Карантин кезінде энергокешендегі барлық мекемелер штаттық режимде жұмыс істейді екен. Барлық қызмет көрсету істері, қызмет ақысын төлеу де онлайн-режимде жүргізіледі.
Қалада су, жылу, газ жеткізетін түрлі мекемелер бар. Төтенше жағдай кезінде олар барынша сапалы қызмет жасауға тырысады. Осы ретте қалада әр мекемеден біріккенде 100 апаттық топ құрылды. Жұмысшылардың барлығы қауіпсіздікке байланысты маскамен және қол жуатын антисептиктермен қамтамасыз етілді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар тағы бір айта кететін мәселе, бүгінде энергокешен қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен. «Алматы жылу желілері», «Алматы су», «Алматы қала жарық» мекемелері, тіпті «Алатау жарық» компаниясы да онлайн-режимде жұмыс істейді. «Бүкіл жұмыс қалыпты жағдайда болады, сапа төмендемейді», – деді Әсет Масабаев.
Бір ескере кететін жағдай, қандай жағдай болмасын, қалалық Open Almaty мекемесіне немесе аталмыш басқарма телефондарына тұрғындар хабарласатын болса, олардың сұрақтарына толық жауап берілетін болады. Басқарма мамандары тұрғындарды коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуге толық дайын.
– Бізге қарасты мекемелерде 4 мыңнан аса қызметкер бар. Бұл – үлкен күш. Сондықтан бұл мәселеде ешқандай проблема болмайды деп сенемін. Егер қандай да бір авариялық жағдай орын алса, біз оны тез арада қалпына келтіруге тырысатын боламыз, – деді басқарма басшысы.
АЛМАТЫ