31 Наурыз, 2010

ІЛГЕРІЛЕУШІЛІКТЕРГЕ РИЗАШЫЛЫҚ

569 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында Париждің Люксембург сарайында Франция Парламенті Сенаты мен Францияның халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігінің (ЮБИФРАНС) басқаруымен Орталық Азия мен Кавказ елдеріне арналған коллоквиум өтті. Іс-шараға 100-ден астам  аталған аймақ елдерімен ынтымақтастықты дамытуға ынталы француздың жетекші компаниялары­ның, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың  өкілдері қатысты. Коллоквиумға қатысушылардың алдында Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненов сөз сөйледі. Ол француздың  іскер, саяси және қоғамдық топ­тары­ның өкілдерін Мемлекет басшысының Қаз­ақстан халқына Жолдауымен, еліміздегі қазіргі эконо­ми­калық жағдаймен және табысты іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы қадамдармен, Қазақстан-Фран­ция стра­те­гиялық әріптестігінің дамуымен таныстырды. Елші Рес­публиканың үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының, жаңа Салық кодексін енгізудегі және Кедендік одақ жағдайындағы біздің инвестициялық басым­дықтарымыздың басты элементтері туралы сөз қозғады.  Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыру тақырыптары жөнінде айта кетті. Іс-шараға қатысушылар Президент Н.Ә.Назарбаевтың экономикалық бастамалары, жаңа өндірістік, инфра­құры­лымдық және энергетикалық жобалар, осымен қатар дағ­да­рысқа қарсы шаралар мен банк саласындағы жағдайдың тұрақтануы  туралы мәліметтерге үлкен қызығушылық танытты. Сенатор Андрэ Дюлэ Орталық Азия мен Кавказ өңірі Франция үшін үлкен маңызы бар өлке, деді.  Ол Қазақстанмен бірлескен экономикалық жобалардың ілгерілеуіне  ризашылығын білдірді. Коллоквиумде Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасы және еліміздің экономикалық дамуы туралы француз тіліндегі арнайы шығарылған журналдар мен брошюралар таратылды. “Егемен-ақпарат”.