Аймақтар • 09 Наурыз, 2020

Қызылорда облысында сотталғандардың арасында спорттық шара өтті

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы ҚАЖ департаменті ЗК-169/5 мекемесінің Сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмыстары бойынша бөлімі мен Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасы қызметкерлерімен бекітілген мәдени- спорттық іс шаралар жоспарына сәйкес мекемедегі жаза мерзімін өтеуші азаматтарға « Шахмат, арқан тарту,гір тасын көтеру» сияқты спорт түрлерінен сайыс өткізілді. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Қызылорда облысында сотталғандардың арасында спорттық шара өтті

Бас бостандығынан айырылған жаза мерзімін өтеуші азаматтарды жазасын өтей отыра түзелу жолына салу – бүгінгі күннің басты талабы. Оның ішінде, бірнеше қылмыс жасаған және ауыр қылмысты қайта жасаған адамдарды түзелу жолына салу біраз күш-жігерді қажет ететін жауапты әрі қиын жұмыс. Жаза мерзімін өтеуші азаматтардың дене тәрбиесімен айналысуы, ой-өрісін психологиялық тәрбиелеумен қатар жүргізілетін әдістердің бірі. Себебі, еңбекпен тәрбиелеу секілді спортпен тәрбиелеуді қатар алып жүрудің де маңызы жоғары. «Мекеме басшылығы жазасын өтеуші азаматтарды темір торда телміртіп отырғызбай уақытын тиімді түрде өткізуді ұтымды пайдаланып отыр. Бұл жазасын өтеуші азаматтардың қайтадан қылмыс жасауына жол бермеудің бірден-бір жолы», – дейді сотталғандар арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмыстарын жүргізу бөлімінің бастығы әділет майоры А.Өскенбаев . Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған спорттық жарысқа 5 жасақтан 5 команда қатысып,жарыс көркін қыздырды. Аса белсенділікпен атсалысып, тартысты өткен шахмат сайысында №5 жасақтан Т. есімді азамат, гір тасын көтеру сайысы бойынша жүлделі І орынды  № 3 жасақтан Д. есімді азамат, ал арқан тартудан І орынды №1 жасақ командасы қанжығасына байлады. Аталған спорттық іс-шараның өз деңгейінде өтуіне Қызылорда облыстық Денешынықтыру және спорт басқармасының әдіскер нұсқаушылары Әбдісадықов Аңсат  және Бертай Сағидат есімді қызметкерлер төрелік жасап,  сайыс қорытындысыбойынша сайыс жеңімпаздарын мақтау қағаздарымен марапаттады.