Коронавирус • 15 Наурыз, 2020

Сегіз сырқат анықталды

1266 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытайдан тарап, әлемнің 150-ден астам елін шарпыған пандемия Қазақстанда 13 наурыз күні тіркеліп, кешеге дейін 8 адамға жұққаны мәлім болды.

Сегіз сырқат анықталды

Халықты сабырға шақырған Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Өкінішке қарай, коронавирус Қазақстанды да айналып өтпеді. Үкімет пен әкімдер өзіміздің және шетел азаматтарының қауіпсіздігі үшін айрықша шаралар қабылдауда. Жағдай толық бақылауда. Сабырлық танытып, жеке гигиенаны сақтау қажет. Арандатушылар жазаланады. Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін. Біз #Birgemiz!», деп жазды Twitter-дегі парақшасында.

«Үш айдан бері Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті атқарушы органдар  коронавирусты Қазақстанда болдырмау бойынша көп шараны іске асырды. Өкінішке қарай, бүгін бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Екеуі де Алматыға Германиядан келген Қазақстан азаматтары», деді жұма күні түсте Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өткізген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, коронавирус жұқтырған алғашқы екі адамның бірі 9 наурызда ұшып келген 1974 жылғы ер адам. Ұшақта 73 жолаушы болған. Екіншісі 12 наурызда келген 1984 жылғы әйел. Ол отырған бортта 12 адам болған. Олардың бәрі карантинге жатқызылды.

13 наурыз күні түстен кейін екінші мәрте шұғыл брифинг өткізген Е.Біртанов коронавирус жұқтырған үшінші адам туралы хабарлады. Бас қалада тіркелген тұңғыш науқас
12 наурызда Милан (Италия) – Мәскеу – Нұр-Сұлтан бағытымен ұшып келген. Ол ұшақтан түсісімен карантинге жатқызылды. «Мәскеуден келген рейстің бортында 90 жолаушы болды, оның 37-сі Қазақстанның, 42-сі Ресейдің, 11-і басқа елдің азаматтары», деді Денсаулық сақтау
министрі.

Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың хабарлауынша, бортта болған басқа 89 адамның барлығының қайда екені анықталды. Яғни олардың 21-і Ресейге ұшып кеткен. Ал Нұр-Сұлтанға келген қалған 68 жолаушының 14-і өңірлерге тарап кеткен болса, 54-і бас қалада болған. «54 жолаушының 53-і елордадағы стационарларға жатқызылды. Ресейдің бір азаматы дипломатиялық ранг пен РФ елшілігінің нота беруіне байланысты елшілік аумағында қалды. Өңірлерге тарап кеткен 14 жолаушының барған жерлері анықталып, стационарларға оқшауланды. Олар Алматы, Атырау, Степногор және Қарағанды қалаларында», деді С.Қисықова.

Жұма күні кеште Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп жұқпалы ауруға шалдыққан төртінші адамның Алматыда тіркелгенін айтты. 1976 жылғы азамат Германиядан келген ұшақтың ішінде болған.

Сенбі күні таңертең елімізде коронавирус тағы екі адамнан анықталды. Оның біреуі – 1958 жылы туған ер адам. Алматыға Мәскеуден 10 наурызда ұшып келген жеке кәсіпкер карантинде жатыр. Енді бірі Варшава – Нұр-Сұлтан ұшағымен келген әйел кісі. Бұл елордада жұқпалы дертпен тіркелген екінші науқас.

Кеше Е.Біртанов Алматыда тағы екі адамның індет жұқтырғанын хабарлады. Оның бірі – 1959 жылы туған инфекциялық стационарда оқшаулауда жатқан пациент. Ол Мәскеуден келіп ауру жұқтырған Алматыда тіркелген төртінші науқастың әйелі. Оның отбасындағы жақындарының бәрі карантинге алынды. Ал екіншісі Сеул – Алматы ұшағымен келген ер адам. «Ұшақтағы 130 жолаушының ішінде трансфермен кеткені бар. Бәрі де 100 пайыз инфекциялық ауруханаға және стационарға жатқызылды», деді министр.

Сонымен соңғы ақпарат бойынша елімізде 8 адам коронавирус жұқтырған. Ал 1425 азамат стационарда карантинге алынса, 496 адам үй карантинінде жатыр.