Парламент • 10 Наурыз, 2020

Күн тәртібі нақтыланды

151 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Күн тәртібі нақтыланды

Депутаттар қарауына Әкімшілік рә­сім­дік-процестік кодекс жобасы  ілеспе түзе­тулерімен бірінші оқылымда ұсынылды. Кодекс жобасы бірыңғай заңнамалық актіде жария құқықтық қатынастар сала­сын­да әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру­дың және сот ісін жүргізудің құқықтық негіздерін, қағидаттарын, ережелерін белгілейді.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­ту­линнің пікірінше, әкімшілік сот төре­лігін енгізу азаматтардың үкіметке деген сенімін арттырып, тұтастай алғанда халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидаттарын дамытуға ықпал етеді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары мемлекеттік қызмет мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарамақ. Бұл заң жобасы конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, кадрлық мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың жеделдігін арттыруға, ықтимал кадр тапшылығының тәуекелін төмендетуге, мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға және т.б. бағытталған.

Бюро отырысында депутаттар назарына атом энергиясын пайдалану сала­сындағы азаматтық құқықтық жауап­тылыққа қатысты заң жобасы ұсынылды. Аталған заң жобасының басты міндеттері атом өнеркәсібін дамытуға ықпал ету және қаржылық қамтамасыз ету арқылы ядролық залалдың өтелуін қамтамасыз ету болып табылады.

Сондай-ақ депутаттарға көші-қон про­цестерін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын екінші оқылымда қарау ұсы­нылады.

Палатаның алдағы жалпы отыры­сының күн тәртібіне шетел валюта­сын­дағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәсе­лелері туралы заң жобасы енгізіледі.