Руханият • 06 Наурыз, 2020

Қазақ қызы, қандайсың?

1057 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әкеге құрмет», «Анаға тағзым» кітаптарының авторы, әріптесіміз Күлия Айдарбекова еңбек жолын журналистикадан бас­тап, мемлекеттік қызметте, яғни об­лыстық басқармаларда басшылық қызметтерді атқарды. Бүгінде шы­­ғармашылыққа ден қойған Күлия Смайылханқызының қазақ қыз­дары жайлы кітап жаза баста­ғанын естіп, бұл тақырыпқа қа­лам тартуына не себеп болғанын сұ­раған едік.

Қазақ қызы, қандайсың?

– Қазіргі қазақ қыздары бұрынғыдан да сұлу. Бірақ олар өз қадірі мен баға­сын білмей жүр деп ойлаймын. Мен «Қазақ қызы» деген кітапты бастадым. Бұл қадамыма бір оқиға түрткі болды. Бірде Нұр-Сұлтандағы жиында әріп­тестерімізбен отырғанбыз. Есік жақтан сақалы қауғадай өзге ұлт азаматы қазақ қызын жетектеп алып кірді. Оның артынша кірген, қарындары қампиған, сақал-мұрттары өсіп кеткен әлгі азаматтың жерлестерінің жанында да бір-бір қаракөз сіңлілерім. Ішім өртеніп, көзіме жас келді. Мәселенің мәнжайын зерттедім. Сәті түсіп, тіпті әлгі еркектен де сұрадым. Жасы келген мен жиіркенетін сол азаматқа қазақ қызының сатылғанын біліп, жүрегім қан жылады. Біз қалайша мұндай күйге түстік? – дейді Күлия Смайылханқызы.

Әріптесіміздің әйел затының жұмыс­басты болуына қатысты да көзқарасы бөлектеу. Қызметтік дәуір – уақытша, бүгін қажет болғанымен, ертең жасың келгенде керек емес болып қаласың, дейді ол. «Әйелдің ғұмырында барлығы шектеулі. Қыз дәуренінің өз уақыты бар, ана болу бақыты 40 жасқа дейін деген секілді. Әйел затының негізгі миссиясы – ана болу. Барлығына үлгеру керек. Қызмет пен отбасы таңдауға түсетін дүние емес. «Мен қызмет істеп жүріп, күйеуге тимей қалдым. Балалы бола алмадым», деу дұрыс емес. Ол сенің мәселең. Себебі сен бір дүниені екінші нәрсемен шатастырып алмастырдың. Ертең қартайғанда аузыңа су тамызып, ақтық сапарға шығарып салатын, табытыңды көтеретін – перзенттерің. Ұжымдас, әріптестерің сені жұмыс орныңнан шығарып салмайды ғой. Осыны есте ұстау керек. Әйел болуға, ана болуға уақыт таппасаң, ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ», дейді Күлия Смайылханқызы. Жиырма жылдан астам уақыт мемлекеттік қызметте болған, бүгінде кәсіподақ саласында жүрген ол барлық уақытта мүмкіндігінше қа­рапайым болуға тырысқанын айтады. Егер атқарған қызметіңнің халық­қа пайдасы тимесе, нәтиже шық­па­са орынды босату қажет деп есеп­тейді. Көп балалы аналарымыздың әкім­шіліктерге барып, алаңдарға шығып, митингілер ұйымдастырып жүргені қазақ әйеліне жараспайтын қылық екенін айтады. «Баласын далаға, дәретханаға тастаған безбүйрек ананы көрсеттік. Енді көшеге шы­ғарып, ұрандатып жатырмыз. Бала – Алланың мемлекетке емес, саған берген сыйы! Қазіргі аналарымыздың көшеге шығып, кеудесін ұрғылап «мен көп балалы анамын», дегені дұрыс емес. Қазақ кесір мен елдің көзі тимесін деп баланың санын еш уақытта айтпаған. Құдай перзенттен айырылып қалудан сақтасын. Ана деген баланың тілеуін тілеп, шүкіршілік етіп, тыныш қана жүретін жан. Еңбек етсең, міндетті түрде берекеті болады. Кезінде біздің аналарымыз 5 соммен-ақ күн көр­ген. Өкінішке қарай, қазіргі ана­лардың көбінде тәубе жоқ. Өзі үшін туған балаларын мемлекетке міндет қылған аналардан қорқамын», дейді Күлия Смайылханқызы.

 

Түркістан облысы