Десек те айтулы ұйымның президенті Дана Уайт 18 сәуірде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында жалауы желбіреуге тиіс UFC 249 жарысын қалай да белгіленген мерзімде өткізуді көздеп отыр. Себебі, ол турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтың чемпиондық белбеуі үшін ресейлік Хабиб Нұрмагомедов пен америкалық Тони Фергюсон күш сынасады.
Екеуінің де есімдері төрткүл дүниеге мәшһүр. Мәселен, 31 жастағы дағыстандық жігіттің осы спорт түрін серік еткеніне 12 жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында 28 кездесу өткізген ол барлығында басымдық танытты. 18 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. 2018 жылдың 7 сәуірінде Хабиб Эл Яквинтаны ұпай санымен ұтып, алтын белбеуді иеленді. Кейіннен Конор Макгрегор мен Дастин Пуарьені «ауырту» және «қылқындыру» әдістерімен жеңіп, өз атағын қорғады.
36 жастағы Калифорния штатының тумасы да 28 мәрте октогонға шығып, 25 рет үстемдік танытты. 20 кездесуде айқын басымдыққа ие болды. Соңғы рет Тони осыдан сегіз жыл бұрын Майкл Джонсонға есе жіберген еді. Содан кейінгі 12 жекпе-жегінің барлығын ол өз пайдасына шешті.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Дана Уайт: «Әрине, біз билік тарапынан белгіленген баршаға ортақ тәртіпке мойынұсынамыз. Алайда Хабиб Нұрмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы кездесуді миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күтуде. Сол себепті де сол жекпе-жекті АҚШ-та болмаса да, басқа елде, тіптен көрерменсіз де өткізуге әзірміз», - деп мәлімдеді.