Ғимараттардың сыртқы қасбеті – қаланың сәулеттік келбеті
Қаланың сәулеттік келбетіне баса мән берген қала әкімі Мұрат Әйтенов көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеуді жүктеді. Бүгінде жөнделуі қажет 71 үйдің тізімі жасалып, 2 кезең бойынша жұмыс жүргізілуде. Шаһардың көлік ағыны көп Республика және Тәуке хан даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы келбеті шынымен сын көтермейді. Олай дейтініміз, 1960-1961 жылдары салынған баспаналардың шатыры тозып, қабырғалары оңа бастаған. Бұл нысандар қаланың ажарына елеулі нұқсан келтіреді. Осы үйлердің қасбетін ретке келтіру мақсатында 41 нысан анықталған. Жалпы 41 үйдің сыртын әрлеуге шымкенттік меценаттар үлес қосып, оған 13 мердігер мекеме тартылған. Мердігер мекемелер мен басқарма мамандары үйлердің жағдайын зерделеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ал жөндеу жұмыстары Наурыз мерекесі қарсаңында аяқталады. Абай ауданы бойынша жалпы аумағы 18 мың шаршы метрлік 17 тұрғын үйдің сыртын әрлеуге 5 мердігер мекеме және 133 құрылысшы жұмылдырылды. Қазіргі таңда 4 мың шаршы метр құрылыс сатылары құрылып, 6 мың текше метр құрылыс материалдары жеткізілген. Бүгінде аталған ауданда 12 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілуде. Ал әл-Фараби ауданында 24 тұрғын үйдің сырты жаңартылады. Оған 8 мердігер мекеме мен 128 құрылысшы тартылған. Қазір бұл ауданда 14 үйдің қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Екінші кезекте, Темірлан тасжолы, Бейбітшілік және Жібек жолы көшесі бойындағы көпқабатты 30 үйдің қасбеті жөнделеді. Аталған көшелердің бойындағы тұрғындар бұл игілікті іске қолдау көрсеткен жергілікті билікке алғысы шексіз. Себебі бірнеше жыл бұрын үйлерінің сыртқы келбетін жөндегенмен, құрылыс жұмыстары көңілдерінен шықпаған. Тіпті соған жұмсалған қаражат құнын әліге дейін бөліп төлеп келе жатқанын алға тартады.
Инфрақұрылым мәселесі рет-ретімен шешіліп келеді
Шымкент қаласы үшін ең бір шешуі кезек күттірмейтін мәселе – инфрақұрылым жүйелері. Қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Бірқатар шағын ауданда әлі де өзекті мәселелер бар. Қала әкімінің есебінде «Тұран» шағын ауданының тұрғындары инфрақұрылым жүйелері бойынша шағымдарын жеткізген еді. Сол шағымдарға орай қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын аудан тұрғындарымен кездескен болатын. Тұрғындарды сол бұрыннан келе жатқан газ, су, жарық жүйелерінің құрылысы алаңдатады.
Дегенмен, тұрғындардың мәселесін кезең-кезеңмен ретке келтірудің нәтижесінде бүгінде «Тұранда» 1200 орындық мектеп және жол құрылысы жүргізіліп, орталық көшемен қоғамдық көлік те қатынай бастады.
Алайда елді мекен тұрғыны Яхия Қалходжаевтың айтуынша, біршама тұрғын әлі де құжаттарын заңдастыра алмай жүр. Бүгінде электр жарығы, газ жекенің қолында. Мемлекеттік меншікке қашан өтетініне алаңдаулы.
Қалалық энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз қазіргі жұмыс барысынан хабардар етті. Яғни, «Тұран» шағын ауданын ауыз сумен қамтамасыз ететін екі жоба жасалған. Бірінші жоба бойынша сатып алу конкурсы өткізілді. 2019 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүруде. Биылғы атқарылатын шаруаларға қосымша қаржы бөлінді. Екінші кезең бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
Жағдаймен танысқан шаһар басшысы бұл жұмыстардың бәрі жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын айтты.
«Үш жылдық жоспар жасалды. Кәріз жүйесінен басқа аталған инфрақұрылым жүйелер құрылысы 2021 жылы толық аяқталады. Енді әр аудандағы өзекті деген инфрақұрылым мәселелерімен танысып шығамын», деді қала әкімі.
«Тассай» шағын ауданы тұрғындарының да мұң-мұқтажы шаш-етектен. Ондағы тұрғындар қала әкіміне қалдық суларды кетіріп, жол салып, жарық орнатып беруді сұрады. Мұрат Әйтенов жыл соңына дейін инфрақұрылым жүйелері ретке келтірілетінін айтып, осы мақсатта салалық басқармалар арқылы жұмыс кезең-кезеңімен қолға алынып жатқанын түсіндірді.
Бәсі бағасына сай болуы керек
Жыл өткен сайын Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің саны арта түсуде. Отандық және шетелдік белді құрылыс компаниялары тұрғындардың таңдауына сай түрлі үлгідегі баспаналар тұрғызып жатыр. Ендігі мақсат осы баспаналардың сапасы мен баға қолжетімділігін бақылауға алу. Осыған орай қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда құрылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралады.
Мердігер компания өкілдерімен кездескен қала басшысы қолға алған жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.
Ең әуелі Мұрат Дүйсенбекұлы «Нұрсәт» шағын ауданында 21,5 гектар аумақта салынып жатқан үйлердің құрылысын аралап көрді. Мұндағы 8 үйдің іргетасынан бастап тұрғызылуына жауапты мердігер мекеме – «Арт Құрылыс» компаниясы. Басшысы Бекжігіт Төлендиевтің айтуынша, құрылысы 2018 жылы басталған нысан биыл маусым айында пайдалануға берілмек. Әрбір үйдің іші-сыртын мұқият көрген қала әкімі құрылысты өз мерзімінде тапсыруды және сапалы атқаруды ескертті.
«Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Тұрғындардан сапаға қатысты шағым көп. Ең басты талап – осы. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Әрине құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді», деді қала әкімі.
Онан соң шаһар басшысы «Тұран» шағын ауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға берілмек.
«Тұран» шағын ауданында құрылысы аяқталған 1200 орынды білім ошағы төртінші тоқсанға балаларды қабылдауға дайын. Жалпы, Шымкент қаласында биыл 77 үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуі тиіс.
Қалалық құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметовтің айтуынша, құрылысы биылға жоспарланған 77 үйдің 24-і – кредиттік, 8-і – арендалық. Ал «Тұран» шағын ауданында 41 үйдің құрылысы жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған.
«Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес іске асуда. Жұмыс барысы 2 кезектен тұрады. Бірінші кезекте 2 үй тұр. Оны сәуір айында тапсырамыз. Екінші кезекте – 6 үй. Ал біз барлық 8 үйдің құрылысын сәуір айында толық аяқтамақпыз», дейді құрылыс компаниясының қызметкерлері.