Ата Заңымыздың ел өміріндегі атқаратын баға жетпес маңызы мен рөлі жөнінде айтылған ой-пікірлер мен тұжырымдардың басты желісі төмендегіше өрбіді.
Қай мемлекетте де оның әрбір азаматының ерік-жігері мен таңдауы сол елдің басты заңы аясында жүзеге асады. Бұл тұжырымның еліміздің Ата Заңына да тікелей қатысы бар. Конституция қағидаттары сақталған, аяққа басылмаған, құрметтелген әрі ұдайы назарда болған мемлекетте ғана саяси тұрақтылық пен берік ахуал орнығады. Еліміздің қазіргі саяси-экономикалық даму деңгейі осындай саяси құндылықтарға сәйкес деп айтуға болады. Мұның басты арқауы республиканың 1995 жылы қабылданған Конституциясынан тамыр тартады. Еліміздің басты заңының мемлекет пен қазақстандық қоғамның дамуындағы рөлі қашан да жоғары.
Қазіргі кезде ел Конституциясы барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің негізіне айнала алғаны анық. Сонымен бірге Ата Заң мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнар көзі ретінде де орнығып келеді. Қазір республикамызда оны тұрақтылық пен демократия кепілі ретінде қабылдайтын азаматтардың қатары жылдан-жылға өсіп келеді. Сондай-ақ еліміздің тыныс-тіршілігіне өрелі өзгерістер әкеле білген 1995 жылы қабылданған Қазақстан Конституциясының құрылымы мен жобасы қалай әзірленгені де ел азаматтарының жадында жүрсе, мұның ешқандай артықшылығы болмас еді. Конференция кезінде бұл мәселе жөнінде де танымдық әсері мол әңгімелер қозғалғаны басқосудың мазмұнын одан әрі көтере түсті.
Міне, осылайша арада 25 жыл өткен кезде төл Конституциямыздың басты ережелері мен тармақтары аясында азаматтардың елімізде өмір сүру мен еңбек ету және дем алу мен денсаулықтарын күту сапасы әлдеқайда жақсара түскені кәміл. Сонымен бірге осы уақыт аралығында ұлтқа пайдасын тигізе алатындай тиімді экономика тетіктері жасақталып, демократиялық қоғамның негіздері қаланғаны да Ата Заңымыздың тигізген шапағаты деуге толық негіз бар. Сөйтіп Ақтөбеде өткізілген кең тынысты конференция республика Конституциясының ерекшеліктерін егжей-тегжейлі тарқатып берді.
АҚТӨБЕ