Алқалы жиынды Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко ашты. Ол ішкі нарықтағы азық-түлік тауарларының 11 түрінде импорттың үлесі жоғары екенін алға тартты. Атап айтқанда, балық – 73%, ірімшік және сүзбе – 49,5%, шұжық – 38%, маргарин – 66%, кептірілген жемістер – 100%, тауық еті 45% сырттан әкелінеді. Бұл ретте бағаны тұрақтандыру мәселесі стратегиялық мәнге ие болады.
Сондай-ақ Владимир Божко нарықтағы және базардағы бағаны тұрақтандыру іс-шараларына басымдық беру мәселесін сөз етті.
Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау үшін алдымен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров депутаттар алдында саланың өткен жылғы даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Министрдің айтуынша, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құраған. Бұл ретте мал шаруашылығы өнімін өндіру 4%-ға артып, өсімдік шаруашылығы өнімін өндіру 2019 жылғы қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты 1,7%-ға төмендеген. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 41,1%-ға артып, 501,6 млрд теңгені, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 6,4%-ға ұлғайып, 3,3 млрд долларды құраған.
– Егін жинау қорытындылары бойынша 17,4 млн тонна астық бастырылды. Бұл – 2018 жылдың деңгейінен 2,9 млн тоннаға немесе 14%-ға аз. Бүгінгі таңда республика бойынша қолда 10,2 млн тонна астық, оның ішінде 7,8 млн тонна бидай бар. Астықты ішкі тұтыну көлемі 1 шілдеге дейін шамамен 5,8 млн тоннаны, бидай 3,8 млн тоннаны құрайды. Экспорттық әлеует 3,1 млн тонна астықты құраса, оның 2,7 млн тоннасы – бидай. Өтпелі қалдық шамамен 1,3 млн тоннаны құрайды. Осылайша елде бар астық көлемі халықты қамтамасыз ету, тұқым мен жемшөп қорын қалыптастыру үшін жеткілікті. Бұл ретте Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 604 мың тонна астық көлемінде азаймайтын қор қалыптастырды. Жалпы, өсімдік шаруашылығында жүргізіліп жатқан егіс алаңдарын әртараптандыру саясаты оң нәтижелер беруде. 2011 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар өндіру көлемі 1,6 есе ұлғайып, 2,9 млн тоннаны құрады. Көкөніс-бақша дақылдарының жалпы жиналымы 33%-ға, картоп 4,7%-ға өсті, – деді министр.
Сонымен қатар ет өндіру көрсеткіші де көптің назарына ұсынылды. 2019 жылы ет өндіру көлемі 5,8%-ға ұлғайып, 1,1 млн тоннаны құраған екен. Ет өндірісінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы жануарлары санының өсуімен байланысты болды. Соңғы 5 жылда ірі қара мал басы 23,3%-ға өсіп, 7,4 млн басты құрады. Ұсақ мал 6,6%-ға артып, 19,1 млн басты, жылқы 45,8%-ға артып, 2,8 млн басты құрады. Саланың құрылымы да өзгеруде, 2014 жылы ұйымдастырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басының үлесі 35,1% болса, қазір 44,9%-ды құрайды. Жалпы, ет бойынша қамтамасыз ету көлемі 85%-ды құрайды. Бұл ретте «қызыл ет» бойынша импорт үлесі жалпы тұтыну көлемінің 5%-ынан аспайды. Өңдеуге тек мұздатылған ет ғана әкелінеді. Құс еті бұған кірмейді, ол бойынша ішкі тұтынудағы импорт үлесі 44,7%-ды құрайды.
