Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы 15 наурыздағы сағат 24.00 кезіндегі жағдайға сәйкес, Қытай елінде коронавирус жұқтыру жаңадан 16 адам ғана расталғанын мәлімдеді. Олардың 4-еуі Уханьда болса, 12 адам басқа мемлекеттерден келген.
Көршілеріміз бесінші күн қатарынан індет ошағы болған Ухань қаласында коронавирус бірді-екілі адамнан ғана табылып жатқанына қуанып отыр. Эпидемия құтырынып тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам вирус жұқтыратын болса, соңғы күндері жиырмаға да жетпейтін адамда ғана короновирус бар екені анықталып отыр.
Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілді.
Қазір Қытайдың құрлықтық бөлігінде 9898 оқиға тіркелген. Оның ішінде 9605 адам - Хубэй провинциясының тұрғыны.
Қазір күн сайын 800-900 науқас сауығып, үйлеріне оралып жатыр. Күн сайын Хубэй провинциясынан тысқары жерде жұқтыру оқиғалары азайып келеді. Жаңа жұқтыру оқиғалары тіркелген жағдайда да – олар басқа мемлекеттерден келгендер.
Көптеген қала мен провинцияларда коронавирустың анықталуы нөлдік деңгейге жетті. Жоғарыда атап өтілгендей, індеттен сауыққан адамдардың саны айтарлықтай өсіп келеді.