Қоғам • 18 Наурыз, 2020

Көше тәртібін сақтамайтындар көп

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл – шағын қала. Шаһарда көлікті сағатына 60 шақырым жылдамдықтан асырмай-ақ баратын жеріңе тез жетесің. Бірақ соған қарамай бұзып-жарып жұрттан озатын, жан-жағындағы кісілерді сыйламайтын, орынсыз дабыл бергіш, мәдениетсіз жүргізушілер өте көп.

Көше тәртібін сақтамайтындар көп

Сондай азаматтардың бірі жуырда жол жүру ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Toyota Hilux автокөлігіне мінген оның апатты жағдай туғызған жүрісін артындағы жүргізуші бейнекөрініске түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып қойған еді, қолданушылар оны қызу талқылады. Автопатруль полицейлері желіде жарияланған бейнематериалдар бойынша оны оңай ұстады. Сөйтіп 30 жастағы қала тұрғыны жолдың қарсы жо­лағына шыққаны және жол ережесін бұзып, апатты жағдай туғызғаны үшін Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 80 мың теңге айыппұл төлейтін болды.

Мұны естіген қала тұрғын­дары қуанып, «сауап болды» десіп жатыр. Енді осы жүргізу­ші­нің қылығы басқаларға да са­бақ болса, тіпті жақсы болар еді. Бірақ соған мән беріп жат­қандар жоқтың қасы сияқты. Өйт­кені жол жүру ережесі ғана емес, қала мәдениетінен ха­бары жұрдай адамдар азайып жатқан жоқ. Петропавлдық жол сақшыларының әлеуметтік же­лілер арқылы жол үстіндегі заң бұзушыларды жазалауының бұл бірінші фактісі емес. Қаңтар айында қаланың екі есерсоқ тұрғыны қалың төсенішті көлікке тіркеп алып, сырғанағандарын да жазған едік. Екеуі де айып­пұлмен жазаланған. Бірақ нә­тиже шамалы болып тұр. «Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақ­тауға кеңес береміз. Сондай-ақ құқық бұзушылық көр­­сетіл­ген бейнежазба әкім­шілік жауап­кер­шілікке тарту үшін негіз бола­тынын естеріңізге саламыз. Әрбір жаяу жүргінші мен жүр­гізуші полицейлердің бей­нетір­кегішінің, Жедел бас­қару орталығы камералары мен басқа да техникалық құ­рыл­ғы­лар­дың бақылауында екенін естен шығармауы тиіс. Жол қоз­ғалысы ережесін сақтау – сіз­дердің қауіп­сіздіктеріңіздің ке­пілі екенін ұмытпаңыздар», деді ПД жер­гі­лікті полиция қызметі бас­қар­масының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов. Естір құлақ болса, мұндай ескертулер үнемі айтылуда. Дегенмен, жазаны ауырлатпай, тәртіп орнай қоймайтын сияқты.

 

ПЕТРОПАВЛ

 

Соңғы жаңалықтар