Абай • 12 Наурыз, 2020

Айдарбек Сарманбетов: Абайды оқыған сайын ақылың толыса түседі

505 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

– Айдарбек Иманғазыұлы, биыл қазақ елі ұлы ойшыл ақын Абай Құнан­байұлының 175 жылдығын атап өтуде. Іс-шаралар халықаралық кеңістікте де қанатын кең жайды. Қанаттас қырғыз елінде Абайды ерекше қастерлейтін жазушы ретінде мерейтойға байланысты лебізіңізді білгіміз келеді.

– Ә дегенде Абай тағылымына қазақ билігі ерекше мән беріп отырғанын баса айтқым келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Абай мерейтойына байланысты арнайы Жарлық шығарғанынан хабардармын. Ал енді биыл жыл басында республикамыздың ұлттық «Қырғыз Туы» газетінде Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласы жарық көрді.

 

Айдарбек Сарманбетов: Абайды оқыған сайын ақылың толыса түседі

Президент мақаласын «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деп бастапты. Демек, Абай мерекесі – той тойлау үшін емес, ой толғау үшін. Қисынды тұжырым. Қазіргі мезгілде дамыған мемлекеттер рухани дәулеттерін бекемдеуге күш салуда. Бұл үдерісті ұстанған Қытай, Жапон және Үндіқытай түбегіндегі мемлекеттер едәуір игілікке жетті.

Қ.Тоқаевтың мақаласын оқып шық­қан­нан кейін биыл Қазақ елі үшін Абай тағылымдарының негізінде ұлттық тәлім-тәрбие беруге бағытталған бет­бұрыс кезеңі болғалы тұрғанын аңғар­­дым. Өйткені адамға керек ұлағатты ақыл-кеңестің бәрі Абайда бар. Мәселе – Абай­ды оқуда, оқығанды көңілге тоқуда. Абайдың өсиетінен нәр алып өскен жан задында жаман болмайтыны анық.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мақа­ла­сында Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек» деп басталған өлеңінен туындаған «Толық адам» формуласын зерделепті.

«Тоқтаулылық, қалыпты,

шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады,

білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек», – деп ұласқан өлең жолдарын автор қазақ халқының өмірлік философиясы қатарында қарап, бұл тұжырымдама өмір­­дің кез келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептейді.

Абайдың «толық адам», қырғызша «төрт тарапы төп адам» деген кемеңгер анықтамасын біздің Шыңғыс Айтматов ағамыздың «күн сайын адам болу» үндеуі жалғастырып тұрғандай. Бұлар екі түрлі сөз болғанымен, түпкілігінде мағы­насы бір. Адам ақыл тоқтатып, өзін күн сайын тәрбиелеуі тиіс.

Абай – адам баласын оған қажет бар­­лық асыл қасиеттерге үндеген тұл­ға. Ол әрбір адамды адал, іскер, бауыр­мал, қарапайым, бастамашыл, жауапкер­шілікті болуға шақырады, бұларға ие болмағандар үшін өкінеді, күйінеді. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген нақылы қазір де күшінде және келешекте де өнеге болып қала береді.

Абайдың дүниетанымын, рухани мұ­раларын терең танып-білуді қазақ елінде ғана емес, халықаралық  кеңіс­тікте де қолға алу ең дұрыс шешім деп есеп­­теймін. Бұл – заман талабы. Абай­дың шы­ғар­маларын кеңінен тарату іст­ерінде қырғыз елі, біздей ақын-жазушы­лар, аудар­машылар шетте қалмауға тиіспіз.

– Сіз Абайдың «Қара сөздерін» қырғыз тіліне алғаш рет толық аударған жазушысыз. Сізге дейін де кейбір жазушылар «Қара сөз­дер­ден» үзінділер аударып, газет-жур­налдарға жариялап жүргенін байқағанмын. Бірақ олардың тісі батпай жатқандай көрінген. Сіз бұл тақы­рыпқа қалай бардыңыз? Аударуда қандай қиыншылықтар болды?

