Аймақтар • 14 Наурыз, 2020

Қарағанды: дүкенде бәрі бар, дүрлігуге жол жоқ

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі ірі сауда дүкендері мен базарлардың басшыларымен, тауар жеткізушілермен болған арнайы жиында халық арасында үрей мен дүрлігуге жол бермеу үшін үйлесімді жұмыс істеу қажеттігіне баса мән берді. Азық-түліктің бәріне жететінін, ал баға бойынша алыпсатарлықтың жолы қатаң кесілетінін ескертті ол.

Қарағанды: дүкенде бәрі бар, дүрлігуге жол жоқ

Сонымен қатар, өңір басшысы супермаркеттерде қант пен басқа да тауарлардың таусылғаны жөніндегі әлеуметтік желілерде желдей ескен  ақпараттың шынайылығын тексеру үшін өңірдегі ірі қалалардың әкімдеріне тапсырма берді.

 – Облыста азық-түлік қоры жеткілікті. Баға деңгейінің негізсіз өзгеруі болмауы тиіс. Бұл – ел Президентінің тапсырмасы. Мұның өзекті мәселе екендігін естен шығармауымыз керек. Алыпсатарлық сұраныстың туындауы әбден мүмкін, сондықтан жауапты тұлғалар жағдайды қатаң бақылауда ұстауы керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жиында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров жергілікті ұн және макарон өндірушілер облыс орталығының сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

– Күріш, қарақұмық, тұз, өсімдік майы сияқты бакалея түрлері бойынша көтерме сауда орындарының қоры жеткілікті, жағдай қалыпты деуге болады. Кеше кейбір дүкендерде қанттың болмағаны рас, бірақ қазір ол ірі супермаркеттер арқылы тасымалданып жатыр. Жағдай тұрақты, оны жіті қадағалап отырмыз. Қарағандыда бакалея өнімдері бойынша проблема жоқ, – деп сендірді қала әкімі.

Сауда-саттық саласында жүрген қарағандылық кәсіпкерлер барлық ірі супермаркеттерде азық-түліктің жеткілікті екенін және үрейге салынып, дүрбелеңге еруге ешқандай себептің жоқтығын мәлімдеді.

Қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қараған кәсіпкерлерге облыс басшысы да өз тарапынан ризашылық танытты. Ол қажет болған жағдайда облыстың атқарушы билігі тұрақтандыру қорынан азық-түлік интервенциясын жүргізуге дайын екенін жеткізді. Қазір қорда 600 мың тонна бакалея өнімдері – күнбағыс майы, қарақұмық және күріш жармасы, ұн және қант бар. Сондай-ақ, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат қоры да жеткілікті. Бұдан бөлек, облыста ай сайын 11 мың тонна ұн және 610 тонна макарон өнімдерінің өндірілетіні де айтылды.

Арнайы жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев өңірдегі дәріханаларда дәрі-дәрмектің жеткілікті екендігін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол аймақтың атқарушы билігі мен кәсіпкерлер арасында  медициналық маскаларды көтерме бағамен сату туралы келісім жасалғанын атап өтті. «Бүгінгі күнде әлеуметтік дәріханаларға Қарағанды облысында өндірілген медициналық маскалардың алғашқы партиялары жеткізіле бастады», деді Ержан Нұрлыбаев.

Жиынды қорытқан облыс басшысы супермаркеттер мен сауда-ойын-сауық орталықтарының басшыларына санитарлық талаптарды күшейту керектігін еске тағы бір мәрте салды.

 

 

Қарағанды облысы