Қоғам • 12 Наурыз, 2020

Кінәлілер жазасын алуы тиіс

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев 2019 жылдың наурыз айында Атыраудағы қалалық №3 интернат (тіл мүкісі бар балаларға арналған) пен арнайы мектеп-интернатта (көру және есту қабілеті нашар балаларға арналған) орын алған тәрбиешілер мен санитарлардың мекемедегі тәрбиеленуші балаларды ұрып-соғу фактісі бойынша алаңдатушылық танытып, өз пікірін білдірді.

Кінәлілер жазасын алуы тиіс

«Өткен жылы орын алған жағдайдан кейін Атырау қаласына бардым. Оқиға Атырау қалалық №3 тілінде мүкісі бар балалар мен көру және есту қабілеті нашар балаларға арналған интернатта орын алған. Мен барған уақытта мекеме басшысы қызметінен босатылып, оның орнына уақытша міндетін атқарушы болды. Мекеме басшысымен сөйлесе келе 2019 жылдың қаңтар-ақпан айында мектеп-интернаттың тәрбиешілері мен санитарлары тарапынан мүгедек балаларды ұрып-соғу фактілері анықталды. Болған жайт мекемедегі бейнебақылау камераларына жазылған. Сол видео дәлелдер негізінде мектеп-интернаттың 5 қызметкеріне алдын ала тергеу амалдары жүргізілді. Сонымен қатар осы іс бойынша облыстық әкімдіктің жанынан арнайы комиссия да құрылған болатын. Күні кеше БАҚ арқылы белгілі болғандай мүгедек балаларға қол көтерген тәрбиешілер мен санитарлар жауапкершіліктен босатылған. Олардың жазадан құтылуы бізді таңдандырып отыр. Бұл мәселе Парламент Сенатының басты назарында болған, оның үстіне Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның осы істің мән-жайын анықтау туралы тікелей тапсырмасы болды», деді сенатор Н.Төреғалиев.

Сенатордың айтуынша, Бас прокуратура мен құзырлы құқық қорғау орындары осы оқиғаны өз назарларына алып, мәселе қараусыз қалмауы тиіс.

«Мерзімі өтіп кетті деп кінә­лі­лердің жазадан құтылып кетуі құптарлық іс емес. Мұндай бы­лық­тың алдын алмасақ, ертең тағы бір жерде қайталанады, оның арты қоғамның наразылығына алып келеді. Біз мүгедек жандарға қолдау көрсетіп, қоғамның белсенді мүшесі болуына оң әсер етудің орнына, керісінше осылай жәбірлеу, әрине дұрыс емес», деді ол.

Сондай-ақ Сенат депутаты аталған мәселе бойынша арнайы депутаттық сауал жолдайтынын мәлім етті.

Бұл оқиға өткен жылдың нау­рыз айында орын алған болатын. Ал кеше Атырау облыстық полиция департаменті мерзімінің өтіп кетуі мен дәлелдердің жетіспеушілігіне байланысты істі тоқтатқан еді.