Қоғам • 13 Наурыз, 2020

Азық-түлікке қатысты дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ – Бақыт Сұлтанов

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус қаупіне байланысты Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов супермаркеттер мен базарларда туындаған дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ екенін мәлімдеді. 



Азық-түлікке қатысты дүрбелеңге ешқандай себеп жоқ – Бақыт Сұлтанов

Бақыт Сұлтановтың ақпараты бойынша, бүгінгі күні азық-түлік тауарларының тапшылығы мен бағаның өсуі жоқ. 2015 жылдан бастап 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тобына бағаның өсуі ең төменгі 0,6% - ды құрады, жалпы азық-түлік тауарларына бағаның өсуі 1,9% - ды құрады.

«Ақпанның соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының 0,1% - ға төмендегені байқалады», - деді Б.Сұлтанов.

Орталық мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар алдын алу шараларынан басқа барлық желілерді, елді мекендерді толық көлемде жабдықтау үшін қосымша шаралар қабылдады. Өңіраралық өзара іс-қимыл жүйесі жолға қойылған. 2019 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар сауда желілері үшін қапталған айналым қаражатын бөлетін «айналым схемасы» тетігі пайдаланылады. Сауда желілері өз кезегінде тауар өндірушілермен өзара іс-қимыл бойынша міндеттемелерді, оларды уақтылы салу және белгілі бір кезеңге баға дәлізін ұстау бойынша қаржылық міндеттемелерді өзіне алады.

Сапархан Омаров халықтың негізгі азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне үнемі жүргізілген мониторинг туралы айтып берді. Ауыл шаруашылығы министрінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда өңірлік тұрақтандыру қорларында, өндірушілер, сауда ұйымдары қоймаларында және басқа да қоймаларда 1,2 млн тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бар.

Көрсетілген көлем өнімнің түріне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жеткілікті. Азық-түлік тауарларын өндіру тоқтатылмайды, ұзақ мерзімге жеткілікті тұрақты қоры бар. Өндіріс орындарынан азық-түлік тауарларын жеткізу жоспарланған кесте бойынша жүргізіледі, сауда орталықтары мен базарлар штаттық режимде жұмыс істейді.

Спикерлер Үкімет негізгі азық-түлік тауарларына бағаның алыпсатарлық өсуіне жол бермеу үшін шаралардың толық спектрін қолданатынын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға деңгейін бақылайды. Бағаның негізсіз өсуі жағдайында бизнес субъектілеріне айыппұл санкцияларын қоса алғанда, ден қою шаралары қолданылатын болады.

Министрлер азаматтарды үрей туғызбауға және ресми дереккөздерден тек шынайы ақпаратқа сенуге шақырды.