз орнын көрсетіп, сабақ беру» үшін іске кіріскен. Көзіне қан толған басбұзарлар мұсыл­ман еркектерден бөлек, әйел­дер мен балаларды да аямаған көрінеді. The Guardian басылымы­ның хабарлауынша, олар екіқабат әйелді де ұрып, ішінен тепкілеген.

Дегенмен хиндустардың бәрі қыр­ғын салды деуден аулақпыз. Кей­бірі мүмкіндігінше қолынан кел­ген көмегін аямаған. Мәселен, өз есімін айтпауды өтінген бір хиндус 7 мұсылман отбасын үйіне жасы­рып, қырғыннан аман алып қал­ған. Ал сикх дінін ұстанатын бір азамат мотоциклімен 70-ке жуық мұсыл­манды қауіпсіз жерге тасыған. The Guardian газетіне сұхбат берген ол «бұл әрекетімді адамгершілік үшін істедім», деп ағынан жарылыпты.

Жалпы, Үндістандағы діни қақтығыс күні кеше басталған жоқ. 1947 жылы мемлекет екіге бөлі­ніп, Пәкістан құрылғалы бері екі мил­лионға жуық адам қаза тапты. Бір­неше рет мұсылмандар мен хин­дус­тар қақтығысты. Мәселен, 1992 жылы мыңдаған хиндус көшеге шы­ғып, мұсылмандарды «тәртіпке ша­қы­рып», Бабырдың мешітін қи­рат­қан. Бұдан бөлек, Кашмирдің мәсе­лесі әлі күнге дейін шешілген жоқ.

Айтпақшы сол кездегі оқи­ғаны ұйым­дастырған хиндус ұлтшыл­дарының Bharatiya Janata партиясы болатын. Қазіргі таңда аталған партия ел басқарып отыр. Әсіресе 2014 жылы Нарендра Моди үкі­мет тізгінін қолына ұстағалы бері шие­леніс одан әрі ушыға түсті.

Bharatiya Janata партиясы Үнді­с­тан хиндустар үшін деген ұста­нымға сенетіні белгілі. Ел тізгінін ұстаған азаматтар діни азшылықты қуғын­дап келеді. Осылайша мұсылмандар Үндістандағы екінші сортты адамға айналған.

Н.Модидің қанды қырғын жасады деп айыпталуы бүгін емес. Оны 2002 жылы Бұған дейін Гужарат провинциясын бас­қарып тұрғанда мыңнан астам адам өліміне әкелген секталық қақтығысты бастауға әсер еткен деп айыптайды. Қаза тапқандардың 800-ге жуығы мұсылмандар. Әйтсе де, Н.Моди өзіне тағылған айыптың бір де біріне келіспейді. 2012 жылы Үндістанның Жоғарғы соты оны ақтап та шыққан-ды. Әйтсе де, халықаралық қоғамдастық елдегі мұсылмандарды қудалағанын кешіре алған жоқ. Сондықтан шығар, оған АҚШ-қа кіруге тыйым салынған.

Қысқасы, айдың-күннің аманында Делидің дүрлігуіне діни алауыздық себеп болды. Әзірге бұл мәселенің түбегейлі шешіле қоюы екіталай. Үндістан аста­на­сын­дағы оқиға бір нәрсені анық аң­ғарт­ты. Әсіре ұлтшылдық – қоғам­ның тыныштығына төнген үлкен қауіп.