Қоғам • 12 Наурыз, 2020

Эйфория һәм прагматизм

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Азаттық эйфориясын басқа халықтың қалай бастан кешкенін қайдам, ал қазақ топырағында «тәуелсіздік туралы толғау» ұзақ­қа созылып бара жатқан сыңайлы. Әлі күнге дейін «тәуелсіздікке дейін», «тәуелсіздіктен кейін» деген пафостық ода­­ның таусылар түрі көрінбейді. Праг­матизмнен гөрі сол «бабалар аңсаған азат­тық» төңірегіндегі әңгіменің гөй-гөйі «Мың бір түн» хикаясынан кем түс­пей тұр.

Эйфория һәм прагматизм

Байырғы бабалардың азаттық үшін күресі ХХІ ғасырдың күн тәртібіндегі кез келген өзек­ті мәселемен қосыла өрілетінін қайтерсіз. Та­рих­тың да айтылатын жері бар. Уақыты бар, жөні бар. Ал біз көз ілеспес кезеңде уа­қыт­­тың тегершігін тоқтатып қойып, ғасыр­лар бойы күрескен тәуелсіздігіміздің құны қан­­шалықты қымбат екендігін айтып, қадір-қа­сиетінің ұлылығын тереңнен қозғаймыз. Ақы­рында, әңгіменің аяғы тәуелсіздік тұғы­ры­­ның берік болуы елдің татулығы мен бір­лігі туралы тұжырымға барып бір-ақ тіре­леді...

«Мен – қазақпын. Өз халқымды мақтан тұтамын. Маған оның қым-қуыт тарихы, одан да гөрі бүгінгі күні қымбат» деген еді қайсар ақын Жұбан Молдағалиев Желтоқсан көтерілісіне қатысты Жазушылар одағында сөйлеген сөзінде. Тарих көшіне көз жіберіп, бұрынғы бабаларымыздың даңқы мен ерлікке толы істеріне малдану бүгінгі тірлігіміздің түзелуіне қаншалықты әсер етеді? Бос мақтан болып шықпай ма? Қайта оның орнына өркениетті қоғам құру жолындағы нақты қам-қарекетіміз болашаққа бастау болмай ма? Жұбан ақын «бүгінгі күні қымбат» дегенде осыны айтқан болар. Өйткені аза­маттарының құқығын басты құндылық санайтын алдыңғы қатарлы елдерге қарап бой түзеуіміз мемлекеттілігіміздің де мәртебесін асқақтата түссе керек-ті.

«Орнын тауып ала алмай тұрып, сол орынға әбден жайғасып үлгермей тұрып, кеуде қағу – ержететін емес, кер кететін қауымның ісі. Өйткені кешегі отаршылдық – біреудің алдында ғана тәуелді болып, қалған дүниемен сол арқылы жалғасу. Ал бүгінгі тәуелсіздік – біреудің емес, күл­лі дүниенің ахуалына тәуелді болу; сол тәуел­ділігіңді ескере отырып күллі дүниемен бірге әрекеттесіп, бірге ықпалдаса білу» деген еді абыз Әбіш Кекілбайұлы. Сөз ұғар жанға қазіргі қам-қарекетіміздің басты кредосы іспетті осы тұжырым.

«Күллі дүниенің ахуалына тәуелді бол­ған» тұста, төрткүл дүниедегі қарым-қа­ты­нас ғарыштық жылдамдықпен өзге­ріске ұшырап жатқанда жайбарақат болу деге­ніңіз әу баста тарих сахнасына келген­дегі несі­беңнен құр қалу деген сөз. Басқалай айтқанда, «Дүниеге бір сәби келсе, бір түп жусан артық шығады» деген қанатты сөзді қазіргі заманның қарым-қа­ты­нас қағидасына қиыстыру қиын. Бәсе­келестіктің дәурені белең алған уақытта кіріп­тарлық қақпанына түсіп қалмас үшін елдіктің мәселесін «күллі дүниемен бірге әрекеттесіп, бірге ықпалдаса», жанталаса жүріп шешуге тура келеді. Оған қоса халық тұр­мысының жақсаруы да басты мәселе. Бабалар ғасырлар бойы армандаған, сол үшін күрескен тәуелсіздік сонда ғана толыққанды болады.

Тәуелсіздік жариялаумен іс бітпейтіні, ә дегеннен халықтың дәулеті тасып, тоғызын­шы территорияда «қой үстінде бозторғай жұ­мыртқалаған заман» орнамайтыны бел­гілі ғой. Десе де, мемлекеттің әлеуеті мен ха­­лықтың дәулетін таразыға тартатын бол­сақ, әлі де билік тарапынан атқарылатын ша­руаның шаш-етектен екенін көреміз. Осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасының мәні зор екен­дігін айтуымызға тура келеді. Гәп осы тұ­жы­рымдаманың нақты іс жүзіне асуында ғана. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» демекші, халық үніне құлақ асу кез келген ұжымнан бастау алуы керек. Яғни мекеме басшысы құзырындағылардың талап-тілегіне құлақ түріп, ұжымда жақсы ахуал орнықтыру арқылы сол саланың өркендеуіне, жетістікке жетуіне септігін тигізеді. Халық дегеніңіз түр­лі салада еңбек етіп жүрген қызметшілер емес пе? Әрбір ұжым мүшелерінің мұң-мұқтажын, әлеуметтік мәселесін шешу негі­зінде мемлекеттегі өзекті мәселелердің де түйіні тарқатылады.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінін ұлт кө­семі Әлихан Бөкейханның «Біздің жұрт бос­тандық, теңдік, құрдастық, саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп, тарих жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!» деген сөзімен түйіндегіміз келеді. Олай болса, эйфориядан гөрі прагматизмге басымдық беру мемлекеттің өркениетті қоғам қалыптастыруына ықпал ететіні сөзсіз!