Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Бас консулы Гэн Липин: «Бүкіл әлемді алаңдатып отырған коронавирус пандемиясына қатысты жағдайды баршамыз біліп отырмыз. Мен күн сайын эпидемиялық жағдайдың дамуын жіті бақылай келе, қоғамдық денсаулық сақтауды нығайту бүкіл әлемнің ортақ міндеті екенін терең сезінемін.
Сондай-ақ ДДСҰ бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесустың «Қытай мемлекеті қабылдап отырған шаралар тек қана өз халқын қорғауға ғана емес, бүкіл әлемді сақтауға бағытталған. Бұл эпидемияны жеңудің жалғыз жолы – барлық мемлекеттер ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа негізделген күш-қуатын біріктіруге ұмтылу қажет» деген сөзін де терең түсінемін.
Сол сияқты Қытай Үкіметінің эпидемиямен күрес жөніндегі шаралары мен орасан күш-жігері біртіндеп өзінің жақсы нәтижелерін бере бастағанын жоққа шығаруға болмайды. Оңайға түспеген орасан әрекеттердің арқасында Қытайдағы коронавирустың таралуы ауыздықталып, қатаң бақылау аралық нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия меңдеп тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам коронавирус жұқтыратын болса, соңғы күндері 10 шақты адамда ғана бар екені анықталып отыр. Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілді» дейді.
Мәселен, бүгін Қытайдың Хубэйден басқа провинциясында 8-ші күн қатарынан коронавирустың жаңа оқиғасы тіркелген жоқ.
Бүгін Хубэй өлкесінің Ухан қаласында короновирустың 5 жаңа жағдайы, провинциядан тысқары 3 оқиға тіркелгенімен, бұл адамдар басқа мемлекеттерден оралғандар.
Қысқасы, Қытай елінде күн өткен сайын жағдай тұрақталып келеді. Кеше 15 адамда коронавирус жұқтырғаны расталса, оның 8-і Хубэйде, Шаньдунде вирусқа шалдыққан 7 адамның 6-ауы басқа елдерден келген.
Қытай ғалымдары наурыз айының соңына дейін нөлдік нәтижеге жету үшін шекараны қатаң бақылауға алып, ДССҰ ұсыныстары мен кеңесін қатаң сақтайтын болады.