23 Тамыз, 2013

«Еуразия-2013» халықаралық кинофестивалінде 12 фильм сарапқа салынады

360 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 16-21 қыркүйек аралығында тоғызыншы рет өтетін IX халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек.

 

Биыл 16-21 қыркүйек аралығында тоғызыншы рет өтетін IX халықаралық «Еуразия» кинофестивалі қазылар алқасының құрамымен өзгешеленбек.

Алматыға әлемге танымал кине­матографистердің бірқатары келеді. Ал, қазылар алқасына жаңа­зеландиялық жазушы және Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағы» жүлдесін жеңіп алған («Пианино») тұңғыш әйел кинорежиссер, сондай-ақ, «Оскар» сыйлығы, Венеция кинофестивалінің «Күміс арыстан» жүлдесінің иегері Джейн Кэмпион төрайымдық етпек. Сонымен қатар, қазылар құра­мында Канн кинофестивалі сыйлы­ғының иегері («Алтын пальма бұтағы» «Убой» фильмі үшін), белгі­лі азиялық кинорежиссер, оператор және продюсер Брильянте Мендос, арт-хаус жанры бойынша әлемдегі беделді продюсерлердің бірі, испандық продюсер, режиссер, актер және сценарист Луис Минарро, белгілі америкалық сценарист Дэвид Фрацони төрелік етеді. Дэвид Фрацонидің сценарийі бойынша түсірілген «Гладиатор» фильмі «Оскар» сыйлығын бес номинация бойынша жеңіп алған. Халықаралық қазылар алқасының құрамында өзіміздің Эмир Байғазин де бар. Биыл ақпан айында «Берлинале-2013» халықаралық кинофестивалінің «Күміс аю» жүлдесін жеңіп алған 29 жастағы жерлесіміз қазылар алқасының ең жас мүшесі.

Осы арада биылғы «Еуразия» кинофестиваліне жоғарыда аталған атақты киножұлдыздардың келуіне Берлин фестиваліндегі табысымыз оң ықпал еткені байқалады.

Аталмыш фестивальдің жай-жап­сарына қатысты алдын ала өткі­зіл­ген баспасөз мәслихатында Ш.Ай­манов атындағы «Қазақ­фильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев «Еура­зия» кино­фес­тивалі бүгінде әлем кине­мато­графистерінің кәсіби алаңына айналып келе жатқандығын атады.

– Кез келген кинофестиваль сол елдің кинематография деңгейінің көрсеткіші. Мем­ле­кет басшысының мәдениет сала­сында жүргізген кешенді саясаты отандық кинематографияны соңғы жылдары үлкен табыстарға жеткізе алды. Бұл – еліміздегі кино өндірісінің даму үрдісінің, ұлттық кинематографтың өскелең беделінің белгісі, – деді Е.Аман­шаев.

Сонымен, биылғы «Еуразия» кино­фестиваліне қатысуға әлемнің түкпір-түкпірінен 170-тен астам кинотуынды келіп түскен. Оның ішінен 12 фильм ғана іріктеліп алынды. Олардың қатарында: «Сүйіктім» (Италия, 2013), «Анри» (Франция, 2012) «Менің әпке-сіңлілерім» (Германия, 2013), «Ваджда» (Сауд Арабиясы, Германия, 2012), «Мазаланба, Сара» (Иран, 2013), «Ило Ило» (Сингапур, 2013), «Цикл» (Түркия, 2012), «Қымсыну» (Ресей, 2013), «Гүлдену» (Грузия, 2013), «Құш­­тарлық» (Қырғызстан, 2013), «Зарандуд» (Тәжікстан, 2013) және қазақстандық фильм – «Ба­уыр» (реж. С.Апрымов, 2013 – фильм Венеция кинофестивалінің бағдар­ламасына іріктеліп алынды).

Фестиваль аясында дәстүрлі кон­курстан тыс «Ортаазиялық пано­рама», «Шығыс-Батыс» (батыс кино­­режиссері – Джейн Кэмпион және шығыс кинорежиссері – Бри­льянте Мендосаның ретроспективалары енгізілген) бағдарламалар ұсынылады. Сондай-ақ, World Cinema Fund, Ресей киносының күндері және «Қарқынды дамушы қазақ киносы» бағдарламалары бар. Көрермендер халықаралық кинофестивальдердің жүлделеріне ие болған қазақстандық фильмдерді және режиссер Дәрежан Өмірбаев­тың ретроспективалық фильмдерін тамашалай алады.

«Еуразия» кинофестивалінің негізгі мақсаттарының бірі Еуропа және Азия елдерінің продюсерлері арасындағы байланысты нығайту болып табылады. Биылғы жылы кинофестивальде киноқоры бойынша дөңгелек үстел өткізілмек. Ұйымдастырушысы – Бер­лин кино­фестивалі жанындағы World Cinema Fund директоры Винченцо Буньо. Аталмыш киноқор фестивальдерде жүлделі орындарды иеленген жобаларға қолдау көрсетіп келеді. Дөңгелек үстелге халықаралық жетек­ші киноқорлары мен Орталық Азия және Қазақстан аумағында ынты­мақтастық тәжірибесі бар продюсерлер қатысады.

«Еуразия» кинофестивалі аясында әлемнің жетекші кине­матографистерінің қатысуымен дәс­түрлі шеберлік дәрістері ұйым­дастырылады. Жас кинотанушылар үшін Францияның белгілі киносыншысы Мэтью Даррас, америкалық сценарист Дэвид Фрацони шеберлік дәрістерін жүргізбек. Сәті түсе бермейтін шеберлік сағаттарына өнер саласында оқитын жоғары оқу орны студенттері мен кинематографистер арнайы іріктелініп алынады. Продюсерлік бойынша шеберлік кластарын америкалық продюсер «300 спартандық», «Алек­сандр», «Соғыс тәңірі: өлімнен де күштілер» фильмдерін түсірген Джанни Нуннари өткізбек.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар