Аягөз қаласында дүниеге келіп, Семейдегі Радиотехника және байланыс колледжін ойдағыдай тәмамдаған соң, 2016 жылы осы қаладағы №10810 әскери бөліміне Қазақстан Қарулы Күштерінің азаматтық қызметшісі болып жұмысқа қабылдандым. Алғашқы еңбек жолым осылай басталды. Алайда әскери киім киюге сонда да екі жыл уақыт қажет болды.
Әскери тәртіппен қатар, спортты да серік еткен жайым бар. Сол 2016 жылы шаңғымен сырғанау үшсайысында 1-орын, араға екі жыл салып 2018 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы офицерлік үшсайысында 2-орын, сол жылы «Макаров» тапаншасынан ату жарысында 1-орын иелендім. 2019 жылы «Әлем жауынгері» сайысында іріктеуден өтіп, Арменияда өткен әскери ойындарда жүлделі 3-орын иеленсем, биыл «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған осы сайыста 1-орынды жеңіп алдым. Осы жетістіктерім елеусіз қалмай, 2019 жылы Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың қолынан ІІ дәрежелі «Ел қорғаны» медалін алдым.
Әйел бақыты теңін тауып, тұрмысқа шығу емес пе? Жолдасым Сергей Толканов та әскери адам. Екеуміз де Үшаралдағы №40398 әскери бөлімде қызмет етеміз. Ол сержант шенінде. Мен ефрейтормын. Кейде мені тағдыр әскери өмірге біржола таңып қойғандай көрінеді. Солай болғанына қуанамын да.
Әскер қатарындағы әйел азаматтардың өміріне көп адам таңданыспен қарайды. Қиындыққа, тәртіпке төзу оңай емес әрине. Алайда осы саланы таңдағаным үшін бір сәт те болсын өкінген емеспін. Өкінбеймін де. Қазақ тарихындағы батыр қыздардың ардақты ізі өшпеуі тиіс. Соның бір бөлшегі болсам, одан асқан арман жоқ менде.
Мөлдір САФАКОВА,
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы №40398 әскери бөлімінің ефрейторы