– Он жыл ілгері Қазақстан Жазушылар одағының шақыруымен Абайдың 165 жылдық мерейтойында Қырғыз халық жазушысы Омор Сұлтанов екеуміз Астана, Өскемен, Семей қалаларында және Абайдың Жидебай ауылында өткен мерекелік іс-шараларға қатысқан едік. Сонда ұлы ақынның «Қара сөздері» бар «Ынталы жүрек» деген кітабы қолыма тиіп, оны оқуым маған қатты әсер берді. Бұрын оқыған емес едім. «Қара сөз­дер­ден» қырғыз бен қазақтың тұрмыс-тір­шілік түйткілдерінің, менталитетінің, кемшіліктері мен артықшылықтарының, ойлау жүйесінің бірдейлігі анық көрінді. Абай адамды жаман нәрседен аулақ болып, жақсы қасиеттерді бойға сіңіруге шақырады. Бұл қырғыз үшін де әбден керектігін сезіндім. Сондықтан да еліме барғанда аударуға бел байладым.

Сөйтіп аударғандарымнан үзінді­лерді дереу өзім жұмыс істеп жүр­ген «Жаңы Ала-Тоо» («Жаңа Алатау») жур­­налына жариялай бастадым. Оқыр­мандар жақсы қабыл алып, жылы пікір­лерін білдіріп тұрысты. Бұл маған дем беріп, толық аударып шықтым. Аудар­маларымды кейінірек жарық көрген «Эки чынар» («Екі шынар»)  жи­на­­ғыма кіргіздім. Қара сөздерді аудару мен үшін соншалықты қиын болған жоқ. Біріншіден, кеңес заманында әскери борышымды Қазақстанда өте­ген едім. Қазақ жауынгерлері көп болды. Қоян-қолтық араласып, қазақша жап-жақсы біліп қалғанмын. Екіншіден, зер салған адам Абай заманында қазақ тілі мен қырғыз тілінің арасында үлкен айырмашылық болмағанын байқай алады. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарынан бастап тіліміз аздап алшақ­тай бастады. Келінім қазақ қызы. Кейбір сөздерді одан да сұрап қойып жүрдім.

Таяуда Абайдың «Қара сөздерін» аудар­ғанымнан хабардар болған Қазақ­станның Қырғызстандағы елшілі­гінің қызметкерлері аудармаларыңызды тағы да бір жақсылап қарап шығыңыз, «Қара сөздердің» қырғыз тіліндегі нұсқасын жеке кітап етіп шығарайық деп қолқа салғаны мені қазір қуантып отыр. 

– Абайдың шығармаларымен қашан­нан бері таныссыз? Абай өлең­­дері­нен, «Қара сөздерінен» көкейі­ңізде өзінен өзі жатталып қалғаны бар ма?

– Абайдың поэзиясымен бала кезім­нен таныспын. Әкем әдебиетке жақын, сауатты кісі болды. Бала кезімде әкем Тол­стойдың «Соғыс және бейбітшілік», Сер­ван­тестің «Дон Кихот» романдарын оқып отыратын. Әсіресе Абай өлең­деріне, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы­на» көп үңілуші еді. Мен мектепке бар­май жатып хат танып, кітаптарды өз бетім­ше оқитын жағдайға жеттім. Үйдегі кітап сөресінде тұрған «Манасты», «Абай­ды» оқи бастадым. «Абайға» тісің өтпей­ді десе де, үйден алып шығып, ауламыздағы бақтың түкпіріне барып оқып жүрдім, бұл кезде бастауыш сыныпта едім.

Әлі есімде, ауылымыздың қариялары басы қосылған жерде, сөз арасында  Абай­дың нақылдарын мысалға келтіріп, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста», «Пай­да ойлама, ар ойла,талап қыл артық білу­ге», деп отыратын. Мына бір шумақ­тар жас кезімізден жадымызда жатталып қалыпты: 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс, көнсеңіз.

