Қазақстан спортшылары арасында еркін күрес спорты кеңінен өріс алды. Спорт өнерінің бұл түрімен шұғылданып жүрген жұмысшы, дәрігер мен мұғалім, студент пен оқушы республикамызда көптеп саналады. Олар үнемі жаттығып, шеберлігін шыңдай түсуде. Сөйтіп еркін күреспен щұғылданушылар одақтық, республикалық талай жарыстарға қатысып жүр. Бұл ірі-ірі сыннан мүдірмей өтіп жүрген палуандар тобында: Ж.Ысқақов, А.Жалмағанбетов, Қ.Байдосов, Л.Москалев, К.Мусаев, В.Зифтериди, Л.Соцков тағы басқа ондаған тәжірибелі спортшылар бар.
Талдықорған облысындағы ең таңдаулы палуанның бірі – В.Молчанов шофер болып істейді. Ол еңбекте табысқа жетумен бірге спортта да озып жүр. Бұған В.Молчановтың өткен жылы ауыр салмақты палуандарды түгелдей жеңіп, республикамыздың чемпионы атағына ие болғандығы толық дәлел. Жамбыл облысының спортшысы К.Мусаев палуан-мұғалім. Оның палуан атнуы оңайлыққа түскен жоқ. К.Мусаев шәкірттерінің сабақты жақсы оқуына әрдайым көңіл бөле отырып, өзі жан-жақты жаттықты. Ол сонымен бірге жарысқа қатысып, күшті әдіс-айласына назар аударды, үйренді. Міне соның нәтижесінде К.Мусаев былтыр өткен Бүкілқазақстандық VIII спартакиада кезінде озып шықты. Ол содан соң республикамыздың маңдайалды палуандарымен бірге СССР халықтарының спартакиадасына да қатысты.
Өткен жылы Москвада болған спартакиадаға қазақстандық ең жеңіл салмақты Жүрес Ысқақов пен жартылай жеңіл салмақты Қабден Байдосов та қатысты. Алматыдағы физкультура институтын быйыл бітіретін ол екеуі жарыстың алғашқы күнінен-ақ жақсы дайындығын көрсетті. Бұл екі студент те спартакиада қорытындысында озып шығып, диплом алды. Еліміздегі ең ірі жарысқа қатысқан Ж.Ысқақов пен Қабден Байдосов одақтағы таңдаулы спортшылар қатарына қосылып қайтқан соң да жаттығуын бәсеңсітпеді. Қайта ол екі палуан бұрынғыдан гөрі де мұкыят жаттығып, бұрынғы белдесулер кезіндегі асығып-аптыққан кемшілігін қайталамауға баса назар аударды. Сол себепті бұл екі спортшының шеберлігі бұрынғыдан да арта түсті. Бұған мысал ретінде жақында Москвада болған «Буревестник» ерікті спорт қоғамы спортшыларының жарысында Қабден Байдосовтың бірінші орынға, Жүрес Ысқақовтың үшінші орынға ие болғандығын айтуға болады.
Палуандардың Бүкілодақтық бұл күш сынасуында қазақстандықтар тамаша жеңіске жетті. Ол жөнінде сол жарысқа қатысқан Ж.Ысқақов былай дейді:
– Қазақ ССР-інің командасы екінші топта болды. Ал осы топта сегіз команданың Өзбекстан, Қырғызстан, Татар АССР-і, Молдавия ССР-і, Иркутск облысы және басқа республикалардың палуандары кездесу өткізді. Сонда қазақстандық 8 спортшының әрқайсысы өзінің салмақтас палуанының жауырынын жерге тигізді, командалық бірінші орынды жеңіп алды.
...Москвадағы құрылысшылардың спорт залы. Финалдық жарыс өтіп жатқан кез. Бір уақытта диктор:
– Азербайжан палуаны Мамедбеков пен қазақстандық Байдосов кілем үстіне шығады, – деп хабарлады СССР спорт мастері. Мамедбеков мұндай ірі жарыстарға бірнеше жылдан бері үздіксіз қатысып жүрген палуан. Ол – Одақтағы ең күшті, ең таңдаулылардың бірі. Бірінші разрядты Байдосов болса финалдық белдесуге тұңғыш рет шығып отыр. Сондықтан жас спортшы тәжірибелі палуанға қандай қарсылық көрсетер екен деген ойда болған залға жыйналғандардың назары да, көзі де сол екі спортшының әрбір қыймылында болды.
Шымыр денелі, орта бойлы Байдосов ұстаса кеткен сәтте-ақ, Мамедбековті қапсыра құшақтап алды. Ол содан кейін оны жоғары көтеріп, жамбасына ала лақтырып жіберді. Бірақ оның мұнысы сәтті болмады. Мамедбеков тізелей жығылып, тұрып кетті. Екеуі қайта белдесті. Бұл жолы азербайжандық палуан қазақстандық спортшының ырқына тіпті көнбеді. Оны тез аңғара қойған Байдосов алғашқы минуттағыдай күшін бос сарп етпеу үшін демалудың амалын ойластырды. Ол қарсы палуанның әрбір қимылына қарсылық көрсетіп, өзі шабуылға шықпады. Осылайша 2 минут уақыт өтті. Байдосов одан кейін Мамедбековті қалай да жығудың айласын жасап, батыл кірісті. Сөйтіп, ол азербайжандық палуанның жауырынын жерге тигізіп, кездесуді өз пайдасына шешті.
«Буревестник» ерікті спорт қоғамы бойынша Қабден Байдосов – СССР чемпионы атағына ие болды. Ол осы жарыста спорт мастері нормасын орындап шықты. Республикамыздағы қазақ жастары арасынан еркін күрес жөнінен тұңғыш рет мастер болған ол енді палуандардың Бүкілодақтық жарысына қатысу үшін Москвада жаттығып жүр. Одақтық жарысқа Қ.Байдосовпен бірге қазақстандық 4-5 палуан қатысады.
С. Төребеков
«Социалистік Қазақстан», 1957 жыл, 14 сәуір