Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2012-2022 жылдардағы Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығының инаугурациясына орай халықаралық форум өтеді.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2012-2022 жылдардағы Мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығының инаугурациясына орай халықаралық форум өтеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан қолдау тапқан еліміздің бұл бастамасы, ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізіп жатқан іс-шара халықаралық қауымдастықтардың мәдениетаралық диалогтарын дамытуға бағытталған. Форум халықаралық саяси, академиялық және іскер орталардың өкілдерінің басын біріктіріп, сондай-ақ, күн сайын өзгеріп жатқан мына жаңа әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалай сақтап қаламыз деген тұрғыда азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің де пікірлерін талқыға салуды көздейді.
Форум жұмысына ЮНЕСКО-ның бейбітшілік және мәдениеттер диалогы мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі тобына кіретін халықаралық ұйымдардың басшылары мен танымал тұлғалар, сондай-ақ, этика және мәдениетаралық коммуникация, білім және мәдени мұра бойынша 30 елден сарапшылар қатысады.
Форумның құрметті қонақтарының арасында ЮНЕСКО-ның бас директоры Ирина Бокова, БҰҰ өркениеттер альянсінің жоғары өкілі Насир Абдулазиз Аль-Нассер, ИСЕСКО-ның бас директоры Абдулазиз Отман Альтуэйджри, ТҮРКСОЙ-дың бас директоры Дүйсен Қасейінов, БҰҰ-ның білімге құқық бойынша арнайы баяндамашысы Кишоре Сингх, Нобель сыйлығының иегері, жазушы Воле Шойинка, тағы басқа да айтулы тұлғалар бар.
Біздің елден аталмыш іс-шараға Парламент депутаттары, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Ұлттық комиссияның мүшелері, мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысады.
Айгүл Сейілова,
«Егемен Қазақстан».
Мәңгілік мұрат
Астанада өтетін Мәдениеттердің халықаралық жақындасуының онжылдығына арналған шараның тұсаукесеріне арнайы келген Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясы Рудаки атындағы Тіл, әдебиет, шығыстану және жазба мұралары институтының директоры, академик, ЮНЕСКО ұлттық комиссиясының мүшесі Акбори ТУРСОНДЫ әңгімеге тартқан едік.
– Астанада Мәдениеттердің халықаралық жақындасуының онжылдығына арналған шараның тұсаукесер рәсімі өтеді. Осы шарадан сіз не күтесіз, оның мәні мен маңызы туралы не айтар едіңіз?
– Алдымен айтарым, мені Қазақстанға тәжік халқының мәдениетін өзімен бірге алып келген адам ретінде қарауыңызға болады. Өйткені, мен мақтанғаным емес, өз елімнің мәдениетін бір кісідей білемін. Біздің халық ежелгі халықтардың бірі. Алғашқы мемлекетіміз де осыдан талай ғасырлар бұрын құрылған. Қазір Жаратушыға мың да бір рахмет, тәжік елінің мәдениеті сонау ықылым заманнан бері келе жатқан тілімізді, салт-дәстүрімізді, өнерімізді, тарихымызды өзімен бірге алып келеді. Біздің халық кішкентай болса да тарихи қоржынымыз көп. Қазақ халқы да сондай тарихқа бай, мәдениетке ешқашан кенде болмаған халық деп ойлаймын. Ал мәдениеттердің жақындасуы деген шараның маңызы өте зор. Алғашқы жиын болған соң әрине, одан көп нәрсені күтеміз. Ең алдымен, ол тек жақсы шешімдер қабылданатын, маңызды мәселелер көтерілетін басқосу болса екен деймін. Бұл шара бір жағынан, бүкіл әлемді мәдениет, тарих, философия арқылы біріктіруге арналса, екінші жағынан, болашақта жер жүзінде соғыс, әскери қақтығыстарды болдырмау үшін жасалып жатқанға ұқсайды.
– Демек, сіз мәдениеттер тек тарих, философия, өнер, білім арқылы ғана жақындасады деп ойлайсыз ба? Басқа жолдары жоқ па?
– Басқа жолдары жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Дегенмен, гуманитарлық ғылымның жөні бөлек. Мұнда тарих, білім, өнер, мәдениеттің бәрі-бәрі бар. Менің ойымша, мәдениеттердің халықаралық жақындасуының онжылдығы деген шара осы мақсатта да өткізілетін болады. Яғни біз тарихымызды, мәдениетімізді зерттеп, бір-бірімізге ағайын, жақын адам болсақ, ертеңгі күні бір-бірімізге сеніммен қарап, алауыздыққа жол бермейміз. Шараның негізгі мақсаты осы деп білемін.
Әңгімелескен,
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақс