Алғашқы онлайн-брифингті Алматы қаласы полиция Департаментінің басшысы Қанат Даниярұлы Таймерденов өткізді. Департамент басшысы төмендегідей мәлімдеме жасады.
«Құрметті азаматтар, өздеріңіз білетіндей күні кеше еліміздің аумағында Мемлекет басшысы өкіммен төтенше жағдай жарияланған болатын.
Осы орайда қала гарнизонының жеке құрамы қызмет етудің күшейтілген деңгейіне көшті.
Полицияның негізгі міндеттері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда Департамент тарапыннан коронавирустық инфекцияның алдын алуға және оған тосқауыл қоюға бағытталған шаралар жасалуда.
Басқа да мемлекеттік органдармен біріге отырып, инфекцияға душар болған азаматтармен қатынаста болған жандарды іздестіруде. Бүгінгі күні осындай 798 азаматтар саны анықталып, олар медициналық мекемелерге жеткізілді.
Аса маңызды мемлекеттік нысандар мен мекемелер тәулік бойында күзетілуде. ҚР Президенті қарамағындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссиясының шешімімен 19 наурыз сағ. 00-00 бастап карантин режимі енгізіледі.
Басты мақсат қаланың сыртқы аумағын бақылап және қаланың ішіндегі карантин режимін қатаң қадағалау арқылы инфекцияның таралуын тоқтату.
Алматының шекарасынан автокөліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады, осыған байланысты қаланың барлық кіре берістеріне және 10 магистральға 27 блок пост қойылады, ол жерге күнделікті полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министірлігі жауынгерлері жұмылдырылады.
Полиция департаментінде колл-центр құрылып, азаматтардың барлық сұрақтарына жедел жауап беріледі. Құрметті азаматтар сіздерден ІІО тарапынан жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарауын сұраймыз. Өйткені олар Сіздің және Сіздің жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бағытталған», деді Алматы қаласы полиция Департаментінің басшысы Қанат Таймерденов
АЛМАТЫ