Оның үстіне қазіргідей гендерлік теңдік заманында қыз-келіншектің қоғамдағы орны сәт санап биіктеп келеді. Әуелгіде киім үлгісі, әдет-ғұрып, мінез-құлық, жалпы міндеттердің де аражігі айқын болатын. Сәл бұрында дүниедегі мамандық пен жұмыс атаулы ер мен әйел үшін бөлек еді. Қазір ұстаным өзгерді. Әсіресе, басқару құрылымындағы нәзік жандылардың үлесі артып отырғанын жасыру қиын болар. Дегенмен, билік басына жаулықты ана мен бұла бойжеткеннің көптеп келуіне қуану керек. Ғаламдық үдерістегі бұл үрдісті Қазақстан да бастан өткеруде. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласындағы әйелдер саны өсу үстінде. Мәселен, елімізде 98 мыңнан астам мемлекеттік қызметші болса, оның 51 пайызын әйелдер қауым құрайды екен. Яғни, әр салада, түрлі деңгейдегі шенеунік қатарын 50 мыңның үстіндегі қыз-келіншек толықтырып тұр.
Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекованы да осы тізімнің жуан ішіне қосуға әбден болады. Еңбек жолын Талдықорған қалалық әкімдігінде референт-хатшы болып бастаған Сәуле Аманбайқызы қызмет баспалдағымен сатылап өсіп, тынымсыз еңбек пен өнегелі тәжірибенің арқасында түрлі лауазымды еңсерді. Жалпы, мемлекет қызметшісінің кәсіби өсу жолы ішкі саясат пен әлеуметтік салаға тікелей қатысты екен. Қала әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қатардағы маман болып кірген Сәуле ханым жылдар өте келе бас маман дәрежесіне көтеріліп, ұзақ жыл облыс орталығының әлеуметтік мәселесі мен қоғамдық-саяси тыныс-тіршілігін бес саусақтай танып, білді. Оның қызметтік өтілі мен тәжірибесі ішкі саясат бөлімін басқаруға дейін жеткізді. Өзіне жете таныс саланың жұмысын бірден дөңгелетіп әкетті. Соңғы бір жылдан астам уақыт қала әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары лауазымын абыроймен атқарып жүр.
Әлеуметтік салаға жауапты болу – бір жағынан әуресі көп жұмыс саналғанымен, адамдармен етене жақын араласып, қоғамдағы өзекті мәселелердің бел ортасында жүруге, сол арқылы бұқараға сыйлы, ортаға құрметті болу үшін таптырмас алтын көпір іспетті. Әрі қалада өтетін қандай да бір шараға дайындық пен ұйымдастыру жұмысы да адамға үнемі қозғалыс пен ширақ болуды, тіпті сындарлы ойлау мен тапқырлықты үйретеді екен.
Сәуле Аманбайқызының бұл лауазымды қызметке кірісуі көп балалы аналар жағдайының күн тәртібіне шыққан кезбен тұспа-тұс келді. Жауапты тұлға болса да, алдына келген әйел қауымының сыры мен мұңын әдеттегідей жүрегімен қабылдады. Қиын жағдайда жүрген адамның жанына жадыраңқы қабақ пен жылы сөздің өзі жақсы әсер етеді. Сәуле ханым қаладағы әрбір көп балалы отбасы мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған әулеттің мәселесін тыңдап, бірқатар оң шешімдердің қабылдануына күш салды. Қазір қала бойынша көп балалы аналардың жағдайы тұрақты қалыпқа келді. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік салаға жасаған оң бетбұрысының нәтижесі.
– Қала билігі көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға барынша жәрдем көрсетуге жұмылды. Өткен жылы мектептерде көп балалы отбасыдан шыққан 2 687 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, 1 596 көп балалы ана қалалық қоғамдық көліктердің қызметін тегін пайдалануға қол жеткізді. Қазір біз әр отбасының жағдайына мониторинг жасап отырамыз. Бізде барлығы 4 066 көп балалы ана тіркеуде бар, бәрінің сыры мен мұңына ортақтасқым келеді. Бұл менің лауазымдық міндетім ғана емес, ана ретіндегі парызым ғой, – дейді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова.
Талдықорған қаласында тұрғын үйлерді табиғи газ желісіне қосу жұмысы қызып тұр. Былтыр облыс әкімі Амандық Баталовтың шешімімен әлеуметтік карта жасалып, көп балалы отбасылардың үйін көгілдір отын құбырына тегін қосуға мүмкіндік туды. Бұл игілікке 148 отбасы ие болды. Сондай-ақ қала бойынша әлеуметтік қорғау бағытында коммуналдық қызметтердің шығынын өтеуге қаржы бөлініп, 635 отбасына 16,3 миллион теңгенің тұрғын үй көмегі көрсетілген екен. Оның ішінде 24 көп балалы әулет тағы бар. Риза болған адамдардың қуанышын бөлісу де бір ғанибет қой, тұрғындар мемлекеттің қамқорлығын сезіну үшін жасалған жұмыстың нәтижелі болғанын көру де ерекше сезімге бөлейді. Бұл да әлеуметтік салаға жауапты орынбасардың қызметтік жауапкершілігі мен перзенттік парызына сай ұстанымы болуы тиіс.
Айтпақшы, гендерлік теңдік ұстанымы Алматы облысында қалыпты жағдайда тұр. Дерек бойынша аймақта 7312 адам мемлекеттік қызмет саласында еңбек ететін болса, оның 51 пайызы әйелдер екен. Ал басшылық орынтақта отырған қыз-келіншек үлесі 18 пайызға жетті. Нақты айтқанда, облыстағы 3732 нәзік жанды мемлекет қызметшісінің арасынан 653 қыз-келіншек билік тізгініне ие болып отыр. Демек, елге адал қызмет ету жолында Сәуле Аманбайқызы жалғыз емес екен. Ал бұл бағыттағы төгілген маңдай тер еш кетпек емес. Жұмыстың нәтижесі уақытқа тәуелді болғанымен, жемісін адамдар көреді. Мемлекет қызметіндегі лауазымды тұлға үшін бұдан артық талап, қанағат, рахым сезімі бар ма?
Алматы облысы