С.Омаров министрлік негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыратынын атап өтті. Бұл тізбені шартты түрде 3 топқа бөлуге болады екен. Оның біріншісі – тауық жұмыртқасы, күріш, қой еті, картоп, ұн, макарон қамтамасыз етілуі 100 және одан да көп пайызды құрайтын азық-түлік тауарлары. Отандық өндірушілердің өндіріс көлемі жеткілікті болғандықтан, бұларға басымдық бермеу ұсынылады. Екінші топ – қамтамасыз етілуі 90 және одан асатын пайызды құрайтын өнім түрлері. Бұлар – маусымға тәуелді болатын қызанақ, қияр, қырыққабат, сәбіз, пияз, бұрыш сияқты көкөніс өнімдері, сиыр еті, шошқа еті, жылқы еті, қышқыл сүт өнімдері, сары май және күнбағыс майы. Көрсетілген өнімдер жеткілікті көлемде өндіріледі, бұған қоса аз көлемде импорт та бар. Үшінші топ – қамтамасыз етілуі 80 пайыздан төмен өнім түрлері. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, балық, алма мен қант. Бұл тауарлық позициялар бойынша импорт жыл сайын 580,7 млн долларды немесе 220 млрд теңгені құрайды.
– Министрлік сүт, құс етін, алма мен қант өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтін салалық бағдарламалар әзірледі. Мәселен, 2020 жылы заманауи цифрлы технологиялар қолданылатын 25 өнеркәсіптік
тауарлы сүт фермалары, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы салынады, 2000 гектарға бақ отырғызу жоспарлануда, Жамбыл облысында қант зауытының құрылысы басталып кетті. Бұл жобалар бойынша өткен жылы дайындық жұмыстары жүргізілді, нақты инвесторлар айқындалып, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілуде. Үш жыл ішінде ірімшік пен сүзбе өндірісі 16,2%-ға ұлғайып, 29,5 мың тоннаны құрады. Бұл ретте, елімізде шамамен 5,8 млн тонна сүт өндірілгенімен, сүт зауыттарының жүктелуі қазір шамамен 65%-ды құрайды. Осыған байланысты жыл сайын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын енгізу арқылы сүт өндірісін қарқынды форматқа ауыстыру ұсынылады. Бұл жыл сайын қосымша 120 мың тоннаға дейін сүт өндіруге және 1250 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы үшін қаржыландырудың жеңілдетілген шарттары пайдаланылады. Бұл шараларды іске асыру есебінен 5 жыл ішінде сүт зауыттарының толық жүктелуін қамтамасыз ету жоспарланып жатыр, – деді С.Омаров.
Ауыл шаруашылығы министрі кешенді іс-шаралардың іске асырылуымен 2024 жылға қарай ішкі нарықты 80%-дан 100%-ға дейін отандық өнімдермен молықтыру мүмкін болатынын алға тартты.
Талқылау барысында депутаттар саладағы жұмысқа қатысты біраз сын айтты. Солардың қатарында Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов белгіленген жоспарлардың мерзімінде орындалуына күмәнмен қарады. Мәжілісменді мұндай дүдәмал ойға жетелеген бірнеше себеп бар. Оның біріншісі – АӨК саласын дамытудың нақты стратегиясының, мемлекеттік саясатты іске асыру сабақтастығының және мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдерінде айқындықтың болмауы.
Екінші себебі – субсидиялар мен кредиттерге қолжетімділіктің төмендігі. Агробизнес өкілдері тек бюджеттік субсидияларға арқа сүйеп әдеттенген, бұл – нарықтық тәсіл емес. Сондай-ақ әлі күнге дейін шағын және орта шаруашылықтарды қолдау тетіктері пысықталмаған.
Үкімет сағатының соңында Мәжіліс депутаттары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру кәсіпорындарын құруда мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту қажеттілігіне қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Бұған қоса әлеуметтік-кәсіпкерлік коорперацияның функциялары мен жұмыс тетігін қатайту қажет екені айтылып, ӘКК-ны әлеуметтік маңызы бар өнімдерді өндірушісі мен сатып алушыны жақындастыратын белсенді оператор ретінде қалыптастыру мәселесі көтерілді.
Жиын қорытындысы бойынша айтылған сын-ескертпелерді, ұсыныстарды ескере отырып, Мәжілістің ұсынымдары әзірленеді.