Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Жас педиатрлар жүзден астам ғылыми жоба ұсынды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «Жас зерт­теу­ші: зама­науи педиатрия және балалар хирур­гиясы да­муы­­ның сын-тегеу­рі­ні мен келешегі» атты халық­аралық ғы­лыми-тәжіри­бе­лік конференцияда отандық және шетел­дік балалар дә­рі­­­герлері жүзден астам ғы­лыми жоба ұсынды.

Жас педиатрлар жүзден астам ғылыми жоба ұсынды

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің 90 жыл­дығына орай ұйым­дас­тырылған шара жас ғалым­дар­дың ғылыми әлеуетін арт­тыруды көздейді.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатр­лар одағы» қоғамдық бір­лестігі мен С.Асфендияров атын­дағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйым­дас­тыруымен өткен конфе­рен­цияға Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің мемлекеттік медицина институттарының жас ғалымдары, Нұр-Сұлтан, Семей, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы қалаларының ме­ди­ци­на­лық ЖОО докторант­тары мен ма­гистранттары, А.Сыз­ғанов атын­дағы Ұлт­тық ғы­лыми хирургия орта­лы­ғы­ның, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының, Қазақ көз аурулары ғылыми зерт­теу инс­ти­тут­тарының жас іздену­ші­лері қатысты.

«Біз бұл шараны жас­тар­дың ғылыми әлеуетін арт­тыру мақ­са­тында үш жыл қатарынан өткізіп келеміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстары тәжіри­бе­мен ұштасуы керек. Ертеңгі меди­цина бүгінгі жас­тар­дың қолында. Конферен­ция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелерді саралап, дұрыс жолды айқындауға мүмкіндік береді деп үміт­те­неміз. Әр дәрігер қай жерде қызмет істесе де, әрқа­шан өз жұмысын сараптап, зерттеп отыруы керек. Бұл жаңа, тиімді, емдеу әдістерін қолдануға, таң­дауға мүмкіндік береді. Осы­дан үш жыл бұрын осы конференцияға қа­тысқан жас ізденушілер – бү­гінде магис­трант­тар мен докторанттар. Алдағы уақытта олардың ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарымен айналысамыз деуі көңіл қуантады», дейді Педиатрия және бала­лар хирургиясы ғылыми орта­лығының басшысы Риза Боранбаева.

Ғылыми жобаларды пе­диа­т­рия және хирургия сала­сы­ның білікті мамандарынан құ­рал­ған қазылар алқасы саралады. Кон­фе­ренция соңында ұсы­ныл­ған жұ­мыстар «Үздік баяндама», «Үздік мақала», «Үздік постерлік баян­дама» ата­лым­дары бойынша анық­та­лып, арнайы дипломдармен марапатталды. Үздік баян­дамалар мен ғылыми ма­қа­ла­лар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылы­ми орта­лығына қарасты «Педиа­т­рия және балалар хирургиясы» ғылыми журналында жарияланады.

 

АЛМАТЫ