Биылғы шыңылтыр қыстан қысылып шыққан Шығыс Қазақстан, оның ішінде Семей өңірінің шалғай аудандарының тұрғындары көктем келе су тасқынына тап болды. Наурыздың ортасында күн райының бірден 17 градусқа дейін жылынуы себепті қыстай жауған қалың қар бір сәтте еріп, өзен сулары арнасынан асып, Тарбағатай ауданының бірнеше ауылы су астында қалды. Апатты жағдай Қызылкесік, Қабанбай, Жетіарал, Тәуке, Сұлутал сынды елді мекендерде қалыптасып отыр. Су тасқыны әсіресе, Көкжыра, Жәнтікей ауылдарының тұрғындарына ауыр зардап әкелді. Мұндағы үйлер түгелдей дерлік су астында қалып, мал қырылды. Қазіргі қолда бар деректерге сүйенсек, Тарбағатай ауданында 7 мыңға жуық адам су тасқынынан зардап шегіп, 35 мың мал басы опат болған екен.
Осындай қысылтаяң шақта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет те шығыстағы ағайындарды назардан тыс қалдырмай, рухани және материалдық жағынан демеу көрсетуде. Алдымен дінбасымыз республикалық БАҚ арқылы апаттан зардап шеккен халықты сабырлыққа, шыдамдылыққа шақырып, бұл бір Алланың сынағы екенін, бір қиыншылықтың бірнеше жақсылығы бар екенін айтып жұбатты. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі өкіліне шұғыл тапсырма беріп, халыққа барынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет жүктеді. Осы мақсатта Семей қаласындағы орталық мешітте тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары қолға алынды. Жедел ұйымдастырудың арқасында аз уақытта үйсіз-күйсіз қалған қандастарымызға алғашқы жәрдем ретінде 6 тонна азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек дайын болды. Сонымен қатар, осы Ақсуат өңірінің тумалары қазірде Семей қаласында тұратын қадірлі ел ағалары бас болып тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған штаб құрды. Қалталы кәсіпкерлерден бастап, қарапайым тұрғындарға дейін өз үлестерін қосып, қолұшын беруге тырысты. Біз тасқын болған өңірге барып зардап шеккен тұрғындардың жағдайы жергілікті басшылықтың, бүкіл елдің, Елбасымыздың назарында екенін, олар қамқорлықсыз қалмайтынын, бір Алладан үміт үзбесе, жақсылықтың болатынын баяндадық. Мұндай жарқын әңгімеден кейін қамкөңіл жандардың көңілдері орнына түскендей болды. Ауыр жағдайда қайғыларын бөліскен кеңпейіл жандарға, Елбасымызға, Дінбасымызға, жүрегі елім-жерім деп соғатын азаматтарға алғыстарын білдірді.
Сөзімді қорытындылай келе, барша мұсылман қауымға бұл өтпелі қиындықтар Алла тағаланың бізге жіберген сынағы екенін, оған күпірлік келтірмей, жақсылықтан үміт үзбей дұға тілесек, болашағымыз жарқын болатынын айтқым келеді. Алла тағала халқымызға амандық, елімізге бақ-береке нәсіп етсін!
Тыныштық қажы ЯХИЯҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкіл имамы.