Осындай өсиеттермен тәрбиелендік. Абайдың тәлімі ауыл-аумағымызға кең тараған еді. Екі ел емес, егіздің сыңа­рын­дай едік. Арамыз алыстап бара жат­қандай. Абайды қырғыз бен қазақты жа­қын­дастыратын тұлға деп білемін. Ағайын, кіндіктес ел, бастауымыз бір бол­ған соң, біз де Абайға келуіміз керек.

– Абайдың өлеңдері, ғақлиялары несімен құнды?

– Ең бастысы – адамгершілікке тәр­бие­леуінде, сосын білім алуға, өнер үй­ренуге шақыруы. Бүгінгі күнде әлемнің тұтқасын өнері өркендеген елдер ұстап отыр. Абай осылай болатынын білген.

– Абайды танып-білу үшін не істеу керек?

– Абайды тану үшін оны оқу керек. Дүниеге, айналаңа Абайдың көзімен қарап көрген абзал. Оның нені меңзеп жат­қ­анын білген жөн. Мұхтар Әуезов «Абай жолын» не үшін жазды? Абай жолы – әділетсіздікке қарсы күрес жолы. Екіншіден, «Абай жолын» оқыған адам, ол қайсы ұлттың өкілі болсын, Абайдың өз шығармаларын тауып алып оқитын болады. Романның бір құндылығы да осында.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Зама­налар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі», деп айтқанындай, Абайды оқыған сайын ақылың толыса түседі.

Абайдай ұлы тұлға ұлттың жүзі, мем­ле­кеттің төлқұжаты іспеттес. Зерт­теу­ші­лердің пайымына қарағанда, Абай­дың өлеңдері  өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бері қырғыз тіліне аударылып, жарық көріп келеді. Қырғыз халық ақыны, Социалистік Еңбек Ері Аалы Токомбаев Абай өлеңдерін сол отызыншы жылдардың басында аударыпты. Абайдан ең кейінгі аудармасын 1984 жылы жариялаған. Сонда ол елу жыл бойы Абайды оқып, аударып жүрген болады.

Абай қырғызша жеке кітап болып 1944 жылы жарық көрген. Демек, қырғыз ақындарының бірнеше буыны Абайдан үлгі алған. Өткен жылы Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінің демеуімен қырғыз тілінде «Өлөң сөздүн падышасы» атауымен Абай өлеңдерінің жинағы жарық көрді. Онда қырғыз классикалық ақындарының аудармаларымен қатар, қазіргі жас ақындардың тырнақалды аудармаларына да орын берілген, бұл – жақсы жоралғы.

– Мен бұрын қазақ газет-журнал­дарын пошта арқылы жаздырып алып оқушы едім. Жақында сол тігін­ділерді аударыс­тырып отырып, сіздің өткен ғасыр­дың ортасында «Зерде» журналын­да жарық көрген  фантастикалық әңгімеңізді көріп таңғал­дым. Қазақ әріптестеріңізбен байланы­сыңыз ерте-ақ басталыпты. Шығар­маңыз қазақ басылымына қалай жарияланып жүр?

– Отыз жылдай бұрын албырт жастықтың жетегінде келешек туралы қиялданып, фантастика жанрына да қалам тербегенмін. Өзім ұстаз тұтқан жазушы Абдылда Қарасартов деген ағамыз бір күні Қазақстанның «Зерде» деген ғылыми-көпшілік журналын алып келіп сүйіншіледі. Ішінде менің «Адам жүрегі» деген фантастикалық әңгімем жүр. Жүрегім жарылып кетердей қуанғанмын. Ағайым таныстарына аудартып, ұсынған екен. Ол кезде басқа республикада шығармаңның жарық көруі үлкен жаңалық болатын. Басқа елге танылуымның тұсауы осылай кесіл­ген. Содан соң түрікмендердің жур­на­лын­­да тағы бір әңгімем жарық көрді.

