Облыстық баспасөз клубында Шығыс Қазақстан облысының бес-алты ауданында су тасқынының орын алуына байланысты бірнеше басқармалар мен департамент басшыларының сын сәтте көмек көрсетіп жатқанына байланысты ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу болып өтті. Бірінші болып сөзді облыстық білім беру басқармасының бастығы Ерсаин Нәбиев алды.
– Жағдайды жедел бақылау және су тасқынынан зардап шеккендерге уақытылы көмек көрсету үшін білім беру басқармасы мен бөлімдерінде су тасқынына қарсы штабтар құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған. Балалар, мұғалімдер және ата-аналар арасында кеңінен түсінік жұмыстары жүргізілуде. Осыдан екі күн бұрын біз бір топ адам Көкжыра, Жәнтікей, Ақсуат ауылдарында болып, ата-аналар және оқушылармен кездестік. Жағдай мұнда өте ауыр. Жәнтікей, Көкжыра, Көктүбек ауылдарында үш мектеп қираған соң толықтай жабылып, 800-дей оқушы басқа жерге көшірілді. Олар енді оқуларын Екпін, Ақсуат, Сәтбаев ауылдарында, Көкжырадағы ескі мектеп ғимаратында, Ақсуаттағы №17 кәсіптік лицейдің жатақханасында жалғастырмақ. Биылғы қатал қыстың салдарынан облыстың барлық мектептерінде жарты айдан астам уақыт сабақтың болмай қалғаны белгілі. Демек, біз бағдарламадан қалмауымыз керек. Ұстаздар қауымы жазғы тестке сапалы әзірленуі керек. Сондықтан қосымша сабақтар жүргізілмек. Қазір облыстың көптеген мектептерінде қызмет ететін ұстаздар бір күндік табыстарын аударып, қолма-қол қаржы жинастыруда. Сын сәтте сіздермен біргеміз, – деді Ерсайын Ахметуәлиұлы.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қызметкерлері де апат болған аймақтарға көмектерін жалғастыруда. Соңғы бір аптада олар Тарбағатай, Күршім, Зайсан және Қатонқарағай аудандарына АИ-80 маркалы 128,5 тонна, АИ-92 маркалы 101 тонна бензин және 124,5 тонна дизель отынын жіберген. Жолдар жабылып қалса да жанармай тасушылар араға бірнеше күнді салып, амалын тауып жеткізе білген. Арматура зауыты 300 мың теңгенің, “Дина” толайым сауда базары – 120 мың, “Кседа” және “КЭМОНТ” сауда үйлері әрқайсысы 290 және 270 мың теңгенің көмегін көрсеткен. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары А. Тайсарин айтып берді.
Апат салдарынан бүгінге дейін 60 мыңға тарта малдың өлгені, 1 мыңнан астам үйлердің қирап қалғаны, басқа да зардаптардың орын алғаны ауыртпалықтар жүктеп тұр. Кенді Алтайға республикадан 841 миллион, ал жергілікті бюджеттен 180 миллион теңгенің бөлінгені белгілі. Қазір ауа райы салқындап, қардың күрт еруі бір сәтке тоқтағанымен, Премьер-Министр К. Мәсімовтің селекторлық кеңесте облыс басшыларына “Биыл бізде көктем болмайды, жаз бір-ақ шығады”, деген сөзі көп жайдан хабар беріп тұрғандай. Егер ауа райы күрт ысып, қар тез еріген жағдайда апаттың ауылы алыс болмайды.
Жиында өліп жатқан малдарды жинап, адамдарға түрлі сырқаттардың жұқпауы үшін профилактикалық шаралардың өте сылбыр өтіп жатқаны да сөз болды. Ветеринарлық қызмет түрлері әлі қалың ұйқыда. Заң бойынша облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жөніндегі басқарма қызметкерлері қаладағы сауда орындарына түсіп жатқан еттің сапасын тексере алмайды екен. Мұнымен ветеринарлық қызмет түрлері прокуратураның рұқсатымен ғана айналыса алады. Өлген мал етінің базарларда саудаланып кетпесіне кім кепілдік бере алады. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Нұрланғазы Ибраевтың айтуынша, Көкжыра, Жәнтіке, Көктүбек ауылдарындағы дәрігерлер аудан орталығы Ақсуатқа жеткізіліп, бұл жерде 7 бірдей дәрігерлік пункт ашылған. Оларға 450 мың теңгенің қажетті дәрі-дәрмектері беріліпті. Қазір Тарбағатай ауданына санитарлық 5 көлік және бірнеше жедел жәрдем мәшинелері жіберілді. Тіпті 5 бірдей психолог мамандар да зардап шеккендермен жұмыс істеуде.
Осыдан бірер күн бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Абай ауданының бірнеше ауылдарын аралап, жағдаймен танысты. Мұның алдында күннің қатты ысып кетуінен аудан орталығы Қарауылдың бір шетін тасқын судың шайып кеткені белгілі. Мал азығының азаюынан өлім-жітімге жол берілуде. Өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы аудан және ауыл әкімдерінің сын сәтте сылбырлыққа жол беріп, тіпті үй маңындағы шатырдан асып кеткен қалың қарды тазаламай отырғанын сын тезіне алды. Абайлықтарға көмек көрсетіліп жатыр. Бірақ, адамдар да сергек болып, апаттың алдын алуға күш салулары тиіс деді облыс әкімі. Кеше облысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев келіп, су тасқыны орын алған Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Үржар аудандарында апат зардаптарын жою жағдайымен танысты. Су тасқынының қанша зиян келтіретіні, қанша қаржының қажет екені сонда анықталмақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.