Руханият • 11 Наурыз, 2020

Алтын туралы аңыз

4988 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алтын көмбе, мол қазына тауып алуды армандамайтын адам жоқ шығар, сірә... Бала кезімізде біздің ауылда мынадай бір аңызға бергісіз әңгіме айтылатын. Бұл сірә, Екінші дүниежүзілік соғыстан әрі, Қазан төңкерісінен бері кез болса керек.

Алтын туралы аңыз

Осы өлкеде өмір сүрген бір ғұлама бай-құлақ, молда-ишандарға қырғидай тиген кәмпеске жылдарында бір құшақ Құран кітабын ақ матаға орап, тауға апарып, жар­тастардың арасына жасырған білем. Жасыр­ғанда да жай ғана жалпақ тастың қол жетпейтін түкпір қуысына тыға салмай, әлдебір дұғалар арқылы сиқырлап тастаған сияқты. Содан ақ матаға оралған бұл жұмбақ түйіншек кез келген адамның көзіне көріне бермейді екен. «Тек, жүрегі ақ, иманы кәміл жандарға ғана, онда да күн жарқырап, таудың ұшынан белгілі бір биікке көтерілгенде және таудың белгілі бір қырынан ғана көрінеді» деп айтып жатушы еді үлкендер. Ал бұл қасиетті кітаптарға қол жеткізген адам дүниенің сырын ұғады, бақытқа бөленеді.

Содан жаздың күні бір қойшы бала күндіз етекке түсіп бара жатып, ойда-жоқта алдын кесіп өткен түлкіні қиқулатып қуа жөнеліпті. Астындағы атын қамшымен төпелеп, есі шығып, еліріп, қызылдың соңынан құйын боп бара жатқанда, көзінің қиығы жартастардың арасындағы жылт еткен дүниеге түскен білем. Рас болса, адам шыға алмайтын биіктегі тастың қуысында ілулі тұрған ақ түйіншекті анық көріпті. Бірақ атының басын тартпас­тан ағызып өте жөнеліп, кейіннен қу түлкіге жете алмай, сан соғып қалғанда жанұшырып әлгі жартастарды аралаған ғой. Алайда, ақ түйіншек сол күйі табылмапты. Бәлкім бұл шынында да сиқыр әлемінің біз білмейтін тылсым күші болар. Әрине, түйіншек туралы оқиға шынында болған ба, жоқ па, әлде, жұрттың қиял-ғажайыбынан туған аңыз ба, ол жағы белгісіз. Бірақ бұл жайт талай адамды арман-қиялға батырып, таңдайға жабысқан тәтті кәмпиттей дәмі кетпей, тамсандырғаны анық.

Осы бертінде ғана пәни дүниеден көшкен Садырбай деген құдамыз іргесі ертеде құлап, орны әлдеқашан жоқ болып кеткен баяғы ескі үйі туралы әңгімені жиі айтатын. Ұмытпасам, бала кезінде әкесінің ағасы ма, әлде басқа жамағайыны ма, әйтеуір, жантәсілім етер сәтте қолымен босаға жақты нұсқап, «Үйдің бұрышы, үйдің бұрышы...» деумен үзілген көрінеді. «Ол кісі өте бай болған. Бірақ кәмпеске кезінде заманның тынысын алдын ала сезіп, үйір-үйір жылқыларының бәрін алтынға айырбастапты. Алайда сандық тола алтын туралы ешкімге тіс жармаған. Тіпті Кеңес өкіметінің белсенділері қаншама қыспаққа алса да, тырс етпепті. Жұрт «Бұл байғұс соншама алтынды қайда жасырды екен?» деп, айран-асыр боп жүретін. Міне, сол кісі көз алдымда үзілді ғой... Соңғы сәтте «Үйдің бұрышы, үйдің бұрышы...» деп сандырақтауы сол тығулы қазынаның орнын көрсеткісі келді ме екен» деген ойым бар...» деуші еді жарықтық Садырбай құдамыз. Бірақ кәмпеске заманынан қалған үрей ме, жоқ, әлде ғажайыпқа сенбейтін бір енжарлық, керітартпалық па, әйтеуір, үйдің бұрышын қазып, алтын іздеген адам болмапты. Іздемек түгілі бәлесі аулақ деп, үй ішінде бір-біріне айтуға қорыққан ғой. Кейіннен басқа жаққа көшеді. Замана желі бүгінде бәрін тып-типыл етіп, орнын тегістеп тастаған. «Дегенмен де ескі үйіміздің орнын білемін, кейде сол жерді күрекпен қазсам ба?» деп қоямын...» деумен құдекең де бұл дүниеден аттанып кетті.

Алтын көмбе, мол қазына іздеу туралы небір таңғажайып оқиғаларды кітаптардан оқып, кинолардан көріп жүрміз ғой. Шетелдің «Нэшнл жағрафик» арнасында қаншама ғасырлар бұрын жасырған, тіпті атамзаман бұрын су астына батып кеткен кемелердегі қазынаны жұмбақ қартадағы сызба, белгілер, көне құжаттар арқылы тауып жатқанын жиі көрсетеді. Осыдан кейін алтын адам табылған қазақтың кең даласы қаншама құпияны, қаншама байлықты бүгіп, жасырып жатыр демеске амалыңыз жоқ. Өйткені «Баяғыда осы өңірде өмір сүрген пәлен деген бай аттың басындай алтынын пәлен жерге жасырған екен, Қытай асып бара жатып бұлақтың тереңіне төгіп кеткен екен» деген әңгімелер әрбір өңірде, тіпті әрбір ауылда айтылады. Және барлығы дерлік күні кеше ғана, Қазан төңкерісінің ар жақ, бер жағында болған жайттар. Егер осындай әфсаналарды қағазға түсіріп, жүйелеп қойса, бұл болашақ ұрпақтың қолына берілген сызба карта мен анықтама белгі сияқты болар еді. Күн өткен сайын алтын көмбе мен мол қазына туралы көрген-білгенін айтатын ақсақалдар да азайып бара жатыр. Ендеше алтын туралы аңыздар қашан ақиқатқа айналар екен? Сіздің ауылыңызда осындай әңгімелер айтыла ма?