Аймақтар • 17 Наурыз, 2020

Химиялық заттар өндірісі өседі

577 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде әлемді құрсаулай бастаған қауіпті індеттің елімізге де енуіне байланысты сақтандыру шараларын жан-жақты жүргізу қай кездегіден де қажеттірек. Бүгінгі күні "Сақтансаң, сақтармын" деген халықтық қағиданың мәні одан сайын тереңдей түсуде. Осы орайда қажетті антисептик құрал-жабдықтар мен препараттар өндірісін шұғыл жолға қоя білудің орны айрықша.

Химиялық заттар өндірісі өседі

Ақтөбе аймағында осынау аса жауапты істерді атқару «Адал Грант» пен «ТКА Фарм» ЖШС-на жүктелген. Негізінен химиялық өнімдер мен ерітінділер шығаруға мамандандырылған жергілікті кәсіпорындар өздеріне жүктелген жауапкершілік жүгін терең сезінуде. Осы отандық кәсіпорындардың бірінде шығарылатын хлордексиден деп аталатын емдік препарат індеттің алдын алуға септігін тигізе алады екен. Атап айтқанда, оның құрамындағы 70 және 90 пайыздық мөлшердегі этил спирті пайда болған бактериялар мен вирустарды жоюға жәрдемдесе алатыны белгілі болып отыр.

Бүгінгі күні аталған кәсіпорынның бірінде күніне елу және жүз милилитрлік көлемдегі  9 мың дана флакон хлородексиден шығарылуда. Бұл мөлшерді аз деуге де, көп деуге де болмайды. Егер алдағы уақытта өнім мөлшерін одан әрі көтерудің жолдары мен мүмкіндіктері іздестірілсе, оның ешқандай артықшылығы болмас еді. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе аймағында орналасқан арнайы кәсіпорындардың өнімдері тек бір өңірді ғана емес, сонымен бірге, Алматы мен Нұр-Сұлтан секілді мегаполис қала тұрғындарының да сұраныстарын өтей алатындай деңгейге жеткізілсе, бұдан ешкім де ұтылмас еді деген ой келеді. Яғни мұның өзі таяу арада химиялық құрал-жабдықтар мен ерітінділер шығару көлемін шұғыл көтеру қажеттігінен туындайды.

Біз осы ойымызды Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлік басқармасы мен «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облыстық филиалының басшылары Қайрат Райымқұлов пен Анар Дәржановаға айтқан едік. Бүгінгідей сыни күрделі кезеңде алға мұндай мақсат қоя білудің салмағы мен жауапкершілігі өте жоғары. «Адал Грант» пен «ТКА Фарм» мұндай биік міндетті атқара ала ма, жоқ па? Дәл қазіргі сәтте бұған кесіп-пішіп жауап қайтара қою оңай емес.

Дегенмен аталған жергілікті компаниялардың ішкі мүмкіндіктері мен сыртқы резервтері мұқият талданып, саралу үстінде. Сонымен бірге химиялық заттар өндірісі көлемін нендей тұтқалар мен тетіктердің есебінен өсіру керектігі де жан-жақты ойластырылуда.  Бұған алдағы күндерде толықтай жауаптар қайтарылатын болады деді олар тілшінің сауалына орай.

Бүгінгі уақыт, жарты әлемге шеңгелін батырып үлгерген коронавирус індетін ауыздықтау ырғалып-жырғалуды көтере алмайтыны аян. Бұл тұрғыда ақтөбелік химия өндірісінің кәнігі шеберлері мен мамандары оңтайлы шешім қабылдай алады деуге толық негіз бар.

 

АҚТӨБЕ