Руханият • 18 Наурыз, 2020

Мәнері бөлек Мархабат

640 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне (ағылшын, араб, француз, қытай, испан, орыс) аударылған заманауи қазақ прозасының антологиясы жарық көрді. Антология 60 мың данамен шығып, әлемнің 93 елінің кітапхана, университет, зерттеу орталықтарына жеткізілді. Осылайша дүниежүзі оқырмандары қазақ халқының тыныс-тіршілігімен, болмыс-бітімімен танысатын болады.

Мәнері бөлек Мархабат

Аталған антологияға танымал жазушы-журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лау­реаты Мархабат Байғұттың шығармалары да енді. Қазақ прозасында алар орны ерекше, әдебиетсүйер қауымға қысқа да терең мағыналы әңгімелерімен танымал Мархабат Байғұттың өзгелерге ұқсамайтын мәнері оқырманды өзіне бірден баурап алады. «Менің ойыма орыстың классик жазушысы Андрей Платоновтың «А без меня народ не полный» деген сөзі еске түседі. «Менсіз халық толық емес» дегені ғой. Осы секілді Мархабат болмаса қазақ прозасы толық емес», дейді танымал ақын Нармахан Бегалы қаламдасының әдебиеттегі орны туралы.

Заманауи қазақ прозасының антологиясына Мархабат Байғұт туындыларының енгізілуі – аталған жинақтың құндылығын арттырып отыр. Жазушының шығармаларында қазақ ұлтының дархан пейілі, ақ-еділ көңілі, қулық-сұмдық, арамдығы жоқ болмысы, жанының кіршіксіз тазалығы көрініс табады. Әлем халқы қазақ елінің тіршілігіне Мархабат Байғұттың «көзімен» қарайтыны бізді қуантып отыр. Қазақ елінің имиджін арттыруда, бай тарихын насихаттауда, кешегісі мен бүгінін танытуда, ұлы дала тұрғындарының экзотикалық мінезін ашуда жазушы шығармаларының алар орны ерекше. Жазушының кейіпкерлері сан алуан. Қарапайым ауыл тұрғындарынан бастап әкімдерге дейін әңгімелерінен табылады. 2012 жылы жазушы «Әкімнің әйелі» деген әңгіме жазған болатын. Осы әңгіме былтыр Ташкентте өзбекшеге аударылып «Жаһон адабиети» журналында басылды. Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиеев «Хокимнинг хотини» әңгімесін оқып, әкімдермен өткен жиында «Қазақ жазушысының мына әңгімесін әйелдеріңізбен бірге оқыңыздар», депті. Әңгімені аударған Мехмонкул Исломкулов Өзбекстанда «Жылдың үздік аудармашысы» аталымына ие болған. Осылайша Мархабат Байғұттың әңгімесі өзбек тәржімашысының бағын ашты.

 

Түркістан облысы