Ал өзі соғысқа 1942 жылы ақпан айында алынды. Сегіз айға созылған әскери жаттығудан кейін бұларды Сталинградты қорғауға әкелді. Пулеметші Пірназар Мырзатаев мұнан кейін 11-атқыштар полкі құрамында Киев, Харьков, Минск, Кишинев, Варшава, Будапешт, Вена қалаларын азат етуге бастан-аяқ қатысты. Ең әуелі пулеметшілерді көздейтін жау мергендерінің талай оғынан аман қалды.
Жеңіс күнін Мельк қаласында қарсы алды. Байқайды, немістер бұларды бейбіт жұртқа адам етін жеуден қаймықпайтын қаныпезер етіп көрсетіп қойған сияқты. «Сталин – гут, Гитлер – капут» деген ұран көтерген жұрт бұлар жақындаса жылап қоя береді. Бұлар сондай топтың біріне келіп, өздерінің ешкімге тимейтінін, егер бұлар тарапынан сондай жағдай бола қалса кінәлі сарбазды қатаң жазалайтындықтарын ыммен түсіндірді. Осыдан кейін жергілікті жұрттың көңіліндегі алаңы сейілгендей болып еді.
Көп ұзамай полк командирінің өзі келіп, мыңдаған жауынгердің ішінен 37 сарбазды таңдап алды. Пулеметші Пірназар сол отыз жетінің қатарында шекарадағы Гмюнд қаласының әскери комендантурасында қызмет етті. Әсілі қазақ «бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегенді тегін айтпайды ғой. Бұлардан сәл бұрын қайтқандар иесіз қалған үйлерден жиған олжаларын жасырып алып кеткен еді. Вагондарға сықай тиеген сол мүлік-мүккәмалдарымен бірге Карпат таулары етегінде минаға ұрыныпты. Соғыста еш сапердің назарына ілінбеген қауіпті қару үйлеріне жеңіспен оралып келе жатқан жүздеген жауынгердің өмірін осылайша жалмап кетіпті. Гмюндта жылдан астам қызмет етіп, кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені мен бірнеше медаль жарқыраған майдангер туып-өскен Қазалысына қайтты.
Ғасыр жасаған жауынгердің кейде бұрынғыны көз алдынан өткізіп, ойға шоматыны бар. Қарап отырса, баяғы кезеңнен бұл қимайтындай ештеңе жоқ екен. Қайта кеңестік саясат бұлардың әулетіне бар салқынын тигізіп-ақ бағыпты. Әкесі Құлсары елге белгілі діндар адам еді. Бұл комсомолға өтерде «молданың баласы» деп саусақ шошайтқандар көбейгесін атасы Мырзатайдың атына жазылды. Соғыстан кейін тұралаған ауыл тірлігін түзеуге кірісті. Фермада есепші болды, сауда саласында, балық зауытында жұмыс істеді.
Соғыс пен еңбек майданынан өткен ардагер өзіне көрсетілген құрметке риза. Осыдан 6 жыл бұрын жергілікті әкімдік аудан орталығы Әйтеке би кентінен үй де салып берді.
Жеңістің жүз жастағы жауынгері қазір бір үлкен әулеттің алып бәйтерегі іспетті. Он баладан тараған ұрпақтарының қызығына кенеліп отырған майдангер өзі қолына қару алып қорғаған тыныштықтың енді ешқашан бұзылмауын тілейді.
Қызылорда