Таным • 12 Наурыз, 2020

Жетілдірілген нұсқасы талқыланды

478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілінің латын графикасы негізіндегі әліпбиін жетілдіру бойынша 2020-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына» сәйкес Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында ашық талқылау өтті.

Жетілдірілген нұсқасы талқыланды

Латын графикасына негіз­дел­ген әліпби жобасындағы кей­бір дыбыс­тардың таңбалануы қайта қарас­тырылуда. Олардың жазылым мен оқылымындағы артық­шы­лықтары және кемшіліктері ғылыми-әдісте­ме­лік тұрғыдан тал­қыланды. Жиынды аш­қан Мәде­ниет және спорт ми­нистр­лігіне қарасты Тіл саясаты коми­теті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа қазақ әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасынан кейінгі мерзімде 30-дан астам жобаны қарап, 70 ғалымнан құралған жұмыс тобы іріктелген 4 нұсқаның ішінен умлаут жобаны соңғы нұсқа ретінде таңдап алғандарын айтты.

«Осы үш айдың ішінде қай­сысы уникодқа сай келеді, пернет­ақтада терген кезде қандай проблемалар туындауы мүмкін немесе жазу, айту, оқу кезінде қиын­дықтар кездеспей ме деген мәсе­лелер бойынша сараптаулар, апробациялар жасалды. Тәжі­рибе ретінде 500-ге жуық мектеп оқушысының сынағынан өтті. Соның негізінде қандай олқы­лықтар бар екені анықталды. Ағымдағы жылдың 20 ақпан күні Алматыда жұмыс тобының отырысы өтті. Үш жоба шығарылып, талқылай келе ғалымдар бір жоба­ға тоқталды. Бұл жаңағы умлаутты жоба деген шартты аты бар нұсқа. Оны алдыңғы жобаларды толықтырған, әрқайсынан ең озық жері алынған, жетілдірілген жоба деп айтуға болады. Қазір жалпақ жұрттың талқылауына осы жоба ұсынылып отыр. Жақында Пре­зи­дент Әкімшілігі басшысының бірін­ші орынбасары Мәулен Әшімбаев бірнеше ғалымды жинап, тағы да талқылау өткізді. Қаріптерге байланысты тағы да қарап шығып, толықтыру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде республика бойынша барлық ай­мақтарда филолог ғалымдар мен тіл мамандарының арасында ашық талқылау өтіп жатыр», деді ол.

Жаңа әліпбиге енбей қалған жат дыбыстар мен күтпеген тәсіл­мен таңба­ланып бара жатқан төл ды­быс­­тардың жанашырлары айт­қан уәждерді, жұмыс тобы ұста­нып отыр­ған принциптердің қи­сы­­­нын дөңгелек үстелге қаты­су­­шы­­ларға Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының ғылы­ми хатшысы Анар Фазыл­жанова түсіндірді.

– «С» әрпін әліпбиге енгізу керек болса, «ш»-ның орнына ала алмаймыз. Бұл тек «ц»-ны таң­балау үшін енбек. Сонда қазақ тіліне орыс орфография­сы бо­йын­ша жазылып, орыс орфоэпиясы бойынша айтылатын 1569 сөзді қайта кіргізеді екенбіз. Бұл 1569 сөз қазіргі әліпби бойынша қазақ­ша­ланып жүр еді. «Полиция» емес, polisia деп, «ацетон» емес aseton деп жаздық. Сөйтіп бұл сөз­дер қазақша «шапан киіп» жүр еді, енді «с»-ны алып «ц»-ның орнына қол­дансақ, бұлар түп-түгел орыс тілі­нің заңды­лығымен тілімізге енейін деп тұр, – деген ол «ц» мен «s»-тің айыр­масы туралы айтып өтті.

Бұдан кейін әріптер төңіре­гіндегі пі­кір­­талас ұзақ баяндаулар мен пікір­та­лас­қа ұласты. Жиында айтылған ұсы­ныс-пікірлер мен сын-ескертпелер негізінде жаңа әліпбидің ақырғы нұс­қасы Үкі­метке ұсынылатын болады.

«Умлаутты жоба Президент Әкім­ш­ілі­гі­нің алғашқы іріктеуінен өтті деуге бо­лады. Жекелеген ды­быс­тардың таңба­сы­на қатысты тағы да бір рет сынамадан өткізу жөнін­де тапсырма берілді. Қазір осы әріптер бойынша сынамалар өткі­зіліп, сауалдамалар жаса­лып жатыр. Осы­лардың бәрі өткен­нен кейін, қоры­тын­дысын шыға­рып, ертең күні бүкіл ғалым­дар­дың қатысуымен кеңей­тіл­ген отырыс өтеді. Сол отырыста нақты жетіл­дірілген әліпби ма­құл­данып, содан кейін Үкі­метте ұлт­тық комиссияның қарауына берілетін болады», деді жиынды қорытындылаған Әділбек Қаба.