– Қазіргі күнде қырғыз елі сізді шетел­дерге танымал білікті жазушы деп біледі. 2012 жылы Мах­мұт Қашқари халықаралық сыйлы­ғы­на, 2014 жылы ТҮРКСОЙ-дың ал­тын медаліне, 2018 жылы Қырғыз­стан­ның «Алтын қалам» сыйлы­ғына, сондай-ақ Түркияның, Ресей­дің, Әзер­бай­жан­ның мәртебелі сыйлық­тарына ие болыпсыз.  

– Сыйлықтарымның алғашқысының да бауырлас қазақ еліне қатысы бар. Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі 2009 жылы «Қазақстан – Қырғызстан: Мәңгілік достық» тақырыбында әде­би конкурс жариялады. Сонда Абай, Шәкәрім шығармалары жөнінде мақа­лалар жазып, бас бәйгені жеңіп алған­мын. Абайдың шығармаларын аударып жариялағаным үшін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің медалімен марапатталдым.

Бүгінде шығармаларым Ресейде, Түркияда, Қытайда, жалпы алғанда,  20-дай мемлекетте жарық көрді. Өзім де бірқатар шетелдік авторлардың дүние­лерін қырғызшаладым.

Туындыларым Қазақстанның «Таң­шолпан» журналында жарияланды. Бұл орайда мені қазақтарға танытып жүрген қаламдастарым Нұрлыбек Саматұлына, Асылбек Ихсанға, Әдемау Толысбаеваға дән ризамын. Шығармаларымда қазақ халқына, тарихына, жеріне және адамдарына қатысты оқиғалар көп.

Аудармаларымның ішіндегі шоқтығы биігі Шәкәрімнің «Түрк, кыргыз, казак жана хандар санжырасы» («Түрік, қыр­­ғыз, қазақ және хандар шежіресі») еке­нін баса айтқым келеді. Мұны жазу­шы Талғат Кеңесбаевтың  тауып берген түпнұс­қасынан аудардым. Кітап Қыр­ғыз­станның «Тұрар» баспахана­сының директоры Тілек Мұраталиевтің тікелей қолдауымен жарық көрді, тұсаукесер рәсімі қазақ ел­шілігінің қатысуымен өткерілді.

Негізі, аудармаларымның қомақты бөлігі қазақ қаламгерлеріне тиесілі. Бұл бағытта Мұхтар Мағауиннің, Төлен Әбдіктің, Дәурен Қуаттың, Талғат Кеңес­­баев­тың, Ербол Бейілханның, Нұрлы­бек Саматұлының шығармаларын тәржіма­ладым, бірқатар ақын-жазушының кітап­тарының редакторы болдым.

2018 жылы ежелгі қырғыз елінің тари­хын суреттеген «Капсалаң доор. Карга аке» («Тығырық дәуір. Қарға аке». «Аке» қырғыз тілінде «әулие адам» деген мағы­наны білдіреді) атты тарихи романым жарық көрді. Онда бауырлас қырғыз-қазақ елінің бірігіп жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескені бейнеленген.

1916 жылғы Үркіннің (елдің үркіп Қытайға асуы) 100 жылдығына қарата жазылған «Қиямет жолдары» повесімде қырғыз-қазақ елінің басынан кешкен қайғылы кезеңі бейнеленген.

Қазір жазып жатқан «Қасиетті Қыдыр аке» (Қыдыр аке – ХІХ-ХХ ғасыр­лар­ тоғы­­сында өмір сүрген қырғыздың ақыл­­маны) романымда қырғыз-қазақ қарым-қаты­­настары, Романов әулетінің 300 жыл­дық тойына екі елдің би-болыс деле­гат­тарының бірге баруы да қамтылған.

Қорыта айтқанда, бала кезімде жан дүниеме жарық сәулесін құйған Абай өлең­дері жүрегімде ұялап, менімен бірге өмір сүріп келе жатқанға ұқсайды. Абай­дың қара сөздеріне, Шәкәрімнің шежі­ре­сіне қайырылуым содан да болар. 

 

Әңгімелескен

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін

 

Қырғыз Республикасы,

Бішкек